БІТІРУШІ ТҮЛЕКТЕРДІҢ ҚАУІПСІЗДІГІ БАСТЫ НАЗАРДА
БІТІРУШІ ТҮЛЕКТЕРДІҢ ҚАУІПСІЗДІГІ БАСТЫ НАЗАРДА
24.05.2024 01:48
15
0

25 мамыр - ұлы даланың барлық мектептерінде соңғы қоңыраудың күміс үні сыңғырлайтын күн. Мектеп бітіруші түлектер соңғы қоңырау үнімен тебіреніп, «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» (Мұқағали Мақатаев) алтын ұя – мектептерімен қимай қоштасар сәт.  Білімнің ордасы, жылылықтың мекеніне айналған мектеппен қош айтысар түлектердің жадында мәңгі жатталатын шақ. Дәл осы күні жүректері дүрсілдеген жеткіншектер қияға қанат қағады. Оқушылар үшін соңғы қоңырау рәсімінің маңызы айрықша. Жыл сайын еліміздің барлық өңірлерінде өтетін бұл шара көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлайтыны да рас. Бұл күні ақ бантик таққан арулар мен ақ жейделі ұлдар барлық шаһарлар мен өңірлердің сәні мен мәнін келістіретіні сөзсіз. Бүгінде барлық мектептердегі Соңғы қоңырау салтанатынан кейін мектеп бітіруші түлектердің автошеру ұйымдастыруы дәстүрге айналып барады. Бұл тек жолдағы кедергілерге ғана емес, жол қозғалысына қатысушы басқа да тұлғалардың қауіпсіздігіне кері ықпал етіп, апаттық жағдайдың жоғарылауына себеп болып отыр. Сондықтан мектеп ұстаздары мен ата-аналар бұл күні балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударуы қажет.   Расында, бұл күн – балалық шақтан болашаққа қанат қаққан жас түлектер үшін күміс қоңыраудың соңғы рет соғылатын күні. Алтын ұя мектептерін, аяулы ұстаздарын қимай, жүректері лүпілдеп, жанарларына жас алған шәкірттер алғаусыз көңілдерінен шыққан алғыстарын әсем әнмен жеткізіп, артынан ерген ізбасарлары, бірінші сынып оқушыларына аманаттарын тапсырды.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау жайына ерекше назар аударып, нақты тапсырма берген болатын. Өте өзекті саналатын бұл мәселе бүгінде әлем жұртшылығын қатты алаңдатып отырғаны ешқандай талас тудырмайды.

Жалпы бүгін қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – жасөспірімдердің  арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі кезде өзекті мәселелердің бірі  болып тұр. Жас ұрпаққа құқықтық тәрбие беру арқылы оларды дұрыс жолмен жүруді үйретеміз. Жасөспірімдердің арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында  құқықтық сауаттылық пен құқықтық мәдениетті арттыру  өте маңызды. Осы ретте,  Түркістан қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері құқық бұзушылық пен оқыс жағдайлардың алдын алу мақсатында автокөлікті жалға беру орындарын аралады.

         Аралау барысында мекеме басшыларына кәмелетке толмаған жасөспірімдерге басқару құқығынсыз автокөлікті бермеу қажеттігілігі айтылды. Кез келген көлік құралы адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сол себепті заң бойынша оларды басқару үшін тиісті құжат қажет. Алайда, ата-аналар кәмелетке толмаған балаларға "рөлде" отыруға мүмкіндік беретін жағдайлар жиі кездеседі. 

Арнайы кортеждерді ұйымдастыру кезінде көлік жүргізушілері жол ережелерін өрескел бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілік көзделген. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдағы қылмыстың алдын алудың аса маңызды аспектісі болып табылады. Заңды, әлеуметтік пайдалы қызметке және қоғам мен өмірге ізгілікті көзқарас қалыптастырып, жастарды қылмыстық қызметке жол бермейтін қағидаларға тәрбиелеу қажет.

0 пікір