АСЫЛБЕК ӘУЕЗХАНҰЛЫ: «БІЗ БАЙҚАУСЫЗДА МЕМЛЕКЕТТІК ЖҮЙЕМІЗДІ ШІРІТІП АЛДЫҚ...»
АСЫЛБЕК ӘУЕЗХАНҰЛЫ: «БІЗ БАЙҚАУСЫЗДА МЕМЛЕКЕТТІК ЖҮЙЕМІЗДІ ШІРІТІП АЛДЫҚ...»
25.02.2022 16:54
262
0

 

–       Асылбек Әуезханұлы, біздің редакцияға қош келдіңіз! Өзіңізді көргенімізге қуаныштымыз! Ел өзіңізді таниды, біледі, сонда да біздің оқырмандарымыз үшін өзіңіз туралы, еңбек жолыңыз жөнінде айтып өтсеңіз?

–       Рахмет, Назипа Дарханбайқызы! Осындай  республикалық деңгейдегі үлкен саяси мінбердегі газетке  сұхбат беруге шақырғандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Мен осы оңтүстік өңірінің тумасымын.  Еңбек жолыма келсек, тұп-тура 10 жыл білім және ғылым саласында, одан арғы 10 жыл діни салада жұмыс жасаған екенмін. Бірақ қайда жүрсем де, жұртымыздың рухани, тарихи ұлттық құндылықтары, діни саладағы қазыналары тұрғысында  жұмыс жасадым. Жалпы, 20 жылдық өмір тәжірибем елдің рухани құндылықтарын жоқтау, соны іздестіру, халықтың ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан мол мұраларын елге  насихаттау бағытында өтті. Бұған, әрине, шүкіршілік етемін. Тәубә! Осы уақытқа дейін 3 кітап және 150-ден астам танымдық ғылыми мақалалар жаздым. Саяси бағытта әңгіме айтатындай саясаткер емеспін, бірақ елдің арасында, қалың халықтың ортасында жүрген азамат ретінде және сіздің Шымкент қалалық мәслихатының депутаты ретінде осы сұхбатымыз тиісті мәртебедегі кісілердің құлағына жетеді деген  мақсатпен сұхбатты беруге келісім беріп отырмын.

–       Рахмет! Еліміздегі бай мен кедейдің арасы өте алшақ болып кетті. Соның арқасында ашынған халық көтеріліске шығып, соңы үлкен қақтығысқа ұласты... Кешегі қаңтардағы қақтығыс бойынша ойыңызды айтсаңыз? Билік не істеу керек? Халық қалай қабылдау керек?

-         Бұл сұрағыңызға жауапты жақында ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың айтқан бір сөзінен алмақпын. Ол «Нұр-Отан» партиясының кезектен тыс XXI Съезінде: “Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ! Жұмыс істемей, қол қусырып отырған адам ғана қателеспейді», - деген сөзді айтты. Осы бір ауыз сөздің астарында бірталай мән жатыр.

Біз, Қазақстан, негізі қателесіп қалдық. Сол қателесудің нәтижесінде біз байқаусызда 30 жыл бойы мемлекеттік жүйемізді шірітіп алдық. Байқаусызда біз өзіміздің сот жүйемізді, құқықтық саламызды шірітіп алдық, байқаусызда халықтың билікке деген наразылығын тудырып алдық. Мен өзім «қателеспейтін адам жоқ» дегеннің астарында осы жағдай жатыр деп ойлаймын. Бірақ бұл өзі бір үлкен, ауыр қателік болды. Әсіресе, соңғы жылдарда халық өте қатты наразы болғаны сондай, жылдар бойы сыздап, жарылуға таяп тұрған сыздауық «жарылып кетті». Бір Жаңаөзен қаласында ғана емес, барлық өңірде, ірі қалаларда әсіресе жастар көшеге шығып өз наразылықтарын білдірді.

Ал енді осы қателіктерді жік-жікке бөлетін болсақ, бірінші қателік менің ойымша биліктің халыққа өтірік айтуы. Біздің түбімізге, бұрынғы мемлекеттің түбіне жеткен – өтірік айту. Өтірік мәлімет беру, есептерді өтірік цифрмен жабу, халыққа жоқ нәрсені бар деп, бар нәрсені жоқ деп айту... Соның нәтижесінде халық пен биліктің арасы өте қатты алшақтап кетті. Бұны түзетудің бірінші талабы – мемлекеттің айтатыны  тек қана шындық болу керек. Өзінің елін ешқашан өтірік сөзбен алдамауы керек. Қазақта:  «Атаңның өлгенін жасырасың, көмгенде қайтесің?»-деген сөз бар емес пе? Шындық бәрібір түбінде қалқып судың бетіне шығады. Жоқты жоқ, барды бар деп айту керек. Өтіміз жарылып жатса да! Өйткені түптеп келгенде, шындықтың артынан мол береке келеді. Өтіріктің емес! Кім болсақ та, азамат ретінде елдің бетіне тура қарап, шындықты айта білуді үйренсек, мемлекетіміз кері кетпейді.

Жалпы, шындықты айту анау айтқандай қиын нәрсе емес. Елдің тізгінін шыншыл адамдар ұстаған болса сол адамдарды халық бүгінге дейін құрметтейді. Мысалы, Дінмұхаммед Қонаев атамыз неге бүгінге дейін өзінің биік рухани тұғырынан түспей тұр? Себебі ол кісі өте шыншыл болған. Өтірік айтпаған. Жұмабек Тәшенов, Асанбай Асқаровтар өте  шыншыл болған. Өзінің елін, халқын алдамаған. Бұл мәселенің бір жағы.

Ал екінші жағынан, халқы  да билігі туралы өсек айтпауы керек!  Кезінде Қашаған би: «Елдің бірлігі мен ынтымағы өсек пен көреалмаушылықтан бұзылады» деп кеткен. Ел өсекке беріліп кетсе, елден береке қаша бастайды. Бұл заңдылық!  Ал өсек жайдан-жай шықпайды. Билік айтқан өтіріктерден шығады. Халықтың билік туралы айтып жүрген сөздерінің бір парасы шындық болғанымен, сонымен аралас өсек әңгіме де тарап жатады. Сөйтіп елдің ішіне оттай тарайды.

Үшіншіден, біз сол 30 жылдың ішінде өзімізді ауру емес, сау мемлекет сияқты көрсеткіміз келді. Бірақ, шын мәнінде,  ауруымызды жылдар бойы жасырып келгенбіз. Қалың халық өз тізгінін билікке басыбайлы тапсырып, өзі 30 жыл бойы бақытты өмір күтіп келді. Өкінішке қарай, ол бақытты өмірге қол жеткізе алмады. Керісінше, әлеуметтік ахуал күрделеніп кетті. «Қателескен мемлекетте» өмір сүріп  келгеннен болса керек, кімге сенерін білмей қалды. Сенім жоқ. Елдің ішінде сенімнен  көрі  күмән басым. Қанша жақсылық жоспар айтатын болсаңда халық қазір сенбейді. Өйткені сенім жоғалды.  Енді биліктің ең бірінші мәселесі халықтың сенімін қайта оятып, билікке сенетіндей жағдай тудыру керек.

–       Ол үшін не істеу керек?

–        Бір сөзбен айтқан да ол үшін билік те, хан да, қара да өзінің ұлтын жақсы көру керек. Өзінің халқын жақсы көрген кезде  барлық нәрсе  ұлт жандылық деген негізгі ұлттық идеологияға  сәйкес өтетін болады. Бізде қазір ұлттық идеологиямыз тоқырап тұр. Бұл жасыратын нәрсе емес. Ішкі саясатымыз идеядан, идеологиядан тоқырап отыр. Еңбектеген сәбиден, еңкейген қарияға дейін түгел басын біріктіретін ұлттық идеологиямыз жоқ. Оны біз мойындауымыз керек.

–       Ұлттық идеяны жасау,  ондай мамандарды даярлау үшін қанша уақыт керек? Ұлттық идеологияны қанша уақытта жүзеге асыра аламыз?

–       Жалпы ұлттық идеология үшін ең алдымен үлкен концепция жасау керек.Мемлекет басшысы 11 қаңтарда өзінің биылғы алғашқы үндеуін жасағанда айтқан бүкіл бұрынғы жүйедегі проблемалардың барлығы, түптеп келгенде, ұлттық идеяның жоқтығынан. Байқасақ, оның түйіні, өзегі сол жерде тұр. Көп проблемаларды шешіңдер деп тапсырма берілді. Мысалы, жас жігіттер неге әскерге барғысы келмейді? Біздің арнайы жасағымыз  неге әлсіз? Неге жұрт өзінің отанын қорғаумен айналысқысы келмейді? Бұл – проблема! Сол кезде өз басым бұның шешілу жолы да ұлттық идеологияда деп ойладым.

–       Ұлттық идея деп нені меңзеп отырсыз сонда?

–       Ұлттық идеяның ішінде де қазір әркім әр нәрсені айтып жатыр ғой.  Бүгінге дейін біз «Мәңгілік Ел»  мен «Рухани жаңғыруды»  ұлттық идея жасағымыз келді. Бірақ ол  идея бола алмады, өкінішке қарай. Бірі өміршең болмады, екіншісі науқаншылыққа салынды да, жеке бір  адамның идеясын насихаттауға айналып кетті. Бұл үлкен қателік.

Ал енді ұлттық идеяға қанша уақыт кетеді дегеннен бұрын, қандай ұлттық идея қажет деген сұрақ қажет. Ұлттық идея – ұлтжандылық, ұлтты сүю деген болу керек. Жұрттың бәрі ұлтын сүюі керек. Әкім өзінің ұлтын сүйетін болса, депутаттар өзінің ұлтын сүйетін болса, жастар өзінің ұлтын сүйетін болса, ұлты үшін, елі үшін бәріне дайын болатын болса бізге бұдан асқан идеология керек пе?

Міне, өзек осы жерде жатыр. Біз ұлтымызды жақсы көрмей қалдық. Қара басымыз ұлттық идеологиядан жоғары тұрып кетті. Мемлекеттік қызметке барған кезде адамдар ұлттың идеясын дамытамын, ұлтымның көсегесін көгертем, ұлтыма қызмет етемін деп емес, өзінің қара басын қайтсем жақсартам, қайтсем жақсылыққа жетем деген санаға ауысып кетті. Бұл баяғы біздің құлдық сана деген мәселеден арылмағанымыз. Құлдық санадан, ұлттық санаға көтерілетін кез келді қазір. Рулық санадан да, тайпалық санадан да, жүздік санадан да өтіп ұлттық санаға көтеріліп, үлкен деңгейге жететін уақыт келді қазір.

–       Ұлттық санаға жету үшін алғашқы баспалдақтарын неден бастауға болады? Мемлекеттік қызметкерлер түсінер, ал қарапайым халыққа қалай түсіндіреміз?

–       Біз, бірінші, барлық заңды, барлық шешімдерді халықтың  тұрмысына қарай жасауымыз керек. Қарапайым мысал келтірер болсақ, қоғамдық көлікте жүретін кісілер мәз болып жүрген адамдар емес қазір. Мысалы, сол қоғамдық көлікті тегін болсын деп заң шығарсыншы. Өйткені жекеменшік көлік мінуге шамасы жетпегендер қоғамдық көлікпен жүреді. Өзінің 42-43 мың теңге жалақысының белгілі бір бөлігін сол қоғамдық көлікке төлейді. Осыны неге тегін қылып қоймасқа? Автобустың парктеріне мемлекеттен субсидия бөліп, жанар-жағармайын беріп «сендер тегін қызмет етіңдер» деп. Бірінші осыны жасаса.

Екінші, халықтың денсаулығын тексертетін медициналық қызметтерді тегін қылса, кез-келген ауруға тегін ота жасаса, жақсы мамандар оқытып, кадр дайындау тегін болса, білім алу тегін болса, оған біздің шамамыз жетеді. Ешқандай қиындығы жоқ ол істің. Ең бірінші шараларды халық жағдайына қарай жасау керек, әсіресе дәл қазір жасалуы керек.  Өйткені халықтың ішіндегі от әлі басылған жоқ. Оң жақтан бір жел, сол жақтан бір жел тұрса ол үлкен өртке айналып кетуі де мүмкін. Ол кезде оны сөндіру мүмкін болмай қалады. Қазір, Аллаға шүкір, ол  тоқтады. Енді еліміздің бағына қарай үлкен тыныштықтың мүмкіншілігі беріліп тұр. Осы аз ғана уақытты ел үшін, ұлт үшін жасалатын жұмыстарға беретін болсақ жақсылықтың ауылы алыс емес! Қазір мысалы бірнеше министрліктер ауысты, ол министрліктердің қазір елдің ішіне шығып біте қайнасып кетуін, ауқымды істермен айналысып жатқанын көрген жоқпын әлі. Бір ай аз уақыт емес. Бір айдың ішінде бірталай жақсылықтар жасап қоюға болар еді. Жоқ емес, әрине! Жақсылықтар жасалып жатыр, бірақ тиісті деңгейде ұлттың, халықтың мүддесін бірініші орынға қойып  жасалып жатқан жоқ. Егер сондай бірнеше халықтың билікке  деген сенімін ұялататын бірнеше сенімді, нақты қадамдар жасалатын болса, онда халық та ойланады.

Оларға не керек? Оларға бала-шағасының амандығы керек, білімді болғаны керек, қарны тоқ, көйлегі көк болғаны керек. Сол нәрсені жасап берейік.

Біз Ұлы Түркі империясының ұрпақтары емеспіз бе? Кезінде Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған бабаларымыз  «Түнде ұйқы көрмедім, күндіз күлкі көрмедім, қызыл қаным төгілді, қара терім төгілді,  күшімді сарқа жұмсадым, жауға да шаптым құрсанып — бәрі елім үшін!»-дейді. «Қайтсем мен аз халықты көп қылам, аш халықты тоқ қыламын?» деген идея жаман ба? Заңдылықтардың барлығын тек биліктің, қаражаттың призмасынан қарайтын болсақ онда ол тағы да халыққа ұнамайды. Сондықтан бірінші жасалу керек мәселелер осы ұлттың еншісіне, пайдасына жасалуы керек және ол кешіктірілмей, тез арада жасалуы керек.

–       Еліміздегі тағы бір өзекті мәселенің бірі - жастар. Жастардың жұмыссыздығы,  шет ел асып жұмыс іздеп кетуі, патриоттық сезімнің жоқтығы, көпке топырақ шашпаймын, бірақ өз отанын қорғауға барғысы келмейтіндігі, елім, жерім, Қазақстаным дейтін жастар азайып барады. Осы жағынан шынайы ойыңызды білсек?

–       Бұл мәселенің екі жағы бар. Жастар неге елім, жерім демейді? Өйткені оның жері сатылып бара жатыр. Шетелдік мәселесін қозғап жатқан жоқпын, мысалы малын жайып отырған жердің бәрі жекеменшікке ауысып кетті. Қазір біздің тауларымыз, сулы, нулы жерлеріміз, шөбі көп шүйгін жерлерімідің бәрі жекеменшік жерлерге өтіп кетті. Қарапайым халық малын жая алмай қалды.  Аймақтардағы, ауылды жерлердегі негізгі тіршілік көзі мал шаруашылығы емес пе еді? Содан кейін өзінің бес-алты малын үйіне ғана сақтап, жайылымға шығара алмаған бала Қазақстанның қай жерін қорғайды? Бүйткен жері құрсын демей ме? Оған өзінің үйі ғана керек, өйткені ол анау менің жерім деп айта алмайды.

Қазір қаражаты бар адамға бүкіл байлығымыздың бәрін жекеменшікке беріп қоятын болсақ, ол  сол бір адамның бабасынан қалған мұра емес қой. Ол осы бүкіл елдің бабасынан қалған мұра, бабаларымыз жанын берген, қанын төккен. Демек ол ортақ мұра. Осы ортақ мұраларды халыққа қайтадан ортақ етіп үлестіретін болса... мысалы Шымкенттің айналасындағы гектар-гектар жерлердің бәрін  санаулы ғана адамдарға беріп қоятын болсаң сонда не болды? Бай адамға «сен бай екенсің, мына жердің бәрін сен ал», «ал сенің тұрмысың нашар, сен үйіңде отыр» деп қалай айта аламыз біз? Наразылық осы жерден тумай ма? Демократияның жоқтығы осы жерден байқалмай ма.  Мынау сенің жерің, мына жерде ем аласың, мына жерде білім аласың деп еліне жағдай жасап тұратын болса халық неге наразы болсын? Сондай жағдайлар жоқ болғаннан кейін, қиналғаннан бірін-бірге жалғай алмаған соң, алған 40 мың жалақысының бір күн базарға барғанда жиырма бес-отыз мыңын азық-түлік алуға жұмсап қояды. Бір күнде бір айлықты құртқан адам қалған жиырма тоғыз күнде кіжінеумен өтеді.

Өйткені тапқаны жетпейді! Біреуден қарыз алумен өтсе, өзіне киім ала-алмаса, бала-шағасын дұрыстап асырай алмаса наразы болмай қайтеді?  Әрине, ол наразы болады. Жастар бұл менің мемлекетім деп айтпайды. Егер мемлекеттен халыққа, жастарға деп жағдай жасалатын болса, онда жастар өздері «Мен барамын!» - деп шығады. Сол жағдайы жасалған мемлекетке қарай өздері ұмтылар еді олар. Сондықтан жастар елін қорғасын десек, ол менің елім, менің жерім дейтіндей елі мен жері болу керек. Сол кезде ғана ұлттық патриотизм туады. Қазір жоқ жерден барып, он баланы алып келіп, сен еліңді сүй, сен жеріңді сүй деп мың жерден ақыл айтқанмен пайда жоқ. Мәселе осы жерде...

Қазір соңғы кездерде білуімше жастарға 6 айлық оқу курстары беріліп жатыр. Осыны ұйымдастыратын белгілі бір ұйымдарға мемлекеттен  қаржы бөлініп,  жастарға кәсіп үйрету қолға алынып жатыр. Бұл жақсы бастама деп ойлаймын.  Осындай түрлі-түрлі кәсіпке,  мысалы қыздарға арналған киім тігу,  дизайнерлік курстар,  ас пісіру,  тәттілер пісіру сынды түрлі кәсіптерді үйрететін болсақ жұмыссыз қалмайды деп ойлаймын.

Дәл осылай ер жігіттерге арналған түрлі кәсіптік курстарды ұйымдастырып, отбасын асырай алатындай, өз басын алып жүре алатындай жалақысы бар жұмыстарға орналастыратын болсақ,  онда шетелге кетпейді. Шет елге кетіп жатқан себебі, олар мұнда өз бала-шағасын асырай алмай жатыр.  Бірді-бірге жалғап, жеткізе алмаған себепті олар елін, жерін тастап шет елге кетуде. Білімі жоқ. Оқиын десе оқу жоқ,  қазір барлығы ақылы. Қазір білім бірінші орынға шықты.  Білімі бар қолынан іс келетін,  іскер адамдардың заманы келе жатыр.  Сондықтан біз жастарға іскер болудың жолын ұсынуымыз керек. Сонда жастар ешқайда кетпейді. Елін сүйетін болады. Мемлекет  мықты бағдарламалар құру керек. 

–       Қазіргі таңда қазақ әйелі көшеге бас көтеріп көп шығады. Билікке көп балалы анамын, мүгедек балам бар,  бала-шағамды асырай алмай жатырмын деген сынды уәждер айтылады. Бұған билікті, қоғамды кінәламаймыз. Жалпы кім кінәлі?

–       Мемлекеттің,ұлттың ең негізгі қоры аналар мен жастар.   Ең бірінші аналар мен жастарға жағдай қарастыратын болсақ көп нәрсе өзгереді. Бұл да сол біздің ұлттық қорымыз деп саналатын аналар қауымына  мемлекеттен дұрыс көңіл бөлмегеннен деп ойлаймын. Дүниеге бала әкелудің өзі үлкен іс. Соны жеті  жыл тәрбиелеп, жетіге толғанда мектеп берудің,  өсіріп ер жеткізіп,  бой жеткізіп мемлекеттің додасына қосып берудің өзі үлкен іс. Ол маман дайындаудан да жауапты іс. Мемлекетке деген одан артық қызмет жоқ негізі. Соны бағалап, аналардың бала босанғаннан кейін алатын ақысын тиісті деңгейде жоғарылататын болсақ, оған еліміздің жағдайы жетеді. Мысалы, мұнай, атом,  уран саласындағы кәсіпорындар мен зауыттардың  салығы мен пайдасының өзін осы әлеуметтік салаға бұратын болсақ,  біздің жағдайымыз жаман болмайды. Жеке қалтаға емес, ортақ мүддеге қарай жұмсауды үйренуіміз керек.  Осының платформасын жасау керек.  Мемлекеттің кірістерін бөлген кезде оның ең үлкен бөлігі әйел азаматшаларға тиесілі болу керек. Сонда әйелдер разы болады,  наразы болмайды. Ал дүниеге бала әкелмесе тағы болмайды. Онсыз да қазір көп адамдар бір немесе екі баламен шектеліп жатр. Біздің ұлттық санамызға, ұлттық тарихымызға жараспайтын іс бұл.  Он – он екі баламен өскен іргелі, ұрпағы қаулап өсіп келе жатқан қазақ деген ел үшін  бір-екі баламен шектелу қасіретпен тең нәрсе.

–       Ұрыс-керіс,  ажырасулар көбейіп кетті. Бала туудан халқымыз шектеліп қалды. Себеп?

–       Сол бала-шағаны асырай алмағаннан, дұрыстап өсіре алмағаннан. Ал енді осыны қолға алатын болсақ,  аналар үйінде алаңсыз отырып баласын тәрбиелейтін болса, елдің тізгінін ұстайтын адамды әйел тәрбиелейді, негізі. «Сенің анаң ана екен, ана болғанда да дана екен» деп кезінде Жәнібекке айтқандай аналар тәрбиелейді даналарды. Алаңсыз үйде отырып бала тәрбиелеу  үшін олардың алатын жәрдемақысы жоғары болуы керек. Мемлекеттің шамасы оған жетеді. Дұрыс приоритетті қоя алмағаннан осындай болады.  Біз үшін бірінші орында не тұрады дегенде, саясат немесе экономика дейміз. Саясат немесе экономика тұрмайды. Бірінші идеология, одан кейін әлеуметтік сала, содан соң барып саясат пен экономикалық сала тұратын болса жақсы болады деп ойлаймын. Бізде фундаментінде идеология жоқ,  әлеуметтік саламыз жермен-жексен болып жатыр. Қандай экономика мен саясат туралы айтуға болады бұл жерде?

–       Қазақстанда кадр жетіспеушілігі көрініп тұр, кезінде өзінің деңгейін, абройын түсіріп алғандар қайта билікке келіп жатыр.  Сонда бұл өткеніміз қайталануы мүмкін бе деген сұрақты туындатады.

–       «Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда барады» - деген сөзді қалай түсінеміз?  Бір маман екі басшының қол астында жұмыс істегенде екі түрлі жұмыс істеуі мүмкін. Кез-келген маман өзінің басшысының ыңғайына жұмыс жасайды. Басшысы не талап етеді соны жасайды. Егер оның басшысы қомағайлыққа қарай итеріп отырса өзі де басшысы да қомағай болады.  Егер дәл сол адамды басшысы  тазалыққа,  дұрыс қызмет етуге қарай итермелесе ол адамның қолынан жақсы істер жасау да келеді.  Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл кісі жастардан кадрлық резерв жасаған болатын. Сол кадрлық резервте  жақсы адамдар бар деп ойлаймын. Сол жастардың арасына үлкен тәжірибесі бар адамдарды да қолдырайық деді. Тәжірибесі бар адамдар дұрыс жұмыстарын алып кетіп жатса орнында қалдырамыз, егер дұрыс жұмыс атқармаса олардың да орнын ауыстырамыз деді.  Жалпы кадрлық ауыс-түйісті осылай түсіндірді ол кісі.  Енді барымен базар болады. Ел іші жақсы адамдардың кеніші. Жақсы адам бар және  көп. Ақылды, ұлтын сүйетін адамдармен кеңес көбею керек. Мейлі олардың саяси көзқарастары тура келсін-келмесін. Солардың ақылын алуымыз керек. Елдің тағдырын шешетін кездерде сол кісілерді пайдаланып, ақылына жүгінуіміз керек. Саяси көзқарасы дұрыс емес деп барлық адамдарды биліктен шеттететін болсақ, олармен кеңес жасамайтын болсақ,  онда өз ішімізде ала-құла боламыз.  Сондықтан қазір бір кісінің баласындай,  бір қолдың саласындай   болуымыз керек. Дипломатия деген осындайда керек.

–       Кешегі қаңтар қырғынында жазықсыз бейбіт азаматтарды ұрып – соғу, әлімжеттік жасау, қамауға алу сынды жағдайлары көп болды. Қылмысқа қатысы жоқ, жұмысқа кетіп  не болмаса өз жұмыстарымен жүрген қарапайым халықтар әскерилердің қолынан оққа ұшып жатты. Халықтың жанына тиген жара болып тұр. Осы жөнінде ойыңызды білсек...

–       Дәл қазір ең өзекті мәселе осы болып тұр. Соның ішінде Ішкі істер министрлігі және соған қарасты облыстардағы полиция департаменттерінің істері халық тарапынан озбырлық, өте қатты жауыздық,  жыртқыштық деп бағаланып отыр.  Адам өзінің туған халқына, қандасына бұндай озбырлық жасамау керек. Бұл нәрсені Ішкі істер министрлігі, соның ішінде Ерлан Тұрғынбаев  ойланып,  дұрыс шешім қабылдау керек еді деп ойлаймын. Бұл мәселе қазір кептелісте тұрып қалды.

Бейбіт адамдардың заңсыз түрде ұсталып,  заңсыз тергеліп,  заңсыз азапқа ұшырап  жатқаны халықтың наразылығын өте қатты тудырып жатқан негізгі мәселе болып тұр. Сондықтан бұл мәселені тезірек қолға алып, жазықсыз адамдарды босату керек. Ішкі істер министрлігі «Біз білмей қалдық» -деп кешірім сұрау керек. Әйтпесе бұрынғы жүйеге ұқсап кетті. Жасамаған нәрсені жасады деп мойындату үшін неше түрлі озбырлық жасалып жатқан кезде ешкім елін сүйеді деп айта алмаймын. Жеке өзімнің ойым осы.

–       Қазіргі таңда белең алып жатқан үлкен мәселе сыбайлас жемқорлық. Қазақстан осы мәселеден қалай шығады?

–       Бұл мәселенің де бір шеті идеологияға,  бір шеті жаңа реформаларға байланысты болады.  Реформа әсіресе ІТ саласын көбірек қолдану арқылы адамдардың мемлекетпен байланысын электронды байланысқа көбірек өткізетін болса, одан кейін тәуелсіз сот деген жүйені орнату керек деп ойлаймын. Сол кезде көп нәрсе өзгереді. Тәуелсіз би болған жағдайда және тәуелсіз БАҚ құралдары болған жағдайда жемқорлықтың жойылуына мүмкіндік бар.  Бірақ түбінде ар тазалығынан шығатын нәрсе.  Ата-бабамыз ар-намысын бірінші орынға қойған ғой. Әр адам өзінің ар тазалығын жоғары қоймайынша жемқорлықтан құтыла алмаймыз. 

–       Асылбек Әуезханұлы, алтын уақытыңызды бөліп, редакциямызға сұхбат бергеніңізге рахмет!

 

ТҮЙІН:

«Жақсымен өткізген жарты сағат жаманның өтіп кеткен өміріндей». Атадан қалған қанатты сөз дәл осы тұста айтылса жарасады. Асылбек Әуезханұлының ортаға салған көркем ойлары бізге өмір бойы азық болар рухани қазына сыйлады. Қазақ «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деп, бекер айтпаса керек.

         Сұхбаттасқан: Назипа Дарханбайқызы

 

0 пікір