МЕКТЕП АРАЛЫҚ БУЛЛИНГКЕ ТӨЛЕБИЛІК ШӘКІРТ БҰҒАТ ҚОЙМАҚ
МЕКТЕП АРАЛЫҚ БУЛЛИНГКЕ ТӨЛЕБИЛІК ШӘКІРТ БҰҒАТ ҚОЙМАҚ
02.07.2024 16:47
32
0

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз. Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін», деп атап көрсеткен болатын. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау бойынша тиісті жоспар жасалып, орындалуда.

Осы өзекті мәселеге назар аударып, буллингпен күреске өз үлесін қосуды мақсат еткен Ленгір қаласындағы №5 мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы Марк Ринк «Зерде» конкурсының аудандық және облыстық кезеңдеріне «Stop, bullying» мобильді қосымшасы» жобасын қатыстырып, жүлделі орыннан көрінген.

 

Төлебилік оқушы Марктың аталмыш қосымшасы - оқушылардың буллинг туралы хабарламаларын анонимді түрде жолдауға мүмкіндік береді. Мұндай хабарламаны алған мектеп психологы не сынып жетекші буллингтің алдын алу бойынша шара қолданып, түсіндіру жұмысын жүргізеді.

-Қазіргі кезде біраз оқушы басқа білім алушылармен қарым-қатынас жасау процесінде буллингке ұшырап жатады. Сөйтіп жария болып кетуден қорқып, жағдай туралы өзгеге айта бермейді. Олар телефондарына жүктелген менің мобильді қосымшам арқылы жасырын түрде ересектердің электронды почтасы мен Telegram-каналына буллинг туралы хабарламаны жолдай алады. Осылайша, үлкендердің назарын дер кезінде аударып, түрлі келеңсіз жағдайдың алдын алуға болады, - дейді.Жас өнертапқыш «Stop, bullying» мобильді қосымшасын аталған мектеп-гимназияның информатика пәні мұғалімі Ольга Ринктің жетекшілік етуімен жасаған.

Бүгінде, кәмелетке толмағандар арасында буллингтің алдын алу мақсатында облыстың барлық мектептері «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесіне қосылды. Аталған ақпараттық жүйенің QR-кодтары облыс мектептеріне ілінді. Бұл – «IT Group Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пилоттық жобасы.Осы жылдың 28 тамызынан бастап «Komek Stop Bullying Jambyl» «Telegram» каналы жұмыс істейді. Онда балалар кімдердің буллинг жасайтынын, ақша бопсалау, қысым көрсету фактілерін жазып көрсете алады, ақпарат беруші туралы мәлімет анонимді болғандықтан балалар өз ойларын еркін жаза алады. Аталған «Telegram» каналға облыстық прокуратура, полиция департаменті, білім басқармасының, білім бөлімдерінің жауапты мамандары қосылған.

Буллингтің, әлімжеттік оқиғаларының алдын алуда мектеп психологтарының рөлі зор, оларға үлкен жауапкершілік жүктелген. Сондықтан олардың жұмысына жағдай жасауымыз керек.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек», деп атап көрсетті.

Осыған орай мектеп психологтарының жұмысын автоматтандыру және психологиялық көмекті қажет ететін оқушыларға дер кезінде көмек көрсету мақсатында облыс мектептері HR+ психологиялық-педагогикалық мониторингтің автоматтандырылған жүйесіне қосылды. Бүгінгі күні мектеп психологтарын аталған жүйемен жұмыс істеу тәртібі бойынша оқыту семинарлары ұйымдастырылуда.

 

0 пікір