Жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдар заңмен қорғалады
Жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдар заңмен қорғалады
16.02.2022 12:33
81
0

Заң жобасы мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда қаралды

Қазақстанда жемқорлықты әшкерелеуге көмектескен адамдар туралы ақпаратты жария еткені үшін қылмыстық жауаптылық енгізілуі мүмкін. Мұндай норма "Кейбір заңнамалық актілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында көзделген.
Заң жобасы мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда қаралды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов коррупция фактілері туралы хабарлаған азаматтарды қорғау жүйесі жетілдірілетінін атап өтті.
"Бүгінгі таңда мемлекеттік қорғау тетіктері тек қылмыстық процеске қатысатын адамдарға ғана көзделген. Ал жемқорлық туралы хабарлайтын адамдар қылмыстық процеспен қамтылмауы мүмкін. Оған қоса, қорғау шарасы тек зорлық-зомбылық немесе күш қолдану қаупі болған кезде ғана қолданылады. Мысалы, заңнамада мұндай тұлғалардың еңбек құқықтарын қорғау шаралары қаралмаған. Яғни, жұмыс барысында қудалану тәуекелі бар", - деді агенттік төрағасы.
Осыған байланысты жемқорлық қылмысын әшкерелеуге жәрдемдескен адамдарды қорғау шаралары қарастырылып отыр.
Біріншіден, хабарлаушылардың еңбек қатынастары саласындағы құқықтарын қорғау. Оларға қатысты тәртіптік шара қолдану мәселесі алқа отырысында қаралады. Бұл ретте мұндай шешім әділ және ашық болу үшін отырысқа міндетті түрде отырысқа агенттік өкілі шақырылады.
Екіншіден, жемқорлық туралы хабарлаған адам жөніндегі мәлімет құпия сақталады. Ал оны жария еткені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу көзделген.
 
"Аталған шаралар әшкерелеуші адамның құқықтарын қорғауға кепілдік береді", - деп сендірді Ахметжанов.
 
Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда бірауыздан мақұлдады.
Айта кетері, заң жобасында, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің негізсіз баюына тосқауыл қоятын нормалар да бар. Мәселен, кірістері мен шығыстары арасындағы айырмашылық 1 000 АЕК-тен (3 млн теңге) асатын мемлекеттік қызметшілерге айыппұл салынады. Ал егер айырмашылық жылдық табыстан асса, олар мемлекеттік қызметтен үш жылға босатылады.
 
Дереккөз:Sputnik Қазақстан 
0 пікір