ГОСПИТАЛЬДЫҚ ФАРМАЦИЯ БӨЛІМШЕСІ АШЫЛДЫ
ГОСПИТАЛЬДЫҚ ФАРМАЦИЯ БӨЛІМШЕСІ АШЫЛДЫ
13.09.2024 16:00
32
0

          Шымкентте алғаш рет аурухана базасында госпиталдық фармация бөлімшесі ашылды. Жаңа орталық балалар денсаулығын жақсартуға оң ықпал етпек. Бөлімшенің ашылу салтанатына Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков пен аурухана дәрігерлері қатысты.

             №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасында қолға алынған бірегей жобаның берері мол. Өйткені мұндай жоба бұған дейін бірде-бір медициналық мекемелерде енгізілмеген екен. Жалпы, Түркістан облысы­ның өзінде госпитальдық фармация атау­ымен бөлімшелер жоқ.

Бұл жоба дәрігерлердің тағайын­дауы бойынша дәрілік заттарды уақытылы және сапалы дайындау және буып-түюге айтарлықтай көмегін тигізбек. Қажетті дәрілерді медициналық ұйымның клиникалық бөлімшелеріне жеткізу жұмысы айтарлықтай жеңілдейді. Одан бөлек, дәрігердің тағайындауы бойынша пациенттер пайда­ланатын дәрілік заттардың дербестен­дірілген есебін жүргізу де оңтайлан­дырыла­­­тын болды. Негізі бұл процесс бү­кіл әлемде бұрыннан қолданылып ке­леді.

Сондай-ақ халықаралық талаптардың біріне айналған жобаның пилоттық

ке­зеңінде шығындарды азайту көзделіп отыр. Себебі бюджет қара­жатын үнемдеу, сондай-ақ медициналық препараттарды пайдалануды бақылау, дұ­рыс емес тағайындауларды барынша азайту көзделген. Өйткені әрбір тағайындау бүге-шүге­сіне дейін қайта тексеруден өтеді. Яғни науқас­тың жасы, салмағы, қарсы  көрсет­кіш­тері мен тәуліктің дозасы секілді т.б. па­рамет­рлер бойынша қайта бақылау жүргі­зіледі. Бұның барлығы бөлімшеде қызмет атқаратын 26 маманның бақылауында болмақ. Ал­дын ала есептеулер бойын­ша №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасында бюджет 20 пайызға дейін үнем­деуге мүмкіндік бе­реді деп жоспарланған.

             «Денсаулық сақтау саласын цифрландыру – басқарманың басты мақсаттарының бірі. Өйткені, препараттарды пациенттерге жеткізуді орталықтандырып, жүйені цифрландыру уақыт талабына айналып отыр. Науқасқа берілетін дәрі-дәрмек мөлшері де автоматты түрде қадағаланып отырады. Бөлімнің бірегей тұсы да осы, дәрі-дәрмекті ысырап қылмай, артық шығынның алдын алу. Сондай-ақ қате дәрі-дәрмек тағайындау қаупі әжептәуір азаяды. Қала әкімі Ғ.Әбдімәжитұлының тапсырмасымен дәрі-дәрмекке бөлінетін бюджетті үнемдеу және тиімді пайдалану қолға алынған. Осыған байланысты іс-жоспар да жасалынды. Яғни, биылғы жылы Шымкент қаласында 6 медициналық ұйым ашу жоспарланған,- дейді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков.

Айта кету керек, госпитальдық фармация бөлімшелерін ашу мекеменің өз бюджетінен жасалынған.

0 пікір