АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА
АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА
11.08.2024 15:51
7
0

 

Доллар өскен сайын сырттан келетін тауарлардың бағасы қымбаттайды. Бұл азық-түлікке де қатысты.Азық-түлік өнімдері әлеуметтік маңызға ие екені айтпаса да түсінікті. Оның бағасы өссе, инфляция да артады. Оған жол бермеу мемлекеттің басты міндеті болып табылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында инфляцияны тежеудің жолы ретінде азық-түлік қымбатшылығын болдырмау туралы тапсырма берген болатын.

Мемлекет басшысы «Аса тұрақсыз халықаралық жағдай қалыптасқан қазіргі кезде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Азық-түліктің тапшылығы мен бақылаусыз қымбаттауын болдырмау үшін мемлекеттік тұрақтандыру қорына ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық бағамен сатып алуды ойластыру қажет» деген болатын. Ел Президентінің аталған тапсырмасын орындау мақсатында Шымкент қаласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда шаһардағы желілік ірі сауда орындарына қарызға ақша беріледі. Олар оны айналым қаражаты есебінде пайдаланып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін базар нарқынан төмен бағада саудалайды. Супермаркеттерге келген клиенттер бекітілген бағада сатылатын азық-түлік өнімдерін арнайы сауда қатарынан барып сатып алады. Әлеуметтік маңызы айрықша тауарлар (ӘМАТ) шаһардың 70-ке жуық желілік сауда дүкендерінде сатылып жатыр.
Екіншіден апта сайын мегаполистің әр аумағында азық-түлік жәрмеңкесі өтіп тұрады. Сол төңіректе тұратын азаматтар базарға бармай-ақ жәрмеңкеден керекті азық-түлігін сатып алып кетеді. Өйткені жәрмеңкеден барып
базарлау тұрғындарға ыңғайлы болса, екіншіден ондағы тауарлар базар нарқынан 10-15 пайызға төмен. Қала әкімдігінің қаулысына сәйкес, шаһардың 8 аумағында жәрмеңке ұйымдастыру қаралған. Ал бұл іс-шараны өткізу қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы, Абай, Қаратау, Тұран ауданы әкімі аппараттарына жүктелген. Сонымен бірге полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы жол қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етсе, санитарлық талаптардың орындалуын қадағалау санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне міндеттелген. Ал энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы жәрмеңкені электр қуатымен, қоқыс контейнерлерімен жабдықтап, тазалық жұмыстарына жауап береді. Жәрмеңке 250-ге жуық тауар өндіруші, шаруа қожалығы мен көтерме сауда қызметімен айналысатын дистрибьюторлердің қатысуымен өтеді. Апта сайын 180 тоннадай әлеуметтік маңызы бар, сондай-ақ күнделікті тұтынатын басқа да тауарлар саудаланады.
Сонымен қатар, ұн, жұмыртқа, нан, күнбағыс майы, сиыр мен тауық етін өндіретін кәсіпорындармен келісім-шарттар түзіліп, сауда орындарына арзан бағамен тауарларын жеткізіп отыр. Желілік ірі сауда дүкендерінің ішінде «Magnum» мен «Gramad» бар. Сондай-ақ кәсіпорын өнімдері көпқабатты үйлердің маңындағы шағын дүкендерде де сатылады. Мәселен шаһарда сиыр етін «Каскасу-С», «Байтерек», «Алтын төбе» шаруа қожалықтары өндіреді. «Колесников» агро компаниясы көкөніс өсірумен айналысады. «Темиршиков NAN ONIMDERI» фирмасы өзінің наубаханасында нан жабады. «Дос» ЖШС, «Урунбеков М.Л.», «Анарметов» кәсіпкерлік нысандары ұн шығарады. «Қайнар құс», «Аймар құс», «КазКом Агро» серіктестіктері дүкендерді арзан жұмыртқамен қамтамасыз етеді. «Торговый дом Мейр Трейд» ЖШС қалаға күнбағыс майы, құмшекер, күріш жеткізіп беріп тұрады.
Бағаны қадағалау, делдалдық қызметті шектеу мақсатында, құзырлы мекемелермен және құқық қорғау органдарымен арнайы комиссия құрылған. Комиссия жиыны аптасына 2 рет тұрақты түрде ұйымдастырылып отырады. Мәселен биыл жыл басынан 35 комиссия отырысы өтті. Жиынға сауда дүкендері, базарлар мен көтерме сауда қызметімен айналысатын дистрибъютерлік желілердің өкілдері жиі шақырылады.
Сондай-ақ, комиссия мүшелерінің қатысуымен көшпелі жиналыстар да өтіп тұрады. Соның нәтижесінде күнделікті әр аудан бойынша сауда орындарындағы баға динамикасы тұрақты бақыланып отырады. Бұдан бөлек, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында сауда дүкендері, базарлар және тауар өндірушілерімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар түзілген. Сонымен бірге бағаны қадағалау шаралары аясында, 456 кәсіпкерлік субъектілердің электронды шот-фактураларына талдау жүргізілген. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының таратқан мәліметіне сәйкес Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» 204-4-бабының 1 және 2 бөлігі бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті сауда үстемесін 15 пайыздан асырғаны үшін 303 кәсіпкерлік субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
            Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Арман Төлеевтің айтуынша, әлеуметтік маңызы айрықша тауарлардың 19 тізбесі бекітілген. Сауда барысында бұл тауарларға қосылатын үстеме құн 15 пайыздан аспау қажет. Одан асырған азаматтарға заң аясында тиісті жауапкершілік қарастырылған. Бірінші ретте ескерту беріледі. Егер құқық бұзушылық қайталанса шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 10 АЕК, орта кәсіпкерлік нысандарына 75 АЕК, ірі компанияларға 300 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Егер заңсыз монополияға жол берілсе, қылмыстық жауапкершілік жазасы күтіп тұр. Аталған баппен істі болған жағдайда 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынып, мүлкі тәркіленіп, 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Мегаполисте көлеңкелі экономикамен күрес жүргізу мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілген. Оған жауапты құзырлы органның бірі экономикалық тергеп-тексеру департаменті болып табылады.
Ресми дерек бойынша Шымкенттегі азық-түлік бағасы жыл басынан бері 2% төмендеген. Дей тұрғанмен қымбаттаған тауарлар да баршылық. Олар тауық еті, картоп, сәбіз, жұмыртқа мен пияз. Ал арзандаған тауарлардың ішінде қырыққабат, қарақұмық, күнбағыс майы, ұн, ас тұзы, сүзбе мен айран бар. Бағаның төмендеуіне қала әкімдігі тарапынан құрылған Тұрақтандыру қоры аясында атқарылған шаруалар оң әсерін тигізген. Оған жоғарыда айтып өткеніміздей өнімдерді нарық бағасынан төмен бағада саудалайтын жәрмеңкелер ұйымдастыру, сондай-ақ ортадағы алыпсатарлықты, яғни делдалдық қызметті шектеу секілді жұмыстар кіреді. Тұрақтандыру қоры Шымкентте 2019 жылы құрылған. Содан бері бағаны тұрақты ұстауға 8.7 млрд теңге қаржы жұмсалды.
Жалпы азық-түлік тауарларын халыққа қолжетімді ету шарасы бүкіл әлемде бар тәжірибе. Қазақстанда ол жергілікті әкімдік пен құзырлы органдардың қадағалауымен реттелсе, Батыс елдерінде оның басқару тетігі сәл басқаша. Белгілі экономист Сапарбек Жобаевтың айтуынша, АҚШ та әлеуметтік маңызы айрықша тауарлар дүкендерде сатылмаса да тамақпен, арзан азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуді Үкімет ірі кәсіпкерлер мен корпорациялардың мойнына жүктеп қойған. Одан басқа да әлеуметтік түрлі жобалар баршылық.

0 пікір