
Заманауи білім кеңістігіндегі өз орны бар оқу орындарының бірі — Шымкент қаласындағы Тәшенов университеті. Біздің Dabilinfo.kz ақпараттық агенттігі және “Саясат-ақпарат” республикалық қоғамдық-саяси газетінің редакциясы атынан бұл білім ордасына арнайы барып, университет өмірімен, білім беру үдерісімен және студенттер тіршілігімен жан-жақты таныстық.
Айта кетерлігі, “БелесPROGRESS” деп аталатын жаңа танымдық-шолу бағдарламамыздың алғашқы түсірілімі дәл осы Жұмабек Ахметұлы Тәшенов университетінен бастау алды. Ел ішіндегі білім ордаларының тыныс-тіршілігін, даму бағытын, студенттермен жүргізілетін жұмысты насихаттауды мақсат еткен бұл бағдарлама үшін дәл осы университетті таңдауымыз — кездейсоқ емес. Себебі бұл оқу орны өз тарихымен де, бүгінгі бет-бейнесімен де көпке үлгі бола алады.
Бірден айта кету керек, Жұмабек Ахметұлы Тәшенов университетінің басты ерекшелігі — жаңашылдық пен ұлттық құндылықтардың үйлесімінде. Университет ұжымы өз алдына заман талабына сай бәсекеге қабілетті, білікті маман дайындауды мақсат етіп қана қоймай, жас ұрпақты рухани тұрғыда да байытып, ел болашағына еңбек ететін саналы азамат қалыптастыру жолында еңбек етіп келеді.
Университеттің оқу ғимараттары — технологиялық тұрғыдан жақсы жабдықталған: кабинеттерде интерактивті тақталар, заманауи зертханалар мен арнайы оқу алаңдары бар. Университет басшылығы білім сапасын арттыру жолында цифрландыру жүйесін, жобалық оқытуды және халықаралық тәжірибені белсенді енгізіп отыр. Әсіресе, бізді университеттің шетелдік оқу орындарымен жасаған ынтымақтастық байланыстары қызықтырды. Түркия, Ресей, Өзбекстан сынды елдердің университеттерімен бірлескен жобалар, академиялық ұтқырлық бағдарламалары – мұның бәрі студенттер үшін үлкен мүмкіндік.
Университет қабырғасындағы жастардың белсенділігі де қуантады. Білім ғана емес, тәрбие, мәдени даму, әлеуметтік белсенділік — мұның бәрі оқу үдерісінің құрамдас бөлігіне айналған. Бізбен кездескен студенттер болашаққа сеніммен қарайтын, өз кәсібіне ынтасы бар, білім мен тәжірибені ұштастыруға ұмтылатын жастар екені байқалды.
Сонымен қатар, университет жанындағы студенттер үйі де қазіргі заман талабына сай жабдықталған. Жайлы бөлмелер, оқу орындары, тынығуға арналған бөлмелер — барлығы студенттің толыққанды өмір сүруі мен оқуы үшін жасалған. Ал кітапхана — білімнің алтын ордасы. Сандық және дәстүрлі қорды үйлестірген бұл ортада кез келген білімгер өзіне қажет ақпаратты таба алады.
Университеттің тыныс-тіршілігімен таныса отырып, біз бұл білім ордасының ел болашағына қосып жатқан үлесінің салмақты екенін терең түйсіндік. Жоғары білім беру саласындағы тың серпін, жаңашыл бастамалар, ұлттық болмыс пен заманауи көзқарастың сабақтастығы — Жұмабек Ахметұлы Тәшенов Тәшенов университетін ерекшелейтін басты қасиеттердің бірі.
Осы орайда Жұмабек Ахметұлы Тәшенов атындағы университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Бектұрсын Ғалымжан Шәмшідінұлы бізбен болған сұхбат барысында оқу орнының өткен жолы мен алдағы бағыты туралы былай деп бөлісті:
«Жұмабек Ахметұлы Тәшенов атындағы университет акционерлік қоғамы — 1998 жылы Жетісай қаласында ашылған жоғары оқу орны. Ол кезде университеттің атауы “Сырдария” болатын. Университеттің ашылу мақсаты — Мырзашөл өңіріндегі шалғай аудандарда тұратын жастарға сапалы білім мен тәрбие беру еді. 2022 жылға дейін, яғни ширек ғасыр бойы бұл оқу орны тек сол өңірдің ғана емес, сонымен қатар Өзбекстандағы қандастарымыздың да білім алуына мүмкіндік жасап келді.
2022 жылдың қазан айында университет жаңа деңгейге көтеріліп, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ахметұлы Тәшеновтің есімі берілді. Бұл – оқу орнының дамуы мен беделінің артуындағы маңызды кезең болды.
Бүгінгі таңда университеттің алғашқы бес жылдық даму жоспары бойынша негізгі мақсат — Шымкент қаласының орталығында орналасып, республика деңгейінде жастарға сапалы білім мен тәрбие беру. Сонымен қатар, стратегиялық тұрғыдан алғанда, алдағы мақсатымыз — университет қызметін халықаралық деңгейге көтеру. Қазірдің өзінде біз алты халықаралық университетпен келісімшарттар жасап, бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз.»
Бұл сапарымыздан алған әсеріміз бен жинаған мәліметтерімізді бейнероликке топтастырып, оқырманға шынайы әрі көркем формада ұсынуды мақсат еттік. Бүгінгі ақпарат тасқыны мен өзгермелі қоғамда осындай сапалы, жүйелі білім беру орталықтарының болуы — біз үшін де, болашақ ұрпақ үшін де аса маңызды.
Жұмабек Ахметұлы Тәшенов университеті — тек білім ордасы ғана емес, жас ұрпақтың тұлғалық қалыптасуына, ел дамуына өзіндік үлес қосатын ұжым екеніне көзіміз жетті. Мұндай сапарлар алдағы уақытта да жалғасын табады. Себебі білім мен болашақ — қатар өрілетін қос ұғым. Ал біз сол болашаққа бағыт беретін, шынайы ақпаратпен бөлісетін медиакөпір болуға әзірміз.