«КАДРЛЫҚ РЕЗЕРВ»: ЖАСТАРҒА СӘТТІ МҮМКІНДІК
«КАДРЛЫҚ РЕЗЕРВ»: ЖАСТАРҒА СӘТТІ МҮМКІНДІК
07.09.2024 13:52
30
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірлік кадр резервіне іріктеум бойынша тапсырма берген болатын. Елімізде жас мемлекеттік қызметшілерге қолайлы жағдай жасалып, мүмкіндіктерін арттыру бағытында тың жобалар қолға алынып келеді. Себебі, жастар әркез еліміздің қозғаушы күші, әрі елдің ертеңі.

         Биыл алғаш рет Шымкент қаласында өңірлік кадр резервіне іріктеу жүргізілді. Жобаның басты мақсаты – жас басқарушылардың пулын қалыптастыру және өңірді дамытуға талантты жастарды тарту. Шымкент қаласындағы өңірлік кадр резервіне кімдер қатысты, үміткерлер қандай бағытта жоба ұсынды?
         Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Қанат Қадырбеков өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте айтты.
–Өңірдің әлеуметтік-экономикалық және басқа да ерекшеліктерін ескере отырып, кадр резервіне іріктеудің 7 салалық бағыты айқындалды. Олар: индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, экология бағыттары. Үміткерлер осы бағытта жоба ұсынып, комиссия алдында таныстырды. Жеке тұлғалық қаситеттері мен жобаның маңыздылығына қарай шешім шығарылды, – дейді Қанат Қадырбеков.
         Жалпы, өңірлік кадр резервіне 400-ге жуық тұрғын құжат тапсырған. Іріктеудің 1-2 кезеңі бойынша тестілеуді 128 адам сәтті тапсырып, келесі кезеңге өткен. Ал, 2 кезең бойынша кандидаттар ассессмент-орталық уәкілетті орган белгілеген кестеге сәйкес Астана қаласындағы академия базасында офлайн форматта бақылаушылардың сұрақтарына жауап берді. Нәтижесінде 47 кандидаттың өтініші мақұлданған. Содан кейін қала әкімі Ғ.Сыздықбеков кандидаттармен кездесу өткізген. Жиын барысында қатысушылар өз жобаларының тиімділігін комиссия мүшелерінің алдында қорғаған. Кездесуден соң таңдаған салалық бағыттары және қойылған талаптарға сәйкес келген 30 үміткер өңірлік кадр резервіне өтті.
         Айта кетейік, құжаттарды қабылдау осы жылдың наурызынан маусым айының соңына дейін жүргізілді. Іріктеуден өткен 30 адам өңірлік кадрлық резервке қабылданды. Олар 2 жыл ішінде жергілікті атқарушы органдардағы түрлі бос лауазымдарға конкурссыз тағайындалуға үміткер бола алады.

0 пікір