ЖАСТАР МЕРЕКЕСІ ОН КҮН БОЙЫ ТОЙЛАНАДЫ
ЖАСТАР МЕРЕКЕСІ ОН КҮН БОЙЫ ТОЙЛАНАДЫ
06.08.2024 14:53
5
0

 

Биыл Халықаралық жастар күні «Жастармен бірге» ұлттық жастар онкүндігі форматында аталып өтіледі. 3-12 тамыз аралығында республика бойынша 1 000 000-нан астам адам қамтылып, бес мыңнан астам іс-шара жоспарланған. Ең алдымен, халықаралық жастар күнін атап өтудің жаңа тұжырымдамасы Жастар саясатының негізгі міндеттерін орындауға бағытталған. Оның ішінде жұмысқа орналастыру, нашақорлық пен лудоманияның алдын алу, экологиялық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті дамыту, ұлттық сананы нығайту мәселелері бар. Сондай-ақ, ұлттық онкүндік шеңберіндегі іс-шаралар «Адал азамат» концепциясын насихаттауға ықпал ететін болады. Айта кетейік, онкүндік республикалық жастар қоғамдық бірлестіктерімен өзара байланысына ықпал етеді. Онкүндіктің әр күніне арнайы тақырып қойылған.

Осыған орай, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Орталық саябақта, жастар арасында «Just quiz» интеллектуалды сайысы өтті.

Сайыстың мақсаты – қала жастарының зияткерлік қабілеттері мен білімін шыңдау, ой-өрісін дамыту, әдет-ғұрып, ғылым, өнер, әдеби мұраларды насихаттау, ұжыммен жұмыс жасау дағдыларын арттыру, сондай-ақ, ана тілімізді, ұлттық құндылықтарымызды арттыру, зияткер ортаға үлес қосу, жастардың танымын арттыруға, ізденуге, алған ақпаратты қысқа уақыт ішінде сараптан өткізуге, қисынды ойлауға баулу болатын. Ұйымдастырушылар дегеніне жетті десек болады. Сайыс өте қызықты, тартысты өтті. Дегенмен, жаз мезгілі болғандықтан жастарды жинау оңайға соқпады дейді ұйымдастырушылар.

– Зияткерлік сайыста бәсекеге түсетін әрбір команда өз ортасында топ жарған білімді жастар. Сәттілік серіктеріңіз болғай! Алдағы уақытта осындай жастардың басын қосатын көшбасшы, интеллектуалды ойындарға қатысуына ықпалдасып, үлгі болыңыздар. Жастардың таным-көзқарас көкжиегін кеңейтетін іс-шаралар легі толыса берсін, – деді Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының басшысы Марат Спатаев.

«Just quiz» интеллектуалды сайыста жастар 4 топқа бөлініп, түрлі логикалық сұрақтарға жауап беріп, сондай-ақ қызықты кезеңдерде бақ сынасты. Әр кезеңде топтар ұпай жинап, соңында қорытынды ұпай саны жарияланып, жеңімпаз топтар арнайы алғыс хаттар мен сыйлықпен марапатталды.

 

0 пікір