Барлық бала бақытты болу үшін жаралған
Барлық бала бақытты болу үшін жаралған
03.06.2024 12:52
64
0

 

"Адамның бір қызығы бала деген" деп абай атамыз айтқандай, бала біздің ең басты байлығымыз. Адам өміріне мән мен сән беретін де осы бала. Себеб,і әрбір перзент отбасының мызғымас тірегі, ертеңге деген сенімінің кепілі. Ұрпақты ұлттың жалғасы деп қараған бабаларымыз өзге жұрттан ұрпақ тәрбиесіне деген ынта-ықыласы жағынан озық екені белгілі. Ақын Мағжан Жұмабаев «Жас бала – жас шыбық. Жас күнінде қалай иіп тастасаң, солай өседі» дейді. Қарап отырсақ, қазақ сәбиін бесік жырымен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен елітіп, жырдастанмен құлақ құрышын қандырған. Ел қорғаған батырды, сал-сері мен ақынды оларға өнеге еткен.
            Міне, осындай мейірім мен даналықты бойына сіңірген қазақтың қай ұрпағы болмасын ұлттық намысты жоғары қоятын, көргенді, көпшіл болып өскен. Бұл мәселе, яғни ұрпақ тәрбиесі қай кезде де күн тәртібінен түспеуі тиіс екенін аңғартады. Себебі ұлт келешегі сапалы, саналы тәрбиеден бастау алады. Осыны еркерген Төлеби билігі балаларды ерекше қуантты.

1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, Бірінші Мамыр ауылдық округінде отбасы үлгісіндегі балалар үйіне қарасты лагерь ашылып, пайдалануға берілді. Салтанатты іс-шараға "AMANAT" партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, аудан прокуроры Оразәлі Әбдіраманов, мәслихат депутаттары қатысып, ізгі тілектерін жеткізді.

Мерекелік жиынға арнайы келген қонақтар балаларды, жиналғандарды мерекемен құттықтап, олардың барлық арман-тілектері орындалып, алға қойған мақсаттары жүзеге аса берулерін тіледі.

Шараға қатысушылар балаларға жылы лебізі мен ыстық ықыласын жеткізді. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деген Қасым-Жомарт Тоқаев көптің көңіліне қуаныш ұялатты. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері балаларға арнайылап ден қойып, маңыз беріп отырған осы жылдан күтеріміз мол. Себебі қоғамда жыл сайын балаларға қатысты қаншама құқықбұзушылық, қылмыс, оқыс оқиғалар болып жатады. Шын мәнінде соның барлығы терең зерделеуді, тегеурінді тәртіпті қажет етеді. Бүгін балаға мән бермеу – еліңнің ертеңін елең қылмаумен бірдей.

60 орындықты шағын лагерьде балалардың демалуы үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Асыр салып ойнаған балалар мұнда уақытын тиімді өткізіп, түрлі дамытушы шараларға қатысатын болады.

Бала – сонау балалық шақтан бастап лайықты тәрбие алсын, бала ұлттық тамырынан ажырамасын, заманға бейім болсын, бос уақытын пайдалы өткізсін, қажетті ем-домын еш кедергісіз алсын, арман-қиялының шындыққа айналарына сенсін дегіміз келеді. Бұл – бауыр еті баласының бақытты болуын қалайтын әрбір ата-ананың жүрек түкпіріндегі тілегі. Биылғы жылды Балалар жылы деп жариялау еліміздің ертеңіне деген жанашырлық екені айдан анық. Алайда балаға бір күн немесе бір жыл ғана назар аударған жеткіліксіз. Оның болашағының жарқын болуы үшін өмір бойы жұмыс істеген ләзім. Дүрбелеңге толы дүниеде болып жатқан көптеген келеңсіз оқиғалардың бел ортасында жазықсыз, бейкүнә сәбилер жапа шегуде. Қорғансыз сәбилерді қоғам қолдамаса, басқасынан не үміт күтеміз? Ендеше бұл жылды лайықты атап өтіп, балаға деген қамқорлықты қажеттілікке айналдыруымыз керек. Себебі әрбір бала бақытты болуы үшін жаралған. Жиынға қатысушылардың ойы осыған саяды.

0 пікір