МЕГАПОЛИС МЕДИЦИНАСЫНЫҢ ЖЕТІСТІГІ
МЕГАПОЛИС МЕДИЦИНАСЫНЫҢ ЖЕТІСТІГІ
04.05.2024 12:49
18
0

           Адамзаттың өркениет игілік­теріне ұмтылуын ғылыми ізде­ністерсіз көзге елестету әсте мүм­кін емес. Қай мемлекетте болмасын, ұлт саулығы мәселесін қозғағанда бала денсаулығы бір табан жоғары тұратыны анық. Ұрпағының саулығы үшін кез келген билік бар күшін салатыны белгілі. Осы орайда,  Шымкентке Моңғолиядан дәрігер-онкологтар келді. Тәжірибелі хирургтардың қатысуымен ауыр дертке шалдыққан науқастарға ота жасалып жатыр. Осылайша жергілікті мамандар бауырдағы қатерлі ісікті хирургиялық әдіспен емдеу барысында моңғолиялық әріптестерімен тәжірибе алмасуда.

         Моңғолияның Ұлттық рак орталығының онкологтары Шымкентте жоғары технологияға негізделген бірнеше отаны жергілікті мамандармен бірлесе жасауда.  Үш күнге жоспарланған шебер­лік сағатының негізгі мақса­ты – кәсіби қарым-қатынас пен тәжірибе алмасу, біліктілікті арт­тырып, медицинадағы жаңалықтармен бө­лісу. Бауырдағы қатерлі ісікті емдеуде өз тәжірибесімен бөліскен хирург Бат Ирээдуйдың Шымкентке 3-ші, 5-ші келуі екен. Жыл өткен сайын орталықтың медициналық мүмкіндіктері кеңейіп келе жатқанын айтады.

           Мемлекет басшысы өзінің әр Жолдауында денсаулық сақтау саласындағы, медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша нақты міндеттер қойып келеді.  Жолдауда жүктелген міндеттер, әрі Гиппократ антына адал мамандар денсаулық сақтау саласын жандандырып, жаңғыртуға үлес қосып келеді. Онкологиялық орталықтың бөлім меңгерушісі қатерлі ісік ауруларын емдеуде әріптестерімен жиі тәжірибе алмасып отыратынын айтады. Жылына бірнеше шеберлік сабағын ұйымдастыру арқылы, орталыққа шет елдік білікті дәрігерлерді шақырып, онкологиядағы мәселелер, емдеу жолдары қарастырылады. Бірнеше күнге созылатын мастер-класста 12 науқасқа ота жасау жоспарланған.

        Бүгінде емі жоқ деген кейбір қатерлі дерттерден науқастар құлан таза айығуда. Бұл – медицинаның жетістігі. Жанарынан үміт оты сөнбеген қаншама жанға қайта өмір сыйлаған дәрігерлер осы ретте үнемі ізденіс үстінде. Алыс-жақын шет мемлекеттердің тәжірибесін қолданып, білікті мамандармен сабақ алмасып отырады. Шаһардағы онкологиялық орталықта өтіп жатқан мастер-класс осының дәлелі.

         Шымкенттің денсаулық сақ­­тау саласы өрлеп жатыр. Республиканың үшінші мега­полисі тек медицинасымен ға­на емес, фармацевтикасы­мен де елімізге танымал. Бүгінгі таңда Қазақстанда өндіріліп жатқан дәрі-дәрмектің басым бөлігі – осы қаланың үлесінде. Ағза ауыстыру, яғни трансплантология бойынша да үлкен тәжірибесі бар. Сондықтан ­ойы­мызды тү­йіндей айтсақ, Шымкенттің ке­­лешек­те на­ғыз медицина­лық туризм­нің ор­талығы бола­тынына еш­­қан­дай күмән қалмаса керек. Оған шаһардың медицинаны дамы­ту бағытындағы жеткен бүгін­гі жетістіктері куә.

0 пікір