Батыс қазақстан облысындағы бірнеше аудан тұрғындары шұғыл эвакуациялануы қажет
Батыс қазақстан облысындағы бірнеше аудан тұрғындары шұғыл эвакуациялануы қажет
15.04.2024 12:17
25
0

Жайық өзенінің бойына жақын орналасқан Орал қаласында және облыстың 4 ауданында су тасқыны қаупіне орай күрделі жағдай қалыптасып отыр. Мамандардың айтуынша, Ресей Федерациясынан судың мол көлемі 2-3 күнде БҚО-на жетеді. Қауіпті деңгей 8,5 метр болса, бүгін Жайықтың деңгейі 8 метрге жуықтады. Бұл туралы БҚО әкімінің баспасөз қызметінің басшысы Ерхан Таткен ОКҚ брифингінде мәлімдеді.

Қазір төтенше жағдай қызметі, күштік құрылымдар мамандары тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Су тасқыны жұмыстарына өңірімізден және республикамыздың басқа аймақтарынан жалпы саны 6 389 адам және 1403 бірлік техника, оның ішінде 645 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Сондай-ақ еріктілер мен қарапайым азаматтар да қолдан көмектерін аямай жатыр.

«Жаңа ғана маған ақпарат келіп түсті. Қала әкімдігі дәл қазір тұрғындарға үндеу жасапты. Ресейдің Орынбор аймағынан су 2-3 күнде келетіндіктен, Орал қаласындағы қауіпті аймақтардың тұрғындары дереу қауіпсіз жерлерге көшірілуі тиіс деген. Атап айтқанда, Орал қаласындағы Жайық өзені бойындағы саяжайлардың, су басу қаупі жоғары Курени, Старица, Коминтерн аудандарының тұрғындары шұғыл арада эвакуациялану қажет. Судың мол көлемі кез-келген уақытта жетіп, үйлерді су басуы мүмкін- деген хабар тарауда», - деді спикер.

Осыған байланысты облыс орталығында эвакуациялық пунктер жасақталған. Олар тұрғындарды күні-түні үздіксіз қабылдайды. Облыс бойынша су тасқыны басталғалы бері 14 мыңға жуық адам эвакуацияланды. Эвакуациялық пунктерге 2 мыңнан астам адам орналасты. Қалған тұрғындар өздерінің жақындары мен туысқандарының үйлеріне көшуде.

«Орал қаласы мен Ақжайық, Бөрлі, Теректі, Бәйтерек аудандарында су тасқынына қарсы жұмыстар тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Өзен жағасындағы елді мекен тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары жалғасады»,-деді Е.Таткен.

0 пікір