ЖАСТАР ДЕНСАУЛЫҒЫ – ҚОҒАМНЫҢ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІ
ЖАСТАР ДЕНСАУЛЫҒЫ – ҚОҒАМНЫҢ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІ
02.07.2024 15:54
25
0

Жасөспірім шақ – 13 пен 18 жас аралығын қамтитын ерекше кезең. Өмірдің осы сатысында жасөспірім физиологиялық және морфологиялық өзгерістерді басынан өткереді, мұның психологиялық салдары болады. Жас өскін әр түрлі сыртқы факторларға қалай жауап беру керектігін білмейді. Көптеген жағдайларда жасөспірімдер эмоцияларын игере алмай, қызуқандылық танытып жатады. Жасөспірім кезеңге аяқ басқан шақта олар ересектерден тәуелсіз болуға және дербес шешімдер қабылдауға ұмтылады, себебі «мен – ересек» ұстанымы қалыптаса бастайды. Бұл жерде ересек адам ретінде өзін сезінуі – жасөспірімдік тұлғаның әлеуметтік-психологиялық жаңаруы. Сондықтан жасөспірімнің психологиялық және психикалық денсаулығына ерекше назар аудару қажет. Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Мемлекеттің ертеңгі күн тұтқасын ұстайтын, ұлт мүддесін, халық қамын ойлайтын жастарды тәрбиелеп қалыптастыру – әрбір ата-ананың, мектептегі мұғалімдердің мойнындағы міндеті. Бала – тәрбиенің үштен бірін үйдегі ата-анасынан алса, тағы бірін мектептен, қалғанын қоршаған ортасынан, айналасындағы адамдардан, достарынан алады. Бірінші байлық – денсаулық дейміз. Бірақ осы сөздің салмағын, жүктер жауапкершілігін жастар мен жасөспірімдер көбіне сезбейтін де, мойындамайтын да сыңайлы. Қазіргі қоғамда халықтың табиғи өсімі төмендеп, сырқаттанушылық және өлім-жітім деңгейі арта түсті. Әсіресе, жасөспірімдер мен жастардың ден­саулығына қауіп туындауда: темекі тарту, ішімдік пайдалану, есірткіге және улы заттарға әуестілік, адамгершілікке жат мінез-құлық, ерте жыныстық қатынас кеңінен орын алуда. Жастар – біздің болашағымыз. Жас бала еліктегіш, қызба келеді, сондықтан да темекіге, ішімдікке тым үйір болады. Әлеуметтік дерттің негізгі себептері рухани-адамгершілік тәрбиенің жетіспеуі, жас ұрпақтың зиянды әдеттерге әуестігінің көбеюіне байланысты. «Ауырдым деп ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», – деген қазақ халқы. Сондықтан, денсаулық үшін жауапкершілік, алдымен, жастардың өздеріне, содан кейін, медицина қызметкерлеріне жүктелуі тиіс. Сонда ғана, әр жасөспірім өз денсаулығы үшін жауапкершілікті сезініп, саламатты өмір салтын ұстануға, табысты әрі мықты болуға ұмтылады 

Халықтың репродуктивті денсаулығын қорғау – мемлекетіміздің денсаулық сақтау саласындағы басты бағыттардың бірі. Осы тұрғыда жасөспірім қыздар мен әйелдердің репродуктивті денсаулығын сақтау мәселесі Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның үнемі назарында. Мемлекет тарапынан халықтың денсаулығын сақтау саласына қажетті қаржыландыру, материалдық жабдықтау бойынша үнемі қолдау көрсетілуде. Бұл жайлы бүгін ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орыбасары Ләззат Сүлеймен ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.

Елімізде ана мен баланың құқығын қорғау, әлеуметтік және денсаулық жағдайын жасау туралы түрлі қорлар, кеңестер мен қоғамдық ұйымдар жұмыс істеуде. Халықаралық ұйымдар тарапынан да үнемі практикалық қолдау көрсетіледі.

«Осыған қарамастан, жасөспірімдер арасында босану мен түсік жасату, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, ана мен бала өлімі фактілері елімізде орын алуда. Сондықтан бұл сала әлеуметтік көмекті қажет ететін ең өзекті мәселеге айналып отыр. Жастардың денсаулығы - ұлттың болашағы, ұлттың сапасының негізі десем артық айтпаспын. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне тоқтала кетсек, жыл сайын бүкіл әлемде 15-19 жас аралығындағы 12 млн қыз бала ана атанады екен, оның 775 мыңы - 15 жасқа дейінгі жасөспірім екенін мәлімдеп отыр», – деді спикер.

Жалпы елімізде 18 жас аралығындағы балалар саны 7 миллионға жуық,  оның ішінде ұлдар 51%, қыздар 48-49%-ды құрайды. Қала/ауыл бөлінісінде балалар арасындағы ұлдар мен қыздардың да үлесі бірдей. Бала туу жасындағы әйелдер саны елімізде 4,7 млннан асады. Соңғы кезде жиілеген «жазатайым оқиғалар» жастардың мүгедек, ауру, отбасына масыл болуына әкеп тіреуде. Жарақаттар, соның ішінде көлік оқиғалары мен спорттық жарақаттар жастар арасындағы өлім мен мүгедектіктің негізгі себептерінің бірі болып отыр. Яғни жастарда қауіпсіздік туралы білім беру бағдарламалары, қоғамдық орындарда және спорттағы қауіпсіздік ережелерін жақсарту және жол қозғалысы қауіпсіздігіне бағытталған заңнаманы ақпараттандыру жағы әлсіз болып тұр.

         Кез  келген медициналық мәселенің, денсаулық жағдайдың алдын  алу және хабардар ету – жастардың денсаулығын жақсартудың кілті. Саламатты өмір салтына қолжетімділікті арттыру, психикалық және физикалық денсаулықты қолдау әрбір елдің саясатындағы басымдық болуы тиіс. Біз жастарда кездесетін денсаулық мәселелерінің тек бесеуін айтып өттік. Естіген құлаққа кірісу керек дүние айтылды. Әрбір айтылған ұсыныс – тек біздің емес, тұтас елдің санасында сайрап тұрған дүние. Сондықтан, көңіл бөліп ғана қоймай, кезек күттірмей іске кіріскен жөн. Елдің демократиясы маңызды деген сөзге сай іс әрекет болса, мақсаттың орындалғаны.

0 пікір