МАҚСАТ – ЖҰМЫСШЫ ҚҰҚЫН ҚОРҒАУ
МАҚСАТ – ЖҰМЫСШЫ ҚҰҚЫН ҚОРҒАУ
18.06.2024 14:59
163
0

Жұмысшы өмірінің басты кепілі – еңбек қауіпсіздігін сақтау. Алайда жұмыс берушінің бәрі бұған көңіл аудармайды. Сол себептен құқығы бұзылғандықтан, еңбек инспекциясына жүгінетіндер аз емес.

Адам өмірінің, қоғам дамуының басты қағидасы еңбек. Еңбек етіп, жұмыс істегенде ғана алға жылжу болады. Бұл тіршіліктің заңдылығы. Қоғамның дамуы азаматтарының өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, еңбегін адал атқаруына тікелей байланысты. Ал еңбегін адал атқаратын әрбір адам қадірлі болуы керек. Жұмыс істеуіне лайықты жағдай жасалуы тиіс. Бірақ жанталасқан нарықтық заманда, қым-қуыт тіршілікте неше алуан жағдайлар болып жататыны жасырын емес. Қоғам дамып, адам санасы жетілген қазіргі уақытта да келеңсіз жайттар жиі кездесіп, жұмыс беруші мен жұмысшының арасында түйіні түрпідей, күрмеуі  күрделі мәселелерлер туындап отырады. Бұл адамзаттың даму жолында бірге ілесіп келе жатқан, заманның ыңғайына қарай сан құбылып өзгеріп отыратын күрделі құбылыс. Кез келген адамның көкейіне осы ретте «мемлекетімізде азаматтардың құқығы заңмен қорғалатыны айдан анық емес пе» деген ой бірден оралатыны анық. Әлбетте, азаматтардың құқығының қорғалуы заң жүзінде бекітілген. Ондай түйткілдермен тікелей айналысатын Кәсіподақтар федерациясы, кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейді. Кәсіподақ ұйымдарының құрылу тарихы да тым тереңде жатқанымен қазірге дейін бұл ұйымның барын білсе де немен айналысатынына мән бере бермейтін адамдар да баршылық.  Бұндай жағдайларды күнделікте өмірде жиі кездестіріп жүрміз десек артық айтқандық болмас.

2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 145 кәсіпорны 10,6 мың жұмыскерге 1,6 млрд теңгеден астам сомаға жалақы бойынша берешек екенін анықтады. Сонымен бірге түрлі ұйымдарда жүргізілген тексерулер барысында 4,2 мыңға жуық еңбек құқығының бұзылуы анықталды.

Жалақы бойынша берешегі бар кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 139 ұйғарым берілді және 17,7 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.

Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 8,9 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 895,6 млн теңге төленді.

Бұдан басқа, еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мәселелері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ерекше бақылауында.

2024 жылғы 1 маусымдағы деректер бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 2 954 тексеру жүргізді, оның барысында 4 197 бұзушылық анықталды, оның ішінде: еңбек саласында – 3 186; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 961; халықты жұмыспен қамту бойынша – 50.

Жұмыс берушілерге 1 760 ұйғарым беріліп, 234,4 млн теңге сомасына 2 311 әкімшілік айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 15,4 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды.

 

0 пікір