АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК САЛА ӨКІЛДЕРІ ШЫМКЕНТКЕ ІС-САПАРМЕН КЕЛДІ
АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК САЛА ӨКІЛДЕРІ ШЫМКЕНТКЕ ІС-САПАРМЕН КЕЛДІ
08.11.2022 19:59
61
0
Атырау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Мақсат – Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының жұмыс методикасымен танысу, әлеуметтік мекемелердің жұмыс барысын көзбен көріп, тәжірибе алмасу.
Арнайы топ құрамында Атырау облысының 7 ауданының әлеуметтік сала жетекшілері бар. Батысқазақстандық әріптестер, бірінші қаламыздың зейнеткерлеріне қызмет көрсететін «Белсенді ұзақ өмір» орталығында болды. Бүгінгі таңда 800-ге жуық ардагерлердің уақытын тиімді ұйымдастыруға үлес қосып отырған мекеменің жұмыс жасау әдістемесімен танысып, қызмет алушылармен тілдесті.
— Бүгін «Белсенді ұзақ өмір» орталығының базасында болдық. Қариялардың белсенділігін арттыруда орны ерекше мекемені біз өз аймағымызда да ашуға ниеттіміз. Барлық заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген мекеменің жұмысы көңілімізден шықты,- деді Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Құралай Тлеумағамбетова.
Арнайы топ өкілдері №4 балаларға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына және «Бақытты жанұя» мен «Тең қоғам» мекемелеріне барды. Қос тарап аймақтардағы халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік саладағы әдістемелер туралы өзара пікір алмасты.
Осы бағыттағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда Шымкент қаласы мен Атырау облысы арасында өзара байланыс алдағы уақытта нығая бермек.
Айта кетейік, Шымкент қаласында «Белсенді ұзақ өмір орталығының» 2 бөлімшесі бар (1 орталық, 2 бөлімше). Мұнда зейнет жасындағы азаматтар 4 сағат, ал, жалғызбасты қарттар 8 сағатқа дейін жартылай стационар жағдайда қызмет түрлерін алады. 2019 жылы орталықта көрсетілетін қызмет түрі 15 болса, қазір олардың саны 31-ге жеткен. 
«Белсенді ұзақ өмір орталығы» КММ туралы толық ақпаратты 8(7252) 53-02-08 нөміріне хабарласу арқылы білуге болады.
0 пікір