М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚУ- ДА ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ НАСИХАТТАЛДЫ
М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚУ- ДА ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ НАСИХАТТАЛДЫ
06.09.2024 15:35
17
0

Жаһандық энергия тапшылығының өсуін ескере отырып, Қазақстан сенімді және экологиялық таза энергия көздеріне аса мұқтаж Бұл туралы 2024 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Сондықтан, президенттің айтуынша, атом энергетикасын дамытуға жіті назар аудару қажет.

"Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр."

Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын, деді мемлекет басшысы.

            2024 жыл Қазақстан үшін энергетикалық болашақ тұрғысынан шешуші кезең болмақ. Елде атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесі қоғамда қызу талқыға түсті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 6 қазанда АЭС құрылысы бойынша ұлттық референдум өтетінін хабарлады. Бұл референдум – елдің стратегиялық шешімдер қабылдаудағы халықтың пікірін ескеру бағытында жасалған нақты қадам. Алдағы таңдау Қазақстанның энергетикалық болашағын айқындайтын маңызды шешім болары анық.

            Осы орайда, Шымкенттегі М.Әуезов атындағы ОҚУ- да Президент Жолдауы насихатталды. Жиынға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысты. Басқосуда Жолдаудағы айтылған мәселелер сөз болып, оның ішіндегі негізгі мәселе Қазақстанда АЭС салу туралы айтылды. Жиын барысында баяндамашылар АЭС-ті пайдаланудың халықаралық тәжірибесіне және оның еліміздің энергетикалық секторын дамыту үшін маңыздылығына тоқталып, бұл құрылыстың болашақ үшін қажеттіліктен туындағанын жеткізді. Сондай-ақ, бүкілхалықтық референдум өтетіні де айтылды. - Президентіміз АЭС салу мәселесі бойынша референдум өткізу қоғамда бір жылдан бері талқыланып жатқанын айтып, бұл «азаматтардың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім» деген болатын. Соған байланысты референдум 6 қазанда өтетіні белгілі болды. Енді ел болып, белсенділік көрсетіп, сол референдумға атсалысайық, - деді Сәрсен Абайұлы. АЭС тақырыбында баяндама оқыған профессор Рамиль Илясов АЭС жұмысын ғылыми тұрғыдан түсіндіріп, халық арасындағы атомға байланысты орын алған қорқыныш пен үрейден арылу керектігін айтты. Сондай-ақ, оқу орнының ғалымдары АЭС энергиясы тұрақты және экологиялық қауіпсіз екендігін, әлемде атом стансалары дамыған технологиямен салынғанын алға тартып, пікірлерін айтты. Сөз арасында осы бағытта жұмыс істейтін мамандардың да тапшылығы айтылып, білікті мамандар дайындауды қолға алу керекті сөз болды. Жиын соңында Жолдауды насихаттауға жиналғандар референдумның ашық та, әділетті өтуіне атсалысатындықтарын жеткізді.

0 пікір