
Түркістан қаласында 2024-2025 оқу жылының аяқталуына орай мектеп бітіруші түлектер үшін соңғы мемлекеттік емтихан ұйымдастырылып, қорытынды аттестаттау кезеңі сәтті аяқталды. Ендігі кезекте — 19 маусым күні өтетін аттестат табыстау салтанатына дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Осыған байланысты бүгін қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы, қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Бақытжан Нұрмаханбетұлы және Түркістан қалалық Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ахан Дәуірұлының қатысуымен мектеп директорларымен арнайы жиналыс өтті.
Жиында қорытынды аттестаттау кезеңінде атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы аттестат тапсыру рәсімін ұйымдастыру барысы, сондай-ақ түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты бірқатар мәселелер жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, аттестат табыстау рәсімінен кейін оқушылардың топ болып серуендеуі мен бейресми кештер ұйымдастыруының алдын алу үшін рейдтік шаралар ұйымдастыру жоспарланды.
«Әрбір бала – елдің ертеңі. Сондықтан олардың сапалы білім алуы ғана емес, қауіпсіздігі де басты назарда болуы тиіс», – деді жиынға қатысушылар.
Жиын қорытындысында барлық мектеп директорларына жүктелген міндеттердің орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Айта кетейік, Түркістан қаласында 2025 жылы 55 252 оқушы білім алды. Биылғы оқу жылында 3069 оқушы 11-сыныпты аяқтап, мектеппен қоштасты. Олардың ішінде 244 түлек «Үздік аттестатқа», 183 түлек «Алтын белгіге» үміткер ретінде тіркелген. 44 мектептен 2799 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуда.