
Шымкентте медициналық қызметтің сапасы артып келеді. Бұл – мемлекет тапсырысы мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің тиімді жүзеге асуының нәтижесі. Бүгінде тұрғындар үшін тегін медициналық көмекке қолжетімділік артып, медициналық мекемелер заманауи құралдармен жабдықталып, жоғары технологиялық оталар саны көбейген. Жуырда өткен баспасөз туры аясында тілшілер МӘМС шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен және заңнамадағы жаңашылдықтармен танысты.
Баспасөз турының алғашқы бағыты – №1 Қалалық клиникалық аурухана. Бұл мекеме – Шымкент қаласы мен оған жақын аудандардың тұрғындарына тәулік бойы мамандандырылған және жоспарлы, шұғыл медициналық көмек көрсететін көп бейінді стационар. Аурухана 530 төсек-орынға лайықталған, құрамында доценттер, медицина ғылымдарының кандидаттары, жоғары және бірінші санатты тәжірибелі дәрігерлер қызмет етеді. Заманауи диагностикалық және емдеу жабдықтары, соның ішінде «Arkau innovation» ангиографиялық құрылғысы, ауруларды ерте анықтап, жоғары дәлдіктегі араласулар жүргізуге мүмкіндік береді.
Аурухана базасында жүкті және босанған әйелдерге арналған мамандандырылған хирургиялық орталық жұмыс істейді. Сонымен қатар, панкреатодуоденальды резекциялар, бауыр және өт жолдарына, асқазан-ішек жүйесіне, жамбас буындарына, тізе және жамбас сүйектеріне күрделі оталар жасалады.
Ерекше атап өтерлік жаңалық – ангиографиялық операциялық блоктың ашылуы. Philips Azurion 7 B20 ангиографиялық жүйесі орнатылған бұл бөлме – диагностика мен емдеуді ең жоғары деңгейге көтерген заманауи орталық.