МАҚТААРАЛДАҒЫ МАҚТА КЛАСТЕРІН ДАМЫТУ: ӨНДІРІСТІК ҚУАТ ПЕН ЭКСПОРТ ӘЛЕУЕТІ АРТУДА
МАҚТААРАЛДАҒЫ МАҚТА КЛАСТЕРІН ДАМЫТУ: ӨНДІРІСТІК ҚУАТ ПЕН ЭКСПОРТ ӘЛЕУЕТІ АРТУДА
25.12.2025 07:42
9
0

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мақтаарал ауданына жасаған жұмыс сапары барысында өңірдегі мақта кластерін дамыту бағытында іске асырылып жатқан бірқатар өндірістік нысандардың жұмыс барысымен танысты. Аймақ басшысы «Cotton Makta» ЖШС мақта шикізатын өңдеу зауыты мен «Хамро ата» ЖШС мақта майын өңдеу зауытының жұмыс барысын қадағалады.

«Cotton Makta» ЖШС мақта зауыты 2016 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. 2023 жылы зауыт өндірістік қуатын арттыру мақсатында Қытай Халық Республикасынан әкелінген заманауи құрал-жабдықтармен толық жаңартылды. Зауыттың жылдық қуаттылығы 90 мың тоннаға жуық және қазіргі таңда 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Маусымдық кезеңде 250 адамға дейін қосымша жұмыс орындары ашылады. Жобаның жалпы құны – 3 млрд теңге.

2025 жылғы маусымдық кезеңде зауыт 57 мың тонна мақта шикізатын қабылдады. Оған сәйкес, мақта еккен 800-ден астам шаруа қожалығымен келісімшарт жасалған. Шаруа қожалықтарынан алынған мақта шикізатының бағасы сорттық ерекшелігіне қарай 250–270 теңге аралығында белгіленген. Биыл 11 қабылдау бекеті толық жұмыс істеп, барлық шаруалармен есеп айырысу жүргізілді. Қазіргі таңда 13 мың тонна мақта талшығы өңделіп, дайын өнімнің 80 пайызы Қытайға, қалған бөлігі Түркияға экспортталды.

Сонымен қатар, «Хамро ата» ЖШС мақта майын өңдеу зауытының құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталған. Өндіріске қажетті барлық құрал-жабдықтар Қытайдан сатып алынған. Зауыт толық іске қосылған жағдайда жылына 5 мың тонна мақта майын өндіруге мүмкіндік береді. Жобаның жалпы құны – 1 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары 2025 жылғы мамырда басталып, нысанды 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров кәсіпорын басшылары мен басқарма қызметкерлеріне, аудан әкімдігіне өндірісті әртараптандыру, қосымша жұмыс орындарын ашу және дайын өнім экспортын ұлғайту бойынша нақты тапсырмалар берді. Ол мақта кластерін дамыту өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін маңызды екенін атап өтті.

Мақтааралдағы өндірістік жобалар ауыл шаруашылығы өнімін терең өңдеуге, жергілікті экономиканың дамуына және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Сондай-ақ, экспорттық әлеуеттің артуы өңірдің халықаралық саудадағы позициясын нығайтып, инвесторлардың сенімін арттырады. Бұл бағыттағы жұмыстар ауылдық жерлердегі халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, жергілікті тұрғындардың өмір сапасын көтеруге үлес қосады.

Мақта кластерін дамыту жобалары тек өндірістік қуатты арттыруға ғана емес, сонымен қатар өңірдегі кәсіпкерлікті қолдауға, технологиялық жаңғыртуға және өнім сапасын халықаралық стандарттарға сай жеткізуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта мақта кластері аясында жаңа өндіріс орындарының ашылуы мен экспорт көлемін ұлғайту жұмыстары жалғасады деп күтілуде.

 

0 пікір