Жастарға берілген жалдамалы пәтердің жыры біте ме?
Жастарға берілген жалдамалы пәтердің жыры біте ме?
16.07.2024 15:57
13
0

Кез келген мемлекетте тұрғын үй негізгі мәселелердің бірі болып саналады. Себебі, азаматтарының әлеуметтік игілігі олардың тұрғын үймен қамтылуына тікелей байланысты. Бүгінде елімізде баспана алуға қатысты бірқатар бағдарламалар бар. Соның тиімділігін пайдаланып, тұрғын үйге қол жеткізіп жатқан жандар да жоқ емес. Сондай-ақ, тұрғын үй мәселесі жастар арасындағы басымдықтар тізімінде әрқашан жетекші орынға ие болды. Жастардың аз ғана бөлігі ғана жинақсыз үйді тез сатып ала алады. Қазақстандағы жастарға арналған жалдамалы баспана – бұл жалдау жүктемесін азайтуға және жеке пәтерді мүмкіндігінше тезірек сатып алу үшін қажетті соманы үнемдеуге мүмкіндік беретін бағдарлама.

Елімізде 2019 жылдан бері жұмыс істейтін жастарға жалдамалы пәтер беріледі. Ұзақтығы 5 жыл. Бірақ жастардың жалға берілген пәтерді сатып алу құқығы жоқ. Десе де 5 жыл өз баспанасына ақша жинауға берілген үлкен мүмкіндік. Алайда пәтерлерді жалға алған жастар бүгінде ақша жинау мүмкін емес екенін айтып, тұрып жатқан үйлерін Үкіметтен өздеріне бастапқы жарнамен сатуды сұрап отыр. Бұл бағдарлама еліміздің үш мегаполисінде, дәлірек айтқанда Астана, Алматы және Шымкент қалаларында іске асты. 2019 жылы – Жастар жылында жастар қуана қабыл алған, жұмысшы жастарға берілген жалдамалы пәтерлер бүгінде жастардың басты мәселесіне айналып отыр. 2019 жылдан бері Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жалдамалы пәтерге орныққан жастардың саны 10 000-ға жуықтады. Осы бастама кейінгі жылдары жалғасын тауып, бүгінде жұмыс істеп жүрген 10 мыңға жуық жас маман сату құқығынсыз жалдамалы пәтерлерде тұрып жатыр. Әуелде мұндай пәтерлер бес жылға берілген еді. Бірақ былтырғы 27 наурызда Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2019 жылғы 29 тамыздағы «Жұ­мыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға бері­летін тұрғынжай беру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына ен­гі­зілген өзгеріске сәйкес аталған мер­зім үш жылға дейін қыс­қар­тылды.

Бұл ретте бір айта кетерлік жайт – нормативтік-құқықтық актілердің кері күші жоқтығына байланысты жалдамалы пәтерге өткен жылға дейін қол жеткізген жұмыскер жастар сол уақытша баспаналарында бес жыл тұра алады. Ал осындай тұрғынжайға 2019 жылғы күзде кірген жас азаматтар шартта көрсетілген тұру мерзімі биыл аяқталуына байланысты бірнеше айдан соң жалдамалы пәтерлерін босатуға тиіс.

Жастарға берілген жалдамалы пәтерде тұратын шымкенттік Дидар Сеитмаханбетқызы бүгінде ақша жинау қиынға соғып отырғанын айтты.

«2021 жылы жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы пәтер бағдарламасымен екі бөлмелі пәтерді сатып алу құқығынсыз жалға алдық. Қазір осы үйде тұрып жатырмыз. Бұл үйге үш баламызбен кірдік. Өзім декреттегі анамын. Төртінші сәбиімді дүниеге әкеліп, мен де көпбалалы ананың бірі атандым. Осы мемлекеттік бағдарлама арқылы берілген жалдамалы пәтерде тұрып жатқанымызға төрт жылдай уақыт болып қалды. Алайда осы уақыт аралығында өз пәтерімізге ақша жинауға ешқандай мүмкіндік болмады» - дейді. Қала тұрғынының айтуына қарағанда, пәтер берілгенде конкурсты жеңген жастар жиһазсыз, бос үйге көшіп келген. Жастардың көбі жиһаздарды, техникаларды банктерден пайызсыз бөлеп төлеу үшін қарызға алды. Олардың біразы қарыздарын енді төлеп бітіріп жатыр.

«Қарыздарымыздан бөлек кішкентайларымыз жекеменшік балабақшаға барады. Біздің ауданда мемлекеттік балабақшаға орын болмай жатыр. Осылайша тапқанымыздың көп бөлігі балабақшаға, азық-түлікке кетіп жатыр. Қымбатшылық қысып барады.  Барлығының бағасы өсіп жатыр. Жалдамалы пәтер алған жастардың көбі отбасылы. Үйінде тек күйеуі жұмыс істейтіндер көп. Бала күтімінде отырған, көпбалалы атанған аналар үйде бала тәрбиесінде. Сол себепті осы тұрып жатқан баспанамызды 10 пайыз бастапқы жарнамен сатып алу құқығын берсе деген ойымыз, үмітіміз бар. Енді қазір өз үйіміздің ең құрығанда бастапқы жарнасын жинап жатырмыз. Бірақ қымбатшылықты қуып жете алмай келеміз. Жинаған қаржымыз тек қазіргі бір бөлмеді пәтердің тек 20 пайызына ғана жетеді. Тіпті өз баспанасына ақша жинай алмай жатқан отбасылар да бар. Тапқандары күнкөрістеріне ғана жетеді. Сол себептен де қазір тұрып жатқан үйді бастапқы жарнамамен сатып алуға мүмкіндік болса, қуанар едік. Болмаса басқа тиімді, жеңіл бағдарлама шықса, нұр үстіне нұр болар еді», - дейді Дидар Сеитмаханбетқызы. Еске салсақ, Шымкент қаласы бойынша 2019 жылдың желтоқсан айында құжаттар қабылдау басталып 2020 жылы сатып алу құқығынсыз жастарға 904 пәтер қолдансқа табысталса, 2021 жылы 300 пәтер берілген. Жастар бағдарламасы бойынша сатып алу құқығынсыз жалға берілген пәтерлерді жастар 5 жылға дейін жалдап тұра алады. 2022 жылы жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 211 пәтер берілген.

Қалай болғанда да, мүдделі мемлекеттік органдар биыл күзде жалдамалы пәтерде тұру мерзімі аяқталатын 1 мың жас азаматтың баспана мәселесіне мұқият назар аударып, ұтымды шара қолданса, құба-құп.

0 пікір