БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ: ТЫНЫШ ҚОҒАМ, ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ
БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ: ТЫНЫШ ҚОҒАМ, ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ
24.05.2024 01:41
24
0

Халқымыздың  сан  ғасырдан  бері  даналығына  құлақ  салсақ  «Адамның  бақыты   балада»  деген. Кез келген адам өзі өмір бойы қуып жете алмайтын бақыт деген құдіретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен кенелетініне мән бермеуі де мүмкін. Біреу  бақытын  байлықтан  тапқысы  келсе, екінші  біреуі  даңқ  пен  атақтан, мансап  пен  қызметтен  іздестіреді. Алайда  «Адам  ұрпағымен  мың  жасайды»  деген  сөз  тегін   айтылмаса  керек.  Олай болса  адам өмірінің мәні – өз ұрпағы.  Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ана алдында нәзік те қиын, қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндеттен тұрады. Ол – бала тәрбиесі. Бала  тәрбиесінің  алғашқы  ұстазы ата-ана болып табылады. Тәрбие  отбасынан  басталады. Болашақ  ұрпақтың   еліне, Отанына  деген   сүйіспеншілігі  алдымен  ата-ананың  ықпалында  болады.

Яғни, қазақ халқы ұл дүниеге келгенде ел қорғайтын азамат туды деп мақтанып, масаттанады. Сондықтан да ұл баланы асқар тауға, алынбас қамалға,алмас қылышқа, қайратты бүркітке теңейді. Ал қыз бала дүниеге келгенде елге, өмірге көрік берер қыз туды деп мәз-мәйрам болады. Өйткені, қыз бала тән сұлулығымен ғана емес, жан сұлулығының байлығымен өмірді мәнді де, сәнді етеді. Оларды гүлге, күнге, айға теңейді. Қазіргі таңда елімізде балалардың қауіпсіздігі басты назарға алынуда, сол себепті бала қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамаған жөн. Балалардың қатысуымен көптеген қайғылы жағдайлар орын алуда.

         Елімізде автокөліктер саны өскен сайын жол апаттары да арта түсуде. Жол көлік оқиғалары жөніндегі деректерге зер салсақ, жас балалар апатқа жиі ұшырайды екен. Жүргізушінің салғырттығынан немесе жол ережесін білмеу салдарынан жастай өмірімен қоштасып немесе ауыр жарақат алып, өмірлік мүгедек болып қалып жатқандар қаншама. Көпшілік жол апаттарына жүргізушілерді кінәлап жатады. Тек бір адамға кінә тағу дұрыс емес. Мұндай оқыс оқиғалар оқушылардың жолда жүру ережесін сақтай білмеуіненде орын алып жатады. Балалар көбіне ереже талабын бұзып, асығыстық жасап, жүгіріп өтуге ұмтылады. Асыға жолға жүгіріп шыққан баланың қауіпке ұшырайтыны, өзіне ғана емес, өзгенің де өміріне қатер төндіретіні айтпаса да анық. Осындай оқиғаларды болдырмас үшін мектепте мұғалім, үйде ата-ана балаға үнемі жолда жүру ережесін ескертіп отыруы міндетті. Әдетте кез келген ата-ана балаларды мектепке шығарып саларда «жолдан жүгіріп өтуші болма, машина қағып кетеді» деген ескертуден аса алмайды. Бұл - әрине, жеткіліксіз.
Әрбір оқушы үйден мектепке дейінгі жол қиындықтарын білуі тиіс. Ата-аналар баласына жол-жөнекей кездесетін қиындықтарға, жол белгілеріне көңіл бөлуді үйреткені абзал. Жол көлікпен қатынасатын оқушыға ата-анасы жол қиылыстарынан өтуді, көлік толық тоқтағанда түсіп, мінуіне болатынын, өз аялдамасын дұрыс білуін, бөтен көлікке отырмауын ескеріп отырғаны жөн. Осы орайда, республика аумағында өткізіліп жатқан “Абайлаңыз балалар!” акциясы аясында, Түркістан қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері мектеп оқушыларымен кездесті. Жиын барысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылыққа жол бермеу және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен сақтық шаралары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Балалардың жол-көлік оқиғалары кезіндегі зардап шегуі, жарақат алуының алдын алу, көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын нығайту. Әрине мектеп жасындағы оқушыларға жол белгілері туралы түсіндірме жұмыстарының берері көп. Бұл өз кезегінде жол қауіпсіздігінің алдын алуға септесері сөзсіз.

Бар байлығымыз – балалар, ал олардың алаңсыз білім алып, қауіпсіз өмір сүруіне әрқайсымыз жауаптымыз!

         Қоғам үшін баланың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігі- ең басты байлық. Сондықтан мектепке дейінгі ұйымдарда жолда жүру ережелеріне үлкен көңіл бөлінуде. Статистика бойынша, өкінішке орай , жол апаттары көптеп болуда. Соның ішінде балалардың  жол апатына душар болуы жоғары көрсеткішті көрсетеді.

0 пікір