ЖАҢА ЗАҢ ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУІ ТИІС
ЖАҢА ЗАҢ ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУІ ТИІС
17.05.2022 16:18
251
0

     Мемлекетті бір күнде өзгерту мүмкін емес. Иә, көпшілігіміз елге, заңға өзгеріс керек екені көптен бері айтып жүрміз. Ол нақты қандай өзгеріс болуы мүмкін?
Келесі айда өтетін бүкілхалықтық референдумнан не күтеміз? Ата Заңға өзгеріс енгізіп неге қол жеткіземіз? Осы сауал бүгінде әрбіріміздің көкейімізде тұр. Себебі, алдағы өзгерістер қоғамда ашықтық пен жариялылықтың орнауына, азаматтардың қауіпсіздігінің артуына, құқықтарының қорғалуы мен әлеуметтік жағдайының жақсаруына, ең бастысы, әлеуметтік әділеттіліктің орнауына жол ашуы тиіс.
     Меніңше, Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізу – өте орынды шешім. Себебі, елімізде биліктің қайнар көзі халық деп танылғандықтан, республиканың негізгі заңын қабылдау кезінде халықтың ойы мен еркі ескерілгені жөн. Халықтың қалауын негізге ала отырып, халық үшін қызмет ететін заң жобасын қалыптастыру керек.
Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың бәрі өзара байланысты және бір мақсатты көздейді.         Атап айтқанда, мынадай үдерістерге құқықтық негіз қалыптастыруға арналған:
- Суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу;
- Бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу;
- Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру;
- Елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту;
- Азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру.
     Президент Қазақстан халқына жолдауында жаңа саяси реформалардың тұжырымдамалық негіздерімен таныстырды. Оның ішінде жоғарыда айтылған суперпрезиденттік басқару формасынан парламенті мықты президенттік республика тәсіліне түбегейлі өту туралы сөз болды. Бұл дегеніміз, келешек ұрпаққа, болашақ ел басқаратын президентке аманат десек те болады. Болашақ президент айналасына өз туыстары мен жақындарын жинамауы керек. Бар лауазымды қызметте бір әулеттің адамдары отырмауы тиіс. Суперпрезидент емес халық үшін, халықтың мддесі үшін қызмет ететін елбасы болу шарт. Мықты президенттік республика болса, ықпалды парламент президентті бақылайды. Бұл болашақта өте маңызды баланс болады.
     Сондықтан Қазақстан үшін ең тиімді жүйе – күшті Президент пен ықпалды Парламенттің өзара балансына құрылған саяси басқару моделі. Биліктің қайнар көзі халық болғандықтан мемлекеттіліктің негіздерінің бірі болып есептелетін жердің де иесі халық болуы табиғи заңдылық.

Шымкент қаласының маслихат депутаты
Н.А.Керімбаева

0 пікір