Жақсылық Мәуленов: Орталықта ем қабылдау 100 пайыз тегін
Жақсылық Мәуленов: Орталықта ем қабылдау 100 пайыз тегін
15.12.2020 14:26
587
0

Қазақстан бойынша онкологиялық аурулардың ішінде сүт безі қатерлі ісігі бірінші орында тұр. Жыл сайын республикада 4000-ға жуық сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан әйелдер тіркеледі. Бұл аурудан елімізде жылына 1400-ге дейін адам қайтыс болады. Өлім жағдайын азайтып, науқасқа дер кезінде көмек көрсетудің бірден бір жолы - ерте диагностикалау, - дейді мамандар. Ауруды ерте сатысында анықтау емнің оң нәтижесі мен науқастың сауығып кетуіне зор ықпал етеді. Сондай-ақ, медицина саласындағы шығындарды үнемдеудің бірден-бір жолы. Осы мақсатта елімізде белгілі жастағы азаматшаларға жылда скринингтік тексеру жұмыстары жүргізіледі.  Ал, дәл осы тұрғыда Шымкентегі онкологиялық орталықта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Сырқатқа шалдыққан науқастарды емдеуде қаладағы дәрігерлер мен  құрылғылар қауқарлы ма? Дәл осы сұрақтар негізінде Шымкент қалалық онкологиялық орталықтың бас дәрігері Жақсылық Оразбайұлы Мәуленовты сөзге тартқан болатынбыз. Саналы ғұмырын ұлт саулығына арнаған азамат орамды ойларын ортаға салып, эксклюзивті сұхбат берді.

Жақсылық Оразбайұлы Мәуленов – Шымкент қаласы онкологиялық диспансерлік орталығының бас дәрігері:

– Жақсылық Мәуленұлы,  ел арасында сіздің еңбегіңіз аталса да, өткеніңіз жайлы мәлімет аз. Қай өңірдің тумасысыз? Қайда білім алдыңыз? Еңбек жолын қашан, қайда бастадыңыз? Осы жайында толығырақ тарқатсаңыз.

Менің туған жерім осы Оңтүстік өңірі. Қазіргі Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында дүниеге келдім. Бірақ, ата-анамның жұмысына байланысты біз Семей қаласына көшіп кеттік. Сол жерде мектепке барып, орта білімімді сонда аяқтадым. Жоғары білімімді жетілдіру мақсатына туған өлкеме қайта оралдым. Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан медициналық Академиясына оқуға түстім. Жоғары курстарды Алматы қаласында жалғастырдым. Алғашқы еңбек жолымды Туберкулезге қарсы зерттеу орталығында Сүйек-буын бөлімінде бастадым. Сол жұмысты 2005 жылға дейін атқардым. Одан кейін Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында  12 жыл қызмет еттім. Сол жерде тәжірибе жинап, біраз білім жетілдірдім.  2017 жылы Шымкент қаласындағы Онкологиялық орталыққа жұмысқа орналастым. Мұндағы қызметім бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болды. 3 жылға жуық осы лауазымда жұмыс істеп, 2020 жылдың тамыз айынан бастап, бас дәрігер болып тағайындалдым.

Оңтүстіктің тумасы болғаныңызбен, өміріңіздің көп жылы өзге аймақта өтіпті. 2017 жылы Шымкентке қайта келгенде көзіңізге қандай мәселе түрпідей тиді. Қай тұсты түзеуге тырыстыңыз? Сырт көз сыншы деген емес пе?

Өз кәсіме қатыстыдан бастасам. Онкологиялық аурулар бірден сыр бермейді. Сырқаттың жағдайына байланысты  бірнеше дәрежеге бөлінеді. Тек 2,3 сатысында ғана ауырсыну сезілуі мүмкін. Тіпті кейбір науқастар қатты асқындырып барып келеді. Денсаулығының қадірін білмейді. Бей-жай қарайды.  Аурудың алдын алу үшін үнемі тексеруден өтіп тұру қажет. Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы барлық емханаларда онколог мамандар бар. Егер сырқаттар 1-ші сатысында анықталса,  тиісінше оны емдеу мен алдын алу әлдеқайда тиімді әрі жылдам жүзеге асады. Сондықтан дәрігер мен тұрғындар арасында берік байланыс орнату қажет деп ойладым.

Бәрімізге мәлім, биыл әлемді әбігерге салған індет біраз саланы тығырыққа тірегені жасырын емес. Барлық назар короновирустық инфекцияға ауғанда онкологиялық аурулар асқынып кетпеді ме?

Біздегі статистикалық мәліметтер әзірге нақты емес. Өйткені, өткен жылдармен салыстырайын десең алдыңғы жылдары облыс орталығы Шымкент болатын. Облыс орталығы Түркістан қаласына ауысса да, аудан тұрғындарының арасында біздің қалалық онкологиялық орталыққа келетіндері бар. Өзі ауданда, ауылда тұрады. Бірақ, Шымкент қаласындағы туыстарының, таныстарының үйіне тіркеуге тұрып бізге қаралады. Дегенмен, біздің мақсатымыз науқасқа көмек көрсету. Биылғы карантиндік талаптарға сәйкес біздегі жоспарлы скринингтік тексерулер тоқтатылды.  Сырқат саябырсыған соң, тамыз айында жоспарлы тексеру қайта жалғасты.  Биыл шамамен 1000 науқас анықталса, соның 25 пайызы сырқатынан айықты. Яғни, олардың ауруы 1-ші дәрежесінде анықталған. Ал, 2-3-ші дәрежелі онкологиялық науқастарды емдеу ұзақ уақытты талап етеді. Қазіргі таңда, жоспарлы тексеру нәтижелерінің біршамасы желтоқсан айында анықталады. Дегенмен, биыл аурушаңдық деңгейі төмендеген. Карантиндік режимге қарамастан біз науқастарға онлайн консультация жүргізуде жүйелі қолға алдық. Тамыз айынан бастап, онлайн вебинарлар ұйымдастырып, халықтың онкологиялық аурулар жайлы сауатын арттыруға күш салып жатырмыз. Алдағы жылы осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды жоспарлап отырмыз.

Халық арасында онкологиялық ауруларға тек әйелдер шалдығады деген теріс түсінік қалыптасқан секілді. Осының салдарынан да сырқатқа шалдыққан ер адамдар ауруын асқындырып алғанын жиі естиміз. Бұған байланысты көзқарасынңыз қалай?

Онкологиялық ауруларға тек әйелдер шалдықпайды. Дегенмен сырқатқа шалдыққандардың басым бөлігі нәзікжандылар. Сүт безі, жатыр мойны ісігі тек әйелдерге қатысты аурулар. Ал, тоқ ішекке қатысты сырқат екеуіне де ортақ.  Тоқ және тік ішек қатерлі ісігін ерте сатысында анықтау бойынша скрининг шараларының дүниелiк тәжiрибесiндегi өткiзу тиiмдi шара болып табылады және тоқ iшектiң қатерлi жаңа түзiлiмдерiнiң дер кезiнде анықтап, диагностикалауға мүмкіндік туғызады. Сырқатқа шалдыққан адамның нәжісінен қан бөлінеді. Біздің орталықта осыған қатысты анализ жүргізіледі.

Соңғы жиырма жылда әйелдер арасында сүт безі ісігіне шалдыққандар қатары артқан. Өз сөзіңізде бұған сырқатқа бей-жай қарау себеп деп атап өттіңіз. Оcы ретте сырқаттың негізгі белгілерін атап өтсеңіз?

Ең бірінші кезекте омырауға, яғни олардың көлеміне назар аударған жөн. Әдетте, ісіктің бірінші белгісі - бір омырау екіншісінен үлкендеу болады, яғни асимметриясы әртүрлі. Ол сырт көзге байқалады. Екінші назар аударатын жайт, төстің тығыздалып, одан белгісіз бір сұйықтың бөлінуі. Омыраудың ішке қарай тартылып, бұрмалануы. Бұл да сүт безі қатерлі ісігінің басты белгілерінің бірі. Терінің өзгеруі мүмкін.  Мұндай кезде әйелдердің терісі апельсин қабығына ұқсас болады. Қолтық астында ісіктің пайда болуы. Онда түсініксіз жара пайда болуы мүмкін. Ол аса байқалмаса да, қатерлі ісік дәл сол жерден басталады. Бұдан бөлек, шеткі лимфа бездерін ұстап көру керек, оны дәрігер анықтайды.

Бүгінде түрлі пластикалық оталардың, әсіресе, омырауды үлкейткісі келетін қыз-келіншектердің саны артып жатқанын айта кету керек. Бұл сүт безі қатерлі ісігінің пайда болуына әсерін тигізуі мүмкін бе?

Барлығы әйел адамның генетикасына байланысты. Нақты статистика жоқ. Мысалы, ол баласын ұзақ уақыт бойы емшектен шығармай жүрсе, ол ісіктен басқаларға қарағанда көбірек сақтанады деуге болмайды. Барлығы әр әйелдің өзіне байланысты - генетикасына, кезінде алған жарақаттарына, сыртқы факторларға байланысты. Кейбір оталар төсті тілу арқылы жасалады. Иә, ондай ота бала емізуге кері әсерін тигізіп, ісіктің пайда болуына әкелуі мүмкін. Ал қолтық астымен жасалған отада имплант омырау бұлшықеттерінің астына орналасып, денсаулыққа ешқандай әсерін тигізбейді. Дәрігер сүт безі қатерлі ісігі өскен сайын оның жүйке жүйесі құрылысына тікелей әсер ететінін ескертті. Осыған байланысты маммолог кем дегенде аптасына бір рет айна алдында осы белгілердің бар-жоғына назар аударуға кеңес береді. Ал сүт безі ісігінің қатерлі немесе қатерлі емес екенін анықтау үшін, дәрігердің айтуынша, биопсия (аурудың сипатын анықтау үшін науқас адамның зақымданған тінін кесу) жасап, оны микроскоппен қарау қажет. Ал оның қатерлі екені анықталып жатса, тін гистологиялық зерттеу әдісімен тексеріледі.

Шымкент қалалық онкологиялық орталығындағы аппараттардың мүмкіндігі қалай? Қанша орынға шақталған?

Онкологиялық орталық 211 орынға шақталған. Оның ішінде 20 орын күндізгі стационар. Ол жерде жеңіл сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан азаматшалар ем қабылдайды. 30 орын хирургия, 25-і гинекология, 50-і химиотерапия, 15-і полетивті көмек, 41 төсек радиологияға арналған. Химиотерапияны әр 21 сайын 7-10 күн аралығында алады. Ал, радиология бөлімі сәулелі болғандықтан 30 күнге созылады. Әр адам орта есеппен 30 күн жатады. Хирургия бөлімінде науқастар 10-12 күн ем қабылдайды. Биыл орталығымыз маммологиялық, эндоспиялық, рендгенологиялық аппараттармен толықты. Эксперттік УДЗ, лапараскапиялық, нархоздық жабдықтар алынды. Операциялық залға стол, дәрігерлерге көзге арналған лампа сатып алынды. Ол ота кезінде жақсы көріне көп септігін тигізеді. Бұдан бөлек, мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізінде орталықтан АЭК орталығы ашылу жоспарлануда. Сондай-ақ, АҚШ-та жасалған заманауи сәулелік аппаратпен толықты. Онкологиялық орталықта ем қабылдау, ота жасату 100 пайыз тегін. Тек науқастың өзі тіркелген емханадағы онкологтың консультациясында болып, жолдамамен келуі қажет. Бізде КТ, МРТ аппараттарының қызметін пайдалану да ақысыз.  Қаладағы барлық емхана, ауруханалармен байланыс орнатылған. Егер мұнда келуге мүмкіндігі болмаса сырқат өзіне жақын медициналық мекемедегі КТ, МРТ аппараттарына тегін түсуге мүмкіндік қарастырғанбыз.

Орталықта қанша қызметкер бар? Олардың біліктілігі қалай?

Біздің мекемеде 130 дәрігер бар. Одан бөлек, орта буынды медбикелер, кіші буын, қосалқы қызметкерлері бар. Барлығы 400 адам жұмыс істейді. Мамандарымыздың біліктілігі жоғары. Дамыған заманауи медициналық әдістерді меңгерген. Атап айтсам, біздің мекеменің маманы, маммопластикалық бөлімнің жетекшісі көкіректегі ісікті көкірегімен қоса алып тастап, орнына жауырыннан ет алып, ота жасады. Биылдың өзінде карантиндік мерзімге қарамастан, 30-ға жуық осындай ота жасалды. Қалалық онкология орталығындағы маммология  бөлімшесінде Медициналық сақтандыру бойынша 2020 жылдан бастап қатерсіз ісіктерге ота тегін жүргізілуде. Осы уақытқа дейін қатерсіз ісікке оталар ақылы жүргізілген. 2020жылы қаңтар айынан бастап маммология бөлімшесінде әлемнің тек алдыңғы қатарлы клиникаларында ғана жасалатын маммопластикалық оталар жасалуда.  Маммопластика отасын дәрігерлер обыр ауруына шалдыққан 32 жастағы әйелге сәтті жасап шықты. Дәрігерлер науқастың оң сүт безінен қатерлі ісік анықтаған. Операциядан алдын пациент 8-курс  химиотерапия емін қабылдапты. Ота кезінде хирургтар қолтық  асты лимфа түйіндерін, тері мен емізікшені сақтай отырып, сүт безін хирургиялық жолмен алып тастаған. Кейін   арқадағы жалпақ бұлшық етін алып, көкірек тұсына  өзінің терісін пластикалық жолмен қондырған. Мұндай отаның артықшылығы әйел сүт безінен толық айырылмайды, яғни психологиялық тұрғыда ешқандай жарақат алмайды. Екіншіден имплант немесе эндопротездерді сүт безінің орнына қойғанда, бөгде заттың іріңдеуі немесе бөгде затты ағзаның қабылдамауы деген асқынулар болмайды. Бұған дейін сүт безінің ісігіне шалдыққан науқастардың сүт безін толық алып тастайтынбыз. Бұл әдетте жас қыздар үшін психологиялық жарақат ретінде өте ауыр тиетін. Ал маммопластика отасының арқасында науқас әйелдердің көкірегін қайта қалпына келтірудеміз. Бұл отаның импланттан тиімді тұстары көп. Маммопластикадан  кейінгі оңалту әдеттегідей ұзақ уақыт пен ауырсынуды создырмайды. Онкологиялық ғылыми зерттеу институтының онкологтары біздің мамандардың кәсібилігін өте жоғары бағалап кетті. Біз үнемі қызметкерлердің біліктілігін шыңдап отырамыз. Өзге медициналық мекемелердің мамандарымен тәжірибе алмасып отырады. Жаңа атап кеткен маммалогиялық бөлімнің жетекшісі де Түркияда тәжірибе алмасып келген болатын. Биыл біздің мекеме лапараскапиялық аппарат сатып алынды. Қазіргі таңда сол құрылғының көмегімен 15 ке жуық ота жасалған. Яғни, бұрын ағзадағы ісікті алу үшін ағзаны тілсе, қазір аппарат көмегімен пышақсыз аурудан айықтырады. Жаңа аппараттың көмегімен жақында мамандар ерекше ота жасады. Мамандар сүт безінің қатерлі ісігіне шалдыққан науқастың  аналық безін хирургиялық жолмен алып тастады.  Операциядан бұрын пациент бірнеше химиотерапия курсын қабылдаған. Дегенмен, сол емнің нәтижесіне қарамастан науқастың бауырының оң жақ бөлігіне және омыртқа  сүйектеріне метастаз көп тараған, өміріне қауіп төндендіктен, Алматы қаласындағы Қазақтың онкология және радиология ғылыми зерттеу институты мамандары тарапынан: науқаста сүт безінің гармонға сезімтал ісігі болғандықтан, аналық безін алып тастау отасын жасау қажеттігі туралы кеңес берілді. 42 жастағы науқасқа, қалалық онкологиялық орталықтың онкогинекология бөлімінің мамандары лапароскапия аппаратының көмегімен ота жасады. Дәрігерлердің айтуынша, операция сәтті шығып, пациенттің денсаулығы жақсарып келеді. Айта кетейік, лапараскапиялық аппаратпен ота жасау науқастар үшін әлдеқайда  тиімдірек. Себебі отадан кейінгі ауырсыну синдромы айтарлықтай аз, косметикалық әсері айқын, тыртық қалмайды әрі науқастың стационарда жату мерзімі азайып, пациенттің еңбекке қабілеттілігі қысқа мерзім ішінде қалпына келеді.

Алғашқы еңбек жолыңызды сүйек-буын ауруларын емдеуден бастадыңыз. Кенеттен онкология саласына келуіңізге не түрткі болды? Бұл саланың ерекшелігі неде?

Онкология өте ауыр әрі шытырман сала. Медицинада анатомия деген ұғым бар. Басқа ағзалар қалыпты жағдай жұмыс жасайды. Ал, онкология бір қалыпта болмайды. Әр операция әр түрлі жасалады. Бір-біріне ұқсамайды. Өте күрделі. Ал, сүйек –буын саласында белглі бір дәрежеге жеттім деп ойлаймын. Онкологияда белгілі дәреже болмайды. Ісіктің көлемі, мөлшері қалыпты болмайды. Үнемі біліктілік шыңдап отыру керек. Сол себепті осы салаға да өзіндік үлесімді қосып, сырқаттың алдын алып, науқастардың өмірін сақтауға үлесімді қосқым келді.

Онкологиялық ауруға шалдыққан адамға ең бірінші қандай көмек, қандай кеңес бересіздер?

Онкологтың алдына еріккеннен ешкім келмейді. Бәрі күдікпен келеді. Мен дәрігерлерге үнемі айтамын. Кез-келген пацент келгенде оған психологиялық демеу беру керек.  Диагноз қойылмай жатып, нақты бір нәрсені кесіп айтуға болмайды. Бұл өзі үрей құшағында тұрған емделуішінің жағдайын асқындырып жіберуі мүмкін. 100 пайыз диагноз қойылған соң ғана сырқатқа шалдыққаны жайлы айту керек. Психологиялық кеңес берілуі қажет. Сонда ғана емделуге ұмтылады. Науқас өмірмен күресу қажет.

Кадр таңдағанда ең бірінші неге мән бересіз? Онкологиялық орталыққа жұмысқа тұру үшін қандай талаптар қойылады?

Дәрігер болғандықтан ең бірінші біліктілік аса маңызды. Жұмысқа алмас бұрын ең алдымен түйіндемесімен танысамыз. Орталыққа жұмысқа қабылдаудан бұрын белгілі сұрақтарға жауап беруі қажет. Одан кейін арнайы бекітілген сынақ мерзімінен өтеді. Жұмысқа тұрушы маманның теориясын бағалаймыз. Сол теорияны практика жүзінде тиімді қолдана алатынын саралаймыз. Мекемедегі қызметкерлермен тілтабысуы, өзін-өзі ұстау этикасына басымдық береміз. Бәрі бақылауда болады. Бұл талаптар оқуды жаңа бітіріп келген мамандар үшін. Ал, басқа жақтан ауысып келгендердің жұмыс өтілі мен бұрынғы жұмыс орнынан келген  қызметкер жайлы пікір мен мінездемеге мән береміз.

Қалай ойлайсыз, қазіргі қоғамға не жетпейді? Бүгінгі жастардың іс-әрекеті мен тәрбиесіне көңіліңіз тола ма?

Қазіргі адамдар өте асығыс. Бәріне тез қолжеткізуді қалайды. Адамдарға шыдамдылық, сабырлық, тиянақтылық молынан керек сияқты. Дәрігерлер науқасқа жіті көңіл бөлсе, мәселесін тыңдап, тиянақты жол сілтесе, ауру да асқынбас еді. Ал, жастарға келер болсақ, олар біздің айнамыз. Егемен еліміздің ертеңі. Сол себепті олардың білімі мен тәрбиесіне көп назар аудару қажет. Өйткені келешектің қожасы жастар. Ал, оларға дұрыс жол сілтеп, бағыт беру аға буын өкілдерінің парызы. Бүгінгі таңда, мемлекетіміз жастардың өсіп, білім алуына барлық жағдайды жасап қойған. Тек ерінбесе болды. Шетелде білімін шыңдаймын десе де мүмкіндік қарастырып қойған. Жұмыс істеймін десе де, кәсіппен айналысамын десе де қолдау мол. Дегенмен, қазіргі жастардың іс-әрекетіне көңілім толады. Олардың сыпайылық, қарапайымдылық, жанашырлық қасиеттерін бойына сіңіру қажет деп ойлаймын.

–Өмір жолында, қызмет,білім, денсаулық сақтау саласында үлгі тұтар тұлғаларыңыз бар ма?

Әрине бар. Денсаулық сақтау саласында Серікбаев Ғани Амангелдіұлы, Қосаев Алихан деген дәрігерлерді үлгі тұтамын. Себебі, менің дәрігерлік жолымда біліктілігімді шыңдауға көп көмегін берді. Мен бұрын Онкология және Радиология зерттеу институтында жұмыс істегенімде бұл кісілер бөлім меңгеруішісі қызметін атқарған. Қазіргі таңда біреуі марқұм болды. Ал, екінші ұстазыммен әлі күнге дейін хат алмасып,хабарласып тұрамын.

Өмір жолыңыздың басым бөлігі өзге өңірде өтті. Басқа облыстарда шымкенттіктер жайлы теріс ұғым қалыптасқаны жасырын емес. «Южанка», «Шымкентский вариант» деген терминдерді естіген боларсыз? Бұл пікірге көқарасыңыз қалай?

Мұндай ұғымның бар екені рас.  Дегенмен, ойлап қарасаңыз барлық өңірдегі сол аймақтың өсіп-өркендеуі, дамуына үлкен үлес қосып жатқан – шымкенттіктер. Алысқа кетпей –ақ, денсаулық сақтау саласын алып қарайтын болсақ, Алматының өзінде №1,№2,№3, №7 қалалық емхандағы бөлім меңгершілері немесе ең тәжірибелі, білікті мамандар Шымкенттің тумалары. Сондықтан, бұл пікірдің қалыптасуы орынсыз деп санаймын. Шымкентте орын алып жатқан түсініспеушіліктер барлық аймақта бар.

Шымкенттің қай жері ұнайды, қай жері ұнамайды?             

2017 жылы Алматыда біраз қызмет атқарып келгендіктен Шымкентке үйренісу оңай болмады. Маған бұл өңірді Алматымен салыстру қиынға соқты. Дегенмен бір жылға жетпей бұл қала маған өте қатты ұнап кетті. Ұнамайтын орындар тек уақытша ғана. Яғни, уақытша жол құрылысына байланысты көшенің жабылуы немесе жөндеу жұмыстары және сол сияқты қарапайым дүниелер. Соңғы бір жылда Шымкент менің көз алдымда жаңарды. Қала әкімдігі тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарға ризашылығымды білдіремін. Өте жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Біздің жұмыс орнымызға жақын «Спортивный» шағынауданында бұрын балалар ойнайтын спорт алаңы жоқ еді. Балалар сол төңіректің шаңын көтеріп, ойнап жататын. Осы бір жыл ісінде спорт алаңы ашылды. Бүлдіршіндер мәз-мейрам, үлкендер де үнемі жаттығу жасап, спортпен айналысып, серуендеп, таза ауа жұтып жатқанын көреміз. Қаланың көркейіп, дамып жатқанын көріп, көңілім де тоқ болады.

Халықтың тұлғалық деңгейін көтеру үшін не істеу қажет деп ойлайсыз?

Халыққа сыпайылық қажет деп ойлаймын. Этика қалыптастыру қажет. Көп жағдай түсініспеушіліктен туындайды. Сол себепті кез-келген мекемеге ашықтық пен жариялылық қажет. БАҚ-пен байланысты нығайту керек. Мекемеқалай жұмыс істеп жатыр? Қаржы қалай игеріліп жатыр? БАҚ арқылы, әлеуметтік желі арқылы халықты құлақтандыру қажет деп ойлаймын.  Халықтың құқықтық, заң бойынша сауатын аттыру керек. Сонда дамыған, алдыңғы қатарлы елдермен тереземіз теңесіп, елдің әлеуеті де атып, мемлекетіміздің мерейі үстем болары анық.

Шымкентке келгелі тұрақты қызмет еткен екі әкімді көрдіңіз. Ғабидулла Әбдірахымов, Мұрат Әйтенов?  Екеуінің айырмашылығы мен ерекшелегі қандай, сіздің ойыңызша?

Мен келгенде бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Аурухананың ішкі жұмыстарымен ғана айналыстым. Сол себепті Ғабидолла Әбдірахымов жайлы толық ештеңе айта алмаймын. Ол кезеңде де Шымкентте бірқатар жұмыстар жүзеге асты. Ал, биыл бас дәрігер болып тағайындалғаннан кейін ғана әкімдікпен байланыс орнады. Мен Мұрат Дүйсенбекұлының бастамасымен жүзеге асып жатқан жұмыстарға жоғары баға беремін. Денсаулық сақтау саласына, ұлттың саулығына баса назар аударып жатыр. Бұл құптарлық іс. Биылдың өзінде тек біздің бір ғана мекемеге әкімдік тарапынан алдыңғы қатарлы, заманауи көптеген аппараттар алынды. №2 қалалық аурухана, перзентхана да күрделі жөндеу жұмыстарынан өтті. Биыл ТМД елдерінің мәдени Астана статусын да карантиндік режимге қарамастан абыроймен атқарды. Қаланың әлеуметтік дамуы да қарқынды. Шаһардың 220 жылдық тарихының куәсі болған жерден көне қалашық Цитадель бой көтерді. Биыл эпидемиолониялық жағдайда жедел әрекет етіп, халықтың саулығына үлкен жауапкершілікпен қарауда. Денсаулық сақтау мекемелеріне қолдау көрсетуде. Сол себепті әкімдік берген қолдауды тиімді пайдаланып, халықтың денсаулығын сақтау дәрігерлердің азаматтық абыройы, парызы деп білемін.

Сұхбатыңызға рахмет! Еңбегіңізге табыс, отбасыңызға амандық тілейміз!

Сұхбаттасқан: Назипа Дарханбайқызы Мамықова


Сұрақ, шағым, арыздар бойынша бізге хабарласыңыз: 
Сілтеме: Адалдық үшін бірге күресетін боламыз!  

  ҰҚСАС ТАҚЫРЫПТАР:
 

1. Шымкент қаласының жолаушылар көлігін дамытудың схемасы бекітілді
2. Президент бастамалары жүзеге аса бастады - Ерлан Қарин
3. Жыл басынан бері көпбалалы аналар 214,2 млрд теңге көлемінде жәрдемақы алды
4. Шымкентте пәтер ұрлығы 70 пайызға төмендеген
5. ҚР Еңбекмині Әлеуметтік қамсыздандыру кодексінің тұжырымдамасына ұсыныстар жинауды жалғастыруда

0 пікір