
Шымкент қаласы «AMANAT» партиясы Тұран аудандық филиалында өткен қоғамдық қабылдау – тұрғындар мен билік арасындағы алтын көпір іспетті. Бұл жолы филиал төрағасы Зейнетаев Абзал Скендерұлы Қазығұрт шағынауданының тұрғындарымен жүздесіп, олардың өтініш-тілектеріне құлақ түрді. Ашық форматтағы бұл кездесу тұрғындардың тыныс-тіршілігін жақсартуға бағытталған нақты қадам ретінде бағаланды.
Қоғамдық қабылдауға қатысып, өз пікірін білдірген тұрғын Еркін Калек бұл кездесудің ерекше мәні бар екенін атап өтті.
— Еркін мырза, бүгінгі қабылдауда қандай мәселемен келдіңіз?
— Бүгін мен бірнеше көршімнің атынан келіп отырмын. Қазығұрт шағынауданындағы қоғамдық көлік қозғалысы – көптен бері шешілмей келе жатқан түйткілдердің бірі. Қалаішілік маршруттардың жиілігі, уақытылы келмеуі тұрғындарға үлкен қиындық туғызып отыр. Осы мәселені көтердім.
— Қабылдау барысында көтерілген өзге де мәселелер туралы не айтасыз?
— Иә, қабылдауға келгендер жолдың сапасы мен жөндеу жұмыстарының кешігуін, әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың өтінішін жеткізді. Әр өтінішке нақты жауаптар беріліп, кейбірі сол мезетте-ақ шешілді. Мысалы, бір зейнеткер апамыздың әлеуметтік жәрдемақыға қатысты сұрағы сол жерде шешімін тапты.
— Қоғамдық қабылдаудың тиімділігі туралы пікіріңіз?
— Мұндай кездесулердің ең үлкен пайдасы – шынайы кері байланыс. Әкімдік немесе партия өкілдері жазбаша өтініштерді ғана емес, тұрғынның өз аузынан шыққан сөзді тыңдап, оның артындағы өмірлік жағдайды көре алады. Абзал Скендерұлы әр мәселені шынайы көңілмен тыңдап, назардан тыс қалдырмады. Бұл – нағыз халық үшін қызмет ету үлгісі.
— Келешекке үмітіңіз қандай?
— Ең бастысы, тұрғындар үнінің еленіп жатқаны қуантады. Мәселелер бір күнде шешіле қоймас, бірақ мұндай қабылдаулардың жиі ұйымдастырылуы – үлкен серпіліс. Халықтың сенімі артып келеді. Бізге керегі – осы: ашықтық, шынайы байланыс және нақты іс.
Қоғамдық қабылдаулар – халықтың күнделікті мәселесін билік назарына тікелей жеткізудің тиімді жолы. Абзал Скендерұлы жетекшілік ететін Тұран аудандық филиалдың бұл бастамасы – ел мен елдің арасын жалғап, сенімді нығайтатын айқын көрсеткіш. Көтерілген әрбір мәселе – бақылауда, ал әрбір ұсыныс – болашақ жоспарларға негіз болмақ.