Шымкент қаласында №6 емханасында атқарылып жатқан жұмыстарға денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. Оның басты мақсаты – медициналық қызметтің сапасын арттыру, пациенттерге көрсетілетін қызметтердің деңгейін жақсарту және мекеме жұмысының тиімділігін бақылау болды.
Басқарма басшысы ең алдымен емхананың екі корпусының арасында орнатылған галлереямен танысты. Бұл галлерея науқастарға медициналық қызмет алуға ыңғайлы жағдай туғызып, екі корпустың жұмысының үйлесімді болуына мүмкіндік береді. Біріктірілген ғимараттар науқастардың диагностикадан өтуі мен ем алуын әлдеқайда тиімді әрі ыңғайлы етеді. Сонымен қатар, емханада түрлі бөлімшелердің жұмысы да үйлестірілген: күндізгі стационар, гинекология, жалпы тәжірибелі дәрігерлер бөлімшелері өзара байланысқан және пациенттерге жоғары сапалы қызмет көрсетілуін қамтамасыз етеді.
Емханадағы жұмыстарды тексеру барысында Нұрлыбек Асылбеков бейнебақылау жүйесін де қарап шықты. Емханаға орнатылған 150-ден астам камера мекеме ішінде тәртіптің сақталуын, қызмет көрсетудің сапасын бақылауды қамтамасыз етеді. Бұл шара пациенттер мен медицина қызметкерлері арасында сенімділікті нығайтып, шағымдарды азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай бақылау жүйесі қазіргі таңда емхана жұмысының тиімділігін арттырып, даулардың алдын алу мақсатында маңызды рөл атқарады.
Нұрлыбек Асылбеков өз сапары барысында өткен жылмен салыстырғанда, 2023-2024 жылдары емханаға түскен арыз-шағымдардың 12 пайызға төмендегенін атап өтті. Бұл – мекеменің жұмысына деген тұрғындардың сенімінің артуы мен сапалы медициналық көмек көрсету бағытында жасалған шаралардың тиімділігін көрсетеді. Басқарма басшысы арыз-шағымдардың төмендеуін үлкен жетістік деп бағалап, профилактикалық жұмыстарды күшейту керектігін тапсырды.
Жалпы, Шымкент қаласының №6 емханасында пациенттерге көрсетілетін қызметтің сапасы мен медициналық жабдықтардың жаңартылуы үнемі назарда ұсталып келеді. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы емхананың жұмысын жоғары бағалап, алдағы уақытта да профилактикалық жұмыстарды жетілдіру мен мекемедегі қызмет сапасын одан әрі арттыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.