КӘСІБІ БЕРЕКЕЛІ НӘСІПКЕ АЙНАЛҒАН
КӘСІБІ БЕРЕКЕЛІ НӘСІПКЕ АЙНАЛҒАН
02.07.2024 15:14
36
0

 

«Ауылдан шықпағанның ақылы ауласынан аспайды». Ел арасындағы осы түсінікті Төлебилік кәсіпкер әйелдер жоққа шығарды. Ауыл әйелдері сауатсыз һәм білімсіз, тек ошақ басында үй шаруашылығымен айналысуға қабілетті деген жалған стереотип қалыптасқан. Асқар шыңдарға ту тіккен іскер әйелдің бірі Балнұр Ашетова.өзінің табысқа жету оқиғасымен бөлісті.

«Ауыл әйелдерін түсініп, оларды әрдайым демеу керек. Өз істерін дөңгелетіп алып кетуіне қолдау көрсету қажет. Егер еліміздің шалғай ауылдары мен аудандарындағы отбасы өзін асырай алатындай деңгейде болса, ауқатты тұрса - бүкіл Қазақстан бақуатты, бай болады деп ойлаймын. Бүгінде ауыл әйелдерінің бизнесін насихаттау - құптарлық бастама. Ауылдың ешбір қоспасыз табиғи өнімдерісіз қала халқы өмір сүре алмайды. Сұраныс жоғары. Біз тек қана табиғи өнімдер шығарамыз. Ұлт денсаулығы мықты әрі салауатты болу - тікелей ауылға байланысты, - дейді ол.

 

Балнұр Ашетова басқаратын Леңгір қаласындағы «L.TATTI.ALEM» кондитерлік дүкенінің ашылғанына биыл 6 жыл болды. «Ол кезде Леңгірде кондитерлік өнімдер шығаратын өндіріс орны жоқ болатын. Үйімізге қонақ шақырар кезде дастарқанға қоятын тәттілерді Шымкентке барып алып келетінбіз. Кейіннен маған қала орталығынан кондитерлік өнім шығаратын цех ашу туралы ой келді» дейді біз әңгімеге тартқан кондитерлік дүкеннің иесі Балнұр Ашетова.

 

«Балнұр Батырханқызы бала күтімімен декреттік демалыста отырған аналарды ғана жұмысқа алыпты. «Менің о бастағы мақсатым кондитерлік өнімдерді шығаратын өндіріс орнын ашу ғана емес, декреттік демалыста бала күтімімен отырған аналардың табыс табуына көмектесу болды. Бүгінде кішкентай бөбегі бар аналардың күніне кем дегенде 3-4 сағат болса да жұмыс істеуіне мүмкіндік жасағаныма қуаныштымын» дейді кейіпкеріміз.

Қазіргі таңда кондитерлік цехта 25 келіншек жұмыс істейді. Балнұр Батырханқызы алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, бала күтімімен үйде отырған аналарды көптеп жұмысқа тартуды мақсат етіп отыр. Оның тәттілеріне де сұраныс артып келеді. Әуел баста көрші-қолаңдарына сататын торт, пирогтарға бүгінде қала тұрғындары да көптеп тапсырыс беріп жатады. Соған сай Балнұр да рецептін түрлендіріп, өнім түрлерін көбейтпек.

Бүгінде ел халқының 40 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұрады, сондықтан ауыл­ды дамыту мемлекеттік сая­сат­тың басым бағыты болып отыр. Бұл ретте әйелдердің әлеуе­тін күшей­­туге ерекше мән бері­леді, жыл сайын олардың эко­номи­калық белсенділігі мен әлеумет­тік жауап­кершілігі артып ке­леді. Бұған бүгінде әйелдер өз кәсіп­орындарын ашып, шаруа қо­жалықтарын басқарып, бірегей өндірістерді іске қосып, мыңда­ған адамды жұмыспен қамтып отырғаны дәлел.

Жыл сайынғы ауыл әйел­дері­нің форумы Парламент, мәсли­хат депутаттары, орталық және жер­гілікті атқарушы органдардың өкілдері, аудандар мен ауылдық округтердің әкімдері, ауыл шаруашылығы кәсіпорын­дары­ның басшылары мен мамандары, ауыл интеллигенциясының өкілдері, қоғамдық ұйымдардың бел­сенділері қатысатын ауыл әйелдерінің әлеуметтік белсен­ділі­гін арттыруға бағытталған сын­дарлы диалог алаңына айнал­ды.

Табиғаты әлсіз демесек, әйелдердің білімі барын биліктен, қолынан іс келетінін кәсіптен кездестіреміз. Орталықтар мен қалада тұратындар үшін мүмкіндік көп. Бүгінгі күні ауыл әйелдерінің де қоғамда белсенді мүшесіне айналуы үшін мемлекет тарапынан көңіл де бөлінуде. Шалғай елді-мекендердегі әйел азаматшалардың күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәт бой жазып, кәсібін дөңгелетуі, дамып, жетілуі, рухани кемелденуі үшін елімізде көптеген бағдарламалар жұмыс жүргізуде.

0 пікір