ЖОЛДАУ ЖАҢА МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕЙДІ
ЖОЛДАУ ЖАҢА МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕЙДІ
12.10.2022 17:15
59
0

ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру аясында шаhардағы «Карлскрона» ЖШС кәсіпорнының ұжымымен кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараны АМАНАТ партиясының Шымкент қаласы Қаратау аудандық филиалы ұйымдастырды.

Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары Талғат Балтабаев, Наргиза Керімбаева Мемлекет басшысының Жолдауындағы жаңа экономикалық саясат, кәсіпкерлікті дамытудағы жаңа өзгерістер, жұмысшылардың әлеуметтік мәселелерін көтеру жөніндегі негізгі басымдықтарды атап берді.

– Мемлекет басшысы Жолдауда жаңа экономикалық бағдарымызды айқындап берді. Жаңадан кәсіп бастаушылар мен кәсіпкерлерді қолдау, жұмыссыздық мәселесін шешуде оң бетбұрыстар жасалмақ. Қазіргі таңда жаңа өндіріс орындарын ашу, жұмысшыларға жағдай жасау, мамандар даярлауға көңіл бөлінуде. Нарықтық кезеңге сәйкес, шығарылған өнімдер де бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Жалпы Жаңа Қазақстанда өндірісті дамытуда бірлесе жұмыс атқаруға шақырамын, – деді мәслихат депутаты Т.Балтабаев.

«Карлскрона» ЖШС-і сорғы жабдықтары мен құбыр арматуралары өндірісі жобасын жүзеге асыруда. Мекеме басшылары бүгінде өндірісті кеңейту жобаларын қолға алған. Кездесуде кәсіпорын жұмысшылары өз ұсыныстарын айтты.

Сонымен бірге, Жолдауды іске асыру бағытындағы кездесу  қаладағы Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде өтті. Жиынға оқу орнының оқытушылары мен студенттері қатысты.

Университеттің тәрбие және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры Бердіқұл Садықов Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауындағы басым бағыттар, жастарға жүктелген міндеттер туралы әңгімеледі. Қазіргі бәсекелестік заманында жастардың білімге ден қойып, өз ісінің білгір маманы болудың маңыздылығына тоқталды.
– Мемлекет басшысының әр Жолдауында жастарға жан-жақты қолдау көрсетілетіні жөнінде айтылып келеді. Жастар қандай білім алса да, қандай кәсіп бастаса да мемлекет тарапынан қолдау барын сезінуі тиіс. Қазір ғылымды игеріп, кәсібін дамытып, тек алға қадам басатын кезең. Жас буын жасампаз болса, елдің болашағы да жарқын болары сөзсіз, – деді Б.Садықов.
Кездесуде Жолдау аясындағы міндеттер, оны іске асырудың тетіктері айтылды. Жолдауда айтылғандай, жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болатыны анық. Осы тақырып аясында студенттер өзара пікір алмасты.
0 пікір