Жаңа Конституция азаматтардың өзекті сұранысына жауап береді
Жаңа Конституция азаматтардың өзекті сұранысына жауап береді
18.02.2026 20:29
13
0
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері өңірлерде тұрғындармен кездесуді жалғастыруда. Бүгін олар Түркістан облысына келді.
Түркістан қаласындағы конгресс-холлда мыңнан астам адам жиналды. Зиялы қауым өкілдері, дәрігерлер, педагогтар, кәсіпкерлер, ардагерлер, жастар және волонтерлер – әр түрлі жастағы азаматтар мен мамандық иелері Коалиция мүшелерінің жаңа Конституция жобасы жөніндегі пікіріне құлақ түріп, өз ойымен бөлісті және сұрақтарын қойды.
Киелі Түркістан төрінде, ғасырлар бойы мемлекеттіліктің іргетасы қаланған түркі әлемінің бесігінде ел ертеңіне қатысты мазмұнды әрі ашық диалог өрбіді. Қатысушылар қазақ қоғамының құқықтық негіздерін айқындаған алғашқы заңдар жинағының бірі – Тәуке ханның «Жеті жарғысы» осы киелі топырақта дүниеге келген еске алды. Сондықтан осынау мәртебелі мекенде ұрпақтар сабақтастығы мен ел тағдыры алдындағы жауапкершілік айрықша сезіледі. Кездесу барысында жаңа Конституцияның басымдығы – кең қоғамдық диалогтың нәтижесі әрі кәсіпкерлер, жастар, аға буын, зиялы қауым және мәдениет қайраткерлері сынды қоғамдағы барлық топтың өзекті сұранысына берілген жауап екені ерекше атап өтілді. Құжат саяси жүйе архитектурасын қоғам мүддесіне сай түбегейлі жаңғыртып, «мемлекет адам үшін» деген жаңа базалық конституциялық қағидатты жүзеге асыруға бағытталып отыр.
Коалиция мүшесі Жақсыбек Құлекеев жаңа Конституция қабылдаудың тарихи маңызына тоқталды. Ол жаңа Ата заң қазақ мемлекеттілігінің мыңжылдық тарихи сабақтастығына сүйеніп, «Қасқа жол», «Ескі жол» және «Жеті жарғы» дәстүрлерін жалғастыратынын атап өтті. Ата заңды жаңарту – уақыт талабы және мемлекеттің ұзақ мерзімге негізделген тұрақты дамуына кепіл болуға тиіс.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек көп мемлекеттегі демография мәселесіне және әлемдегі құндылықтар дағдарысына, жас ұрпақ тәрбиесіне цифрлық платформалардың ықпалы артып отырғанына назар аударды. Сондықтан Ата заңда адами капиталды қалыптастыруға, ғылым мен инновацияны дамытуға және отбасы институтына қолдау көрсетуге ерекше мән берілді.
Конституцияда некені ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде бекітетін норма азаматтар тарапынан ерекше қолдау тапты. Бүгінде әлемде негізгі ұғымдардың бұзылуы отбасы институтын әлсіретіп отыр. Осыған байланысты, Ата заңда неке тек ер мен әйел арасында қиылатыны, оның бала өміріне және ел болашағына негіз болатыны нақты бекітіледі. Бұл – отбасын қорғауға және жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беруге бағытталған нақты қадам.
Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев 2023 жылы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтай отырысы «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбына арналғанын еске салды. Қоғамда кең қолдау тапқан адал еңбек, жоғары адамгершілік, отансүйгіштік сынды құндылықтар бүгінде жаңа Конституция жобасында көрініс тапты.
Түркістандықтар құжаттың қарапайым әрі түсінікті тілде жазылғанын және қоғамның берік бағдарын айқындайтынын жеткізді. Іс-шара соңында Түркістан облысының тұрғындары 15 наурызда өтетін референдумға келіп, жаңа Конституцияны қолдауға ниетті екендерін мәлімдеді. Жаңа Ата заң – мемлекеттің қарқынды дамуының, тұрақтылықтың, келісім мен алдағы күнге деген сенімнің кепілі.
0 пікір