
Бүгінде Шымкент қаласында Ұлы Отан соғысының от-жалынын кешіп, аман оралған екі майдангері ғана қалды. Сол қос тірі аңыздың бірі – Мұраталы Төлепбергенұлы 1925 жылы 20 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Жаскешу ауылында дүниеге келген.
Ол 1943 жылы, небәрі 18 жасында Отан үшін от кешуге аттанып, майданның ең ауыр, ең қанды белестерінен өтті. Брест қамалынан басталған жауынгерлік жолы Варшава, Данск, Виссмарк, Биттенберг пен Перлеберг секілді қалалардың азаттығы үшін болған шайқастармен жалғасты. Ол көзбен көрген сұрапыл соғыс – тарихтың құрғақ парағы емес, әр күні қан мен терге, өлім мен өмірге толы азапты кезең еді. Жеңіс туын Германияның Биттенберг қаласында қарсы алған сарбаз елге тек 1950 жылы оралды. Бірақ ол үшін майдан ешқашан ұмытылған жоқ.
Бейбіт өмірде де майдангер қарап қалған жоқ. Ол ел еңсесін көтеруге, туған топырақтың тіршілігін түзеуге жанын салды. Трактор бригадасын басқарды, бухгалтерлік қызмет атқарды, ферма меңгерді – қай салада жүрсе де еңбекке адалдығымен ел есінде қалды. Тек майдан даласының ғана емес, еңбек майданының да қаһарманы. Екі ұл мен алты қызды тәрбиелеп өсіріп, бүгінде 21 немеренің, 3 шөберенің ақылман атасына айналды. Бұл – тек бір әулеттің емес, бір ұлттың рухани жеңісі.
Жауынгерлік ерлігі ескерусіз қалған жоқ. Ол ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» және басқа да мерекелік медальдармен марапатталды. Бұл марапаттар – оның кеудесіне тағылған темір белгі ғана емес, елдің алғысы, уақыттың мойындауы.
Былтыр Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қос ардагерге пәтер кілтін табыстаған еді.
Қазақ халқының рухы – қаһарман бабаларымыз арқылы өлшенеді. Олар – ұлттың шын мәніндегі рухани тұғыры.