ЕРЕН ЕҢБЕГІМЕН ЕЛГЕ СЫЙЛЫ ҚЫЗМЕТКЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
ЕРЕН ЕҢБЕГІМЕН ЕЛГЕ СЫЙЛЫ ҚЫЗМЕТКЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
27.05.2024 11:49
25
0

Ерен еңбек ескерусіз емес.  Саналы ғұмырын кітапхана ісіне арнап, Төлеби ауданының рухани дамып-жетілуіне септігін тигізіп жүрген Светлана Викторовна 60 жасқа толды. Мерейлі мереке қарсаңында қуаныш иесіне ерекше құрмет көрсетілді.  Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директорын Светлана Викторовна Шишкинаға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының «Алғыс хатын» табыс етті.

            Светлана Викторовна – аудандық славян мәдени орталығының басшысы, кітапханалар жүйесінің директоры қызметінде білімнің кітап арқылы берілетінін, адам өміріндегі маңызы, ғылым мен білімнің пайдасын түсіндіру, кітапқа деген сүйіспеншілігін, қызығушылығын арттыру, білімге құштарлығын ояту мақсатында еңбек етіп келеді. Сондай-ақ, ұлттар мен ұлыстар арасындағы достықты нығайту мақсатында көптеген мәдени іс-шаралардың бастамашысы, игі істердің ұйытқысы болып келеді.

            «Аудан аумағындағы іс-шараларға белсенді атсалысып, өнер айдынында аймақ абыройын асқақтатып жүрген жетістігіңізді мақтан тұтамыз. Көпұлтты халқымыздың ынтымағын байланыстырып, ұлттар мен ұлыстар арасындағы арасындағы достық пен өзара түсіністікті дамытуға қосқан үлесіңізге алғысымды білдіремін», деді құттықтау сөзінде Сержан Дауылбайұлы.

            Мерекелік құттықтауға арналған кездесу барысында "Қоғамдық келісім" КММ-нің Төлеби аудандық филиалының басшысы Есімхан Айтжанов Светлана Шишкинаны мерейлі жасымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Айта кету керек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақты ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеп жүрген кітапханашылар мен кітапханалар жағдайына айрықша көңіл бөледі. Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда: «Шын мәнінде, кітап оқитын ел ғана зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа деген құштарлығын оятуымыз керек», – деп еліміздегі кітапханашылар рөліне ерекше тоқталған еді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырғаны белгілі. Оған қоса, өткен жылы Үкімет қаулысымен 24 қазан – Кітапханашылар күні деп кәсіби мереке ретінде алғаш рет белгіленді. Оған негіз де бар. Қазіргі таңда елімізде 25 мыңнан астам кітапханашы,  11 мыңға жуық кітапхана, 328 миллионнан астам кітап қоры бар. Бұл еліміз үшін баға жетпес рухани байлық. Осы игілікті пайдаланушылар көлемі, яғни, оқырмандар саны жыл өткен сайын артып келе жатқаны бізді қуантады. Соңғы кезде кітапхана қызметін пайдаланушылар саны 9,5 миллионға жетті. Бұл ең алдымен кітапханашылардың кәсіби еңбегі мен ағартушылық рөлінің арқасында екенін ерекше атап өткен жөн. Халқымыздың кітап оқуға деген ынта-жігерін арттыру – баршамызға ортақ міндет.

0 пікір