IT HUB – КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ САЛА
IT HUB – КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ САЛА
01.05.2024 10:45
38
0

Бүгінде цифрлық технология күн сайын қарыштап дамып барады. Әрбір адамның заманауи ақпараттық-технологияларды пайдалануға мүмкіндігі де зор. Қай салада болмасын бұл технология жұмысты жеңілдетуге бірден-бір ықпал етіп отыр. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік деңгейде инновациялық экожүйені кеңейтудің маңызын «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап өтіп, Astana Hub тәжірибесін кеңінен насихаттап, өңірлерде дамыту міндетін қойған болатын. Өңірлік хабтар ұйымдастыру, аймақтарда IT-саланың дамуына жол ашады. Осыған орай, қаламыздағы Көрме орталығында «Google Devoloper Groups» тақырыбында ІТ конференция өтті.

Конференцияға мегаполистегі стартап жобалары бар жоғары оқу орындары, сала бойынша білім алып жатқан студенттер, жалпы ІТ саласы қызықтыратын көпшілік қатысты.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша 30-ға жуық ірі IT компаниясы жұмыс істейді.

-Өңірлік ІТ саласын дамытуға ықпал ету, ақпараттық технологиялар саласында тәжірибе, білім және идеялар алмасу үшін конференцияның маңызы зор. Сонымен қатар, ІТ мамандарын, жоба әзірлеушілерді, кәсіпкерлерді және мемлекеттік қызметкерлерді біріктіру мен цифрландыру саласына қызығушылығы бар жастарға бағыт-бағдар беру де басты мақсатымыз. Келешекте Шымкент қаласында өз ІТ орталығын ашсақ дейміз,- дейді Шымкент қаласының цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов.

Конференцияда «Тolem taxi» өнімінің өкілдері өз өнімдерін таныстырды. Өңірдегі көліктік саланы цифрландыру жүйесі бойынша тәжірибелерімен бөлісті.

Сонымен бірге, басқа да түрлі мобильді қосымшалар мен автоматты басқару бойынша тәжірибелік сабақтар тыңдалды. Айта кетейік, елімізде IT-бағыттарды ілгерілетіп, көшке кідіріссіз ілесу үшін білікті мамандар дайындау, білімдерін ұштап, бағыт-бағдар беру қолға алынып отыр. Нәтижесінде шетелдік ғалымдардан білім алған өрендер түрлі жетістіктерге жетіп, биіктен көрініп жүр. Әрбір өңірде IT жобалармен айналысатын жастарды қолдау мақсатында IT-Hub ашылып жатыр. 

Елімізде соңғы уақытта креативті индустрия туралы жиірек айтылып, бұл салаға мемлекет те аса мән беріп келеді. Бұл өз кезегінде азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, өмір сүру сапасы мен өзіне деген сенімділікті қалыптастыруға көп үлесін тигізері сөзсіз.  Мемле­кеттің де өз кезегінде бұл салаға айрықша қолдау көрсетуге мүдделі болып отырғаны қуантады.

0 пікір