«МАМАН БІЛІКТІ БОЛМАЙ, БІЛІМ САПАСЫ АРТПАЙДЫ»
«МАМАН БІЛІКТІ БОЛМАЙ, БІЛІМ САПАСЫ АРТПАЙДЫ»
12.10.2022 23:21
39
0
AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының өкілдері Орманшы тұрғын алабының тұрғындарымен және №74 мектеп қызметкерлерімен кездесті.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында білім беру мәселесіне басымдық берген. Әсіресе, орта білімнің сапасын арттыру жайына ерекше назар аударып отыр. Мемлекет басшысы әр оқушы білім алып, жан-жақты даму үшін жайлы орта қалыптастыруды тапсырған болатын. Сондықтан да жаңа мектеп құрылысы — күн тәртібіндегі маңызды мәселе.
AMANAT партиясының өкілдері басқосу барысында Жолдаудағы басым бағыттарды айта келе, ондағы тапсырмалардың орындалу барысын, Ата заңдағы өзгерістерді баяндады.
AMANAT партиясы Қаратау аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ә.Рахманұлы 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа дейінгі балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылатынын ерекше атап өтті.
— Мемлекет басшысы Жолдауда Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа дейінгі балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды тапсырды. Бұл «Ұлттық қор — балаларға» мемлекеттік бағдарламасы негізінде жүзеге асырылмақ. Алайда, бала 18 жасқа толғанға дейін ол қаражатты пайдалана алмайды. Бала кәселеттік жасқа толған соң, жиналған қаржыны білім немесе баспана алуға жұмсай алады. Яғни, бұл өскелең ұрпақтың жетіліп, дамуына және үлкен өмірге нық қадам басуына септігін тигізбек, - деді ол.
Ал, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Жадыра Таңатарова балабақша, мектеп мәселесіне тоқталды.
— Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жолдауда Оңтүстік өңір үшін ең өзекті тақырыпқа айналған білім саласындағы проблемаларды ерекше атап өтті. Ол — балабақша мен мектептің жетіспеуі. Сондай-ақ, бәсекеге қабілетті ұлт тәрбиелеу білікті мамандардың қолында екенін айта келе, ұстаздардың біліктілігін әр 3 жыл сайын жетілдіріп отыруды тапсырды. Мен педагог ретінде бұл шешімді қолдаймын. Себебі, маман білікті болмай, білім сапасы артпайды, - деді Ж.Таңатарова.
Жиын барысында AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Жанар БЕКТАЕВА «Жолдау — еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалын дамытуға арналған бағдар» дей келе, оның басым бағыттарына тоқталды.
Басқосу соңында тұрғындар мен ұстаздар көкейтесті сауалдарын жолдады. Спикерлер кейбір қатысушыларға қосымша кездесу уақытын белгілеп, сауалға толыққанды жауап беретіндерін айтты.
0 пікір