КӘСІПКЕР ЕККЕН ҚҰЛПЫНАЙ ОТБАСЫЛЫҚ ТАБЫСТЫ АРТТЫРЫП ОТЫР
КӘСІПКЕР ЕККЕН ҚҰЛПЫНАЙ ОТБАСЫЛЫҚ ТАБЫСТЫ АРТТЫРЫП ОТЫР
27.05.2024 13:53
22
0

Күй талғамайтын, яғни кез келген жерде өсе беретін және климатқа онша тәуелді емес өсімдіктің бірі – құлпынайға деген сұраныс артуда. Дәмді жидекке балалармен қатар ересектер де құмар. Салауатты өмір салтын ұстанушылар құлпынайды десерт ретінде ғана емес, денсаулықты ретке келтіретін дәруменге толы жидек ретінде қабылдайды.

Сұраныс бар жерде ұсыныс та туындайды. Бірінші Мамыр ауылдық округінің шаруалары өз ауласындағы шағын алаңнан бастап алқаптарға да дейін құлпынай өсіруді қолға алған. Сөзіміздің дәлелі, ауылдық округ тұрғыны, зейнеткер Зылиха Маусымбекова үй іргелік 5 соттық жеріне 2500 түп құлпынай еккен.

«Құлпынай - жидектердің нағыз ханшайымы. Оның дәмі мен талғампаз хош иісін ұнатпайтын адамды табу қиын. Көктеп, гүлдеп өсіп келе жатқан шырынды жидекті өсіруді былтырғы жылы бастадық. 2023 жылдың тамыз айында еккен құлпынайымыз қараша айында өнім берді», деді шаруашылық жөнінде ауыл тұрғыны.

Құлпынайдың альбион сортын американдық ғалымдар 2006 жылдан өсіре бастаған. Жемістің бұл түрінің басты ерекшелігі - үздіксіз және ұзақ мерзімді жеміс беру қабілетінде екен. Құлпынай саудасынан әжептеуір пайда табуға болатынын әңгімелеген Зылиха Маусымбекованың шаруасымен аудан әкімі Төлеген Телғараев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров танысып, ісіне сәттілік тіледі.

Жалпы құлпынай күй талғамайтын, яғни кез келген жерде өсе беретін және климатқа онша тәуелді емес жидек. «Виктория» сұрыптысының биіктігі 30-35 сантиметрге жетеді. Жапырақтары үшқұлақты қалың болып келеді. 100 грамм құлпынайда 36,9 ккал калория бар. Сондықтан да ол диеталық тағам түріне кіреді. Құлпынай дәмді жидек қана емес, тамаша десерт әрі емдік тағам болып саналады. Оны жеген адамның асқа деген тәбеті ашылады. Ас қорыту жүйесі жақсарады. Құлпынай сонымен бірге тер шығаратын, несеп айдайтын қасиетке де ие. Сол үшін құлпынай өсіру ауыл шаруашылығындағы табысты кәсіптің біріне жатады.

Қазақстанда бұл жидектің «Елизавета ханшайым», «Зенга Зенгана», «Русановка», «Источник», «Эверест» және «Фестивальная» сұрыптары өсіріледі. Олардың ішінде «Виктория» да бар. Бұл сұрыптардың барлығының да түсімділігі жоғары. Және зиянкестерге төзімді боп келеді. Агрономдар құлпынайдан жақсы өнім алу алдымен сұрпына, содан соң күтіміне байланысты екенін айтады.
Құлпынай егілетін жылыжай берік болуы тиіс. Яғни онда температуралық режим жыл бойы бірқалыпты деңгейде сақталып тұруы керек. Сондықтан жылыжайға автоматты жылыту жүйесін орнатқан жөн. Ондағы температура 20-25 градустан аспауы қажет. Ауа ылғалдылығы да өсімдіктің вегетациялық кезеңіне байланысты өзгеріп отырады. Мәселен, тұқым еккенде 80-85, тамырынан енді өсіп шыққан кезде 75, гүлдегенде 70 пайызды құрауы тиіс.

Қыс мезгілінде өсірілген құлпынайға тәулігіне 14-17 сағат күн түсіп тұрса, өнімділігі жоғары болады. Өйткені күн сәулесі фотосинтез процесін қарқындатып, жидектің жылдам өсуі мен тез жетілуіне оң әсерін тигізеді. Егер ауа райы бұлыңғыр болса, қолдан жарықтандырып, өсімдікке түсетін жарық сәулені үзбеген жөн. Есеп бойынша 1 шаршы метрге 1 шам орнатылады және ол көшеттен 1 метр биікте орналасады.

Жылыжайда құлпынай тұрақты түрде суарылып отырады. Су шығынын үнемдеу үшін тамшылатып суару жүйесі қолданылады. Бұл әдістің тиімділігі сол, өсімдік уақытылы суарылады әрі тіршілік нәрі әрбір көшеттің тамырына дейін барады. Жылыжайда құлпынай жыл бойы өсіріледі. Дегенмен қаңтар, ақпан айларында жерді демалдырып, топырақты құнарландырып алған абзал.

Бүгінде ішкі нарықта жергілікті тауар өндірушілер тұтынушыларды отандық өніммен толық қамтамасыз ете алмай отырғаны шындық. Тек күзгі жиын-терім науқанында сәл де болса құлпынайға деген сұраныс азаюы мүмкін. Басқа кезде сауда нүктелерінде шетелдік өнімдер самсап тұрады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ауыл шаруашылығы саласының мамандары қосалқы шаруашылықты дамытып, адамдарды жаппай диқаншылықпен айналысуға шақырады.

Егер есігінің алдында 5-6 сотық жері бар қала тұрғындары әртүрлі дақылдар егіп, жақсы өнім алып жатса, бұл біріншіден, өзін және отбасын табиғи әрі экологиялық таза өнімдермен қамтамасыз еткені, екіншіден, бәрі өзінен болып тұрған соң баға тұрақсыздығы, инфляция дейтіндер қалтасына, отбасылық бюджетіне оншалықты әсер ете қоймайды.

 

0 пікір