«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫНА ОТАНДЫҚ ӨНДІРУШІЛЕР ҚАМТЫЛУЫ ТИІС
«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫНА ОТАНДЫҚ ӨНДІРУШІЛЕР ҚАМТЫЛУЫ ТИІС
12.08.2024 15:39
9
0

 

 

 

Президент бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғаны белгілі. Қазіргі таңда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Шымкентте салынып жатқан 12 мектеп құрылысының бас мердігерлері жергілікті 5 жиһаз компаниясымен келісімшартқа тұрған. Бұл жиһаз өндірушілер өздері алған тапсырыстың бір бөлігін жергілікті тағы 4 өндірушіге бөліп берді. Сала мамандары мен сарапшылардың айтуынша, елімізде алғаш рет жүзеге асырылып отырған пилоттық жоба қазақстандық компанияларды, жергілікті тауар өндірушілерді қолдаудың үлкен тетігіне айналып келеді. Бұл кәсіпкерлерді қолдап, ұлттық жобаға бөлінген қаржының ел экономикасына жұмыс істеуіне көмек болады. Дегенмен, жоба аясында тапсырыс алып, орындаудың өзіндік талаптары бар. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына қатысу үшін тауар өндірушілердің СТ-KZ немесе индустриалды сертификаты болуы тиіс. Себебі, білім беру саласындағы осы ұлттық жобаға сәйкес, мектептердің барлық ғимараттары мен жиһаздары оқушылар мен ұстаздар үшін ыңғайлы, қауіпсіз болуы тиіс. Сонымен қатар еліміздің заңдары бойынша тиімді оқыту процесін ұйымдастыру үшін білім алушылар мен педагогтердің оқу-тәрбие қажеттіктеріне сәйкес келуі керек. Осы тұста назар аударатын жайт – қазақстандық құндылықты және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту бағдарламасына сай, білім беру ұйымдары басым түрде отандық өндірістің бәсекеге қабілетті және сапалы тауарларымен жарақтандырылуы тиіс», – дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова. Жауапты мамандар құрылыс компаниялары мен жиһаз өндірушілерге ең басты талап – құрылыс пен оқу жабдықтарының сапалы болуы екенін әлдеқашан жеткізген. Бұл талапты қалалық әкімдік те, білім басқармасының мамандары да қадағалап отыр. Осы мақсатта жылдың басында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жиһаз жасаушылармен, «Жайлы мектеп» жобасына қатысушылармен арнайы кездесті. Сонымен қатар Шымкент қаласы әкімдігі аппаратының басшысы Ержан Сейтеновтың қатысуымен бірнеше жиын өтіп, «Жайлы мектеп» жобасының мердігер компаниялары мен жиһаз өндірушілер бас қосты, түйткілді мәселелерді талқылады. Ал Шымкент қалалық білім басқармасының өкілі мектеп жиһаздарына қойылатын талаптар жобаны жүзеге асырушыларға жеткізілгенін айтады. «Шымкент қаласының әкімі ұлттық жобаны жүзеге асыруға қатысты тиісті тапсырмалар берді. Мектеп салушы мердігер компаниялар мен жиһаз цехтары арасында келісімшарттар жасалды. Жалпы, «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын мектептерді жабдықтауда қойылатын талап – білім ошақтарын жаңа оқу жылына дейін қажет оқу жиһаз-жабдықтармен дер кезінде қатамасыз ету. Ал ол жиһаздарға қойылатын талапты барлығыңыз білесіздер – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы «Мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарын, сондай-ақ арнайы білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларын бекіту туралы» №70 бұйрығын негізге аламыз. Сонымен қатар оқу жиһаздары негізінен ашық түсті болуы керек. Бұл талаптарды біз «Самұрақ Қазына» АҚ-на және құрылыс компанияларына арнайы хатпен жолдағанбыз», – дейді Шымкент қалалық білім басқармасының бөлім басшысы Тұрар Саутов. Осылайша ұлттық жоба отандық кәсіпкерлер үшін, оның ішінде тауар өндірушілер үшін жақсы мүмкіндік болып отыр.

0 пікір