Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы Төлеби ауданында тындырымды іске асуда
Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы Төлеби ауданында тындырымды іске асуда
04.07.2024 13:42
35
0


          

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен мемлекеттік органдардың ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету аясында Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телқараев қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға аудан әкімдігінің жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомовиль жолдары, қаржы және экономика, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тиісті мамандары аталған қабылдауға қатысты.

Қабылдау барысында аудан тұрғындарының көптеген сұрақтарына жауап беріліп, мемлекеттік қызмет көрсету аясындағы толғақты түйіндерге кеңестер берілді. Сұрақтардың басым көпшілігі әлеуметтік сала, тұрғын үй кезегі және жер саласы мәселелеріне қатысты болды. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша енгізілген сұрақтар мен ұсыныстар назардан тыс қалмады.

Тамылжыған табиғатымен талайды тамсындырған Төлеби ауданының шұрайлы жеріне қызығушылық танытушылар өте көп. Сондықтан болар, аудан тұрғындары арасында көп таралғаны – жер дауы. Алаш азаматы Ахмет Байтұрсынұлының: «Жер мәселесі – қазақтың тірі я өлі болуының мәселесі»,- деген сөзін еске алып, жер дауы бұрыннан-ақ шиеленіске толы тақырыптың бірі болғанын аңғаруға болады.

Жерге қатысты халық арасындағы туындаған сұрақтар да күн тәртібінен түскен емес. Аудан әкімінің халықпен кездесулерінде, жеке қабылдауларда азаматтар жерге қатысты дауын шешіп, құжаттарын рәсімдеуде туындаған сұрақтарын да қойып жатады.

Бүгін, аудан әкімі Төлеген Телғараевтың өткізген жеке қабылдауына келген тұрғындардың басым бөлігі жер мәселесін сөз етті. Кейінен электр бағаналарын ауыстыру, жол, ауыз су сапасына қатысты сұрақтарын қойды.

Қайнар елді мекенінің тұрғыны Д.Амиров бастаған бір топ азаматтар Нұрлысай көшесіне электр бағаналарын орнатуды сұранса, Жаңажол ауылынан келген И.Қожахметов асфальтталған жол бойын шөп, жабайы тікендерден тазартуды өтінді. Қ.Өмірзақов бастаған Нысанбек ауылының тұрғындары Қақпатас әулиесіне баратын жолды жөндеу мәселесін сөз етіп, Жаңаұйым елді мекенінен келген бір топ азаматтар жайылымдық, егістік жерлерге қатысты туындаған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан кеңес алды. Біркөлік елді мекенінің тұрғыны Н.Қалдыханов жеке меншік жерінің мақсатын өзгертуді сұранып, мәселенің заң аясында шешу жолдары талқыланды.

Қабылдау барысында азаматтардың арыз-шағымдары мен ұсыныстарын жеке-жеке тыңдаған аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы әрбір тұрғынның көтерген мәселесінің орындалу барысы тұрақты өз бақылауында болатынын жеткізді.

Сондай-ақ, мәселелерге қатысты жауапты орынбасарлар мен бөлім басшыларына қабылдауда айтылған мәселелерді зерделеп, заң аясында шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.

Қоғамдық қабылдаудың мақсаты – мемлекеттік органдардың ашықтығын көрсету мен халық қажеттіліктерін қанағаттандыру, заң шеңберінде тиісті уәкілетті органдар арқылы мәселелерді шешу және жүгінген азаматтарға құқықтық көмек ұсыну. Аталған іс-шара алдағы уақытта да арнайы бекітілген кестеге сай жалғасын табады.

 

0 пікір