ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПТЕГІ НЕГІЗГІ КҮШ ӘЙЕЛДЕРДЕ
ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПТЕГІ НЕГІЗГІ КҮШ ӘЙЕЛДЕРДЕ
23.05.2024 12:30
39
0

Ел экономикасында қыз-келіншектерді жұмыспен толыққанды қамтып отырған негізгі саланың бірі жеңіл өнеркәсіп. Мұнда қазір қызмет етіп жүрген мамандардың 99%-ы әйелдер. «Жеңіл өнеркәсіп қазір әйелдерді жұмыспен қамту, өңірлердегі тұрақтылық секілді бірқатар маңызды мәселелердің шешімін беріп отырған сала, мемлекет үшін бұл сала сөзсіз басымды бағытқа айналуы тиіс.

Әйелдерді жұмыспен қамту шаралары Төлеби ауданында да күн тәртбінде тұрған мәселе. Қазір мұнда осы бағыттағы жылына 150 мың дана арнайы киім тігетін фабрика салынып жатыр.

Түркістан облысы, Төлеби ауданында тірлігі табысты саналатын тігін фабрикасының құрылысы жүріп жатыр. Қазір ғимарат тұрғызылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Ал кәсіпорынның инфрақұрылымға қатысты мәселелері кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бақылауына алынып, жергілікті бюджеттен тиісті қаражат бөлінді. Алдағы уақытта электр, телефон желілері мен су құбырлары тартылады. Жеке инвестиция есебінен жүзеге асып жатқан жоба KAZPLAST ЖШС-ға тиесілі. Жалпы инвестициялық құны – 1,5 млрд теңге. Жылына 150 мың дана арнайы киім тігетін кәсіпорында 150 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Биыл жұмысын бастағалы отырған фабрика өнімдері ел іші қажеттілігін өтемек. Жалпы Түркістан облысында жыл басынан бері жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 14 277,8 млн. теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі – 111,1% құрады. Ал өнеркәсіптің өндірілген өнімінің жалпы көлеміндегі жеңіл өнеркәсіптің үлесі 5,2% құрайды. Қазіргі таңда облыс аумағында жеңіл өнеркәсіп саласында жалпы 50-ге жуық кәсіпорын бар. Оның ішінде, 25 кәсіпорын мақта өңдейді, ал 10 тігін кәсіпорындары мен 9 тігін цехтары жұмыс істейді, 3 кәсіпорын аяқкиім шығарады, 1 кәсіпорын медициналық мақта шығарады.

Айта кетейік, облыста жіп және мата өндіретін кәсіпорындар жоқ. Алайда қазір аграрлы өңір әлеуетін осы салаға бағыттап, шикізат шығарып қана қоймай, дайын өнімді нарыққа шығару жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Салаға шетелдік инвесторлар мен заманауи технологияларды тарту арқылы жіп иіріп, мата өндіру ісінде алда кеткен елдердің тәжірибелері қолданылмақ.

Халықтың қамын ойлаған ел, алдымен азық-түлік, киім-кешек сынды кезек күттірмес қажеттіліктерді ішкі нарықта өндіруді қолға алуы тиіс. Бұған біз кешегі жаһандық пандемия мен солтүстік көршіміздің мысалынан-ақ көз жеткізе аламыз. Бүгінгі таңда жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне деген ел ішіндегі жалпы сұраныстың бар болғаны 5%-ы ғана отандық өнім өндірушілер есебінен қамтылуда. Ал еліміз бұл тұрғыда өз-өзін сенімді сезінуі үшін сұраныс тізгінінің, кем дегенде, 30%-на өзі иелік етуі тиіс.

0 пікір