Мамандық таңдау –маңызды қадам
Мамандық таңдау –маңызды қадам
08.07.2022 17:30
2169
0

Мектеп қабырғасында жоғары сыныпқа қадам басқан түлек алдында білім алған ұясына деген қимастықтан бөлек мамандық таңдау атты маңызды қадам тұрады. Он бір жыл оқыған білімнің іргетасы қанша берік болса да кәсіп таңдауда қателесуге әсте болмайды. Себебі, өмір бойы нәпақа айыратын істі сүйіспеншілікпен істеудің өзі бір ғанибет. Сол себепті менің көкейімде көптен маза бермеген ой ақыры қалам тербетпей қоймады. Тарыдай болып кірген білім ұяңда сонша жыл оқып, мамандық таңдауды тек 11 сыныпта ойланатындар қатары аз емес. Тіпті, тестілеу алдында ойынан айнып, асығыс шешім қабылдап жіберетіндер де кездеседі. Дегенмен, мұның соңы үнемі сәттілікпен аяқтала бермейді. Сондықтан, жеті өлшеп, бір рет кесетін әрекетке көшу қажет деп ойлаймын.

Бәсекеге қабілетті білікті мамандарды дайындау – бүгінгі күннің басты талабы. Мектеп бітірер сәт бұл жасөспірім өмірінің маңызды кезеңі. Себебі таңдаған мамандығы өмірінің бір бөлшегімен біте қайнасып жатады. Осы орайда менің айтпағым, 9 сыныптан бастап «Мың түрлі мамандық» атты пәнді сабақ жоспарына ендірсе екен. Сабақ барысында әртүрлі мамандық иелері сол кәсіптің маңызын, жауапкершілігін бітіруші түлектерге түсіндіріп, қажет болған жағдайда іс-жүзінде аз уақыт тәжірибеден өтсе, сол уақыттың өзі оқушыға не керек екенін ұқтырар еді.  Технологияның дамыған заманында жастарға еңбекке қабілетті, озық білімді, жаңашыл болу шарт. Қоғамға пайда әкелетін қай мамандық? Қайсысы жойылудың аз-ақ алдында тұр? Жасөспірім шақта жүрек қалауы мен ақыл тоқтамын біріктіріп осы сұрақтарға мен ұсынған пікір пайымды жауап беретініне сенімім мол.

Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ соны таңдауда дұрыс шешім қабылдай білу керек. Қарапайым сөзбен айтқанда мамандық таңдау өзің айналысқың келген жұмысты таңдаудан ғана емес, араласқың келетін ортаны қоса таңдаудан тұрады. Сол себепті әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйеніп барып болашақ мамандығына аяқ басу керек.  Мамандық таңдау асқан жауапкершілікті талап етеді. Ол - белсенді өмір сүруге деген құлшыныс. Рухани қажеттілік. Өтемі бар күнкөріс көзі. Сондықтан,   мамандық әр адамның қалауымен таңдалуы керек. Бұл тұста, қоғам қажеттілігі, нарық сұранысы қосымша ескерілгені жөн.

Ғалымдардың дерегінше, әлемде 40 мыңға жуық мамандық бар. Ал, статистердің мәліметінше, жыл сайын 25 млн. адам жұмыс орнын ауыстырады. Оның 12%-ы өз орнына қайта оралады екен. Демек, мамандық таңдаудан жаңылыспас үшін жасөспірім шақтан «ақыл алтау, ой жетеу» болып, ойланған дұрыс. Сол себепі, мен айтқан ұсыныс бәсекеге қабілетті маман даярлауда тың серпін береді деген үміттемін.

 

Серікбаева Еңлік Даниярқызы,

жас түлек:

 

 

 

0 пікір