БИЫЛ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫН АУЫЗСУ ЖҮЙЕСІМЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ 100 ПАЙЫЗҒА ЖЕТЕДІ
БИЫЛ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫН АУЫЗСУ ЖҮЙЕСІМЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ 100 ПАЙЫЗҒА ЖЕТЕДІ
18.04.2024 15:13
38
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында халық тұрмысын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту мәселелерін жеделдетіп шешу жолдары айтылған. Жолдаудың «Қуатты өңірлер – қуатты ел» деп аталатын бөлімінде ифрақұрылымды дамыту жөнінде: «Еліміздің әр аймағының тұрғындарының таза ауызсуға, табиғи газға, көлік инфрақұрылымына қол жеткізу деңгейі біркелкі емес екені белгілі. Осы теңсіздікті жою үшін жұмысты жандандыру қажет. Алдағы үш жыл ішінде тұрғындарды таза ауызсумен және су жеткізумен қамтамасыз етуге шамамен 250 миллиард теңге бөлінеді» делінген. Биылғы жылы Шымкенттегі Құрсай, Сайрам тұрғын алабы аумақтарын ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарын аяқтап, ауыз су жүйесімен 100%-ға қамтамасыз ету жоспарлануда. Шымкент қаласындағы Өңірлік Коммуникациялар қызметінің алаңында «2023 жылы Шымкент қаласында энергетика және инфрақұрылымды дамыту саласындағы жұмыс пен жетістіктер және 2024 жылға арналған жоспарлар туралы» баспасөз конференциясы өтті. Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысының орынбасары Азат Қайнарұлы үшінші мегаполистің инфрақұрылымды дамыту саласындағы атқарылған жұмыстар қатары пен нәтижелерін, сонымен қатар 2024 жылда орындалатын жұмыс жоспарларын баяндады. Азат Қайнарұлының сөзінше, қазіргі таңда, 81 шағын ауданның 25-і кәріз жүйесімен қамтамасыз етілсе, 56 шағын аудан қамтылмаған. 2023 жылы 9 нысанның құрылыс жұмыстарына 8,6 млрд. теңге бөлініп, оның ішінде 2 магистралды кәріз коллекторының (Тұраннан КОС-қа дейінгі магистрал, Шымсити коллектор), 7 ішкі орамдық жүйенің (Мирас- Шапағат-2, Тассай, Тұран ішкі жүйе, Қайтпас-2, Нұртас, 112 орам, Бозарық 74 га) құрылыс жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде қамту көрсеткіші 60%-дан 65%-ға өскен. 2024 жылы 2 магистралды кәріз коллекторының (Тұраннан КОС-қа дейінгі магистрал, Шымсити коллектор) және 6 ішкі орамдық жүйенің (Мирас-Шапағат-2, Нұртас, Тұран, Айқап, Қайтпас-1, Солтүстік-Батыс) құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. 2024 жылы қаламызда 81 елді-мекеннің 79-ы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, 2 елді мекен кестемен (Құрсай, Сайрам,) қамтамасыз етілуде. 2023 жылы 6 нысанның (Құрсай 1,2-кезек, Қайнарбұлақ, Сайрам 1,2 және 3-кезек, Еңбекші ауданы жаңа құрылыс) құрылыс жұмыстарына 9,5 млрд.теңге бөлініп, жыл қорытындысымен Қайнарбұлақ тұрғын алабы және Еңбекші ауданы бойынша 7 елді мекеннің жаңа құрылыс аумақтарында ауыз су жүйесінің құрылысы аяқталды. Осыған орай, елді мекендерді ауыз сумен қамту деңгейі 98,5%-дан 99%-ға өсті. Сонымен қатар, 2024 жылы Құрсай, Сайрам тұрғын алабы аумақтарын ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарын аяқтап, ауыз су жүйесімен 100%-ға қамтамасыз ету жоспарлануда.

0 пікір