Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Алматы облысына жұмыс сапарымен барды
Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Алматы облысына жұмыс сапарымен барды
20.02.2021 15:29
236
0

Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Алматы облысына жұмыс сапарымен барып, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына дайындық шараларын пысықтады.

Іс-сапар барысында Мемлекеттік хатшымен бірге Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Қарасай және Жамбыл ауданындағы бірқатар әлеуметтік-мәдени нысанды аралады.

Осыдан кейін делегация Үшқоңыр ауылында ашылған Тұңғыш Президент – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығына барып, музей экспозициялармен танысты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Туған жер» жобасының аясында салынған «Үшқоңыр» дене шынықтыру-сауықтыру кешенін аралады.

Сонымен қатар Қырымбек Көшербаев ақын Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейіне арнайы ат басын бұрып, ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Кезінде жыр алыбы тұрған үй қазір музей ретінде жабдықталған. Музейді аралаған Мемлкеттік хатшы ақынның пайдаланған бұйымдарымен, құнды жәдігерлермен танысты. Үкімет өкілдері Жамбылдың, рухани ұстазы Сүйінбай Аронұлының, композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің зираттарына тәу етті.

Мемлекеттік хатшы Жамбыл Жабаевтың 75 жылдық мерейтойын атап өту үшін арнайы комиссия құрылғанын, келесі аптада комиссияның бірінші отырысы өтетінін айтты.

«28 ақпан - ақынның туған күні. Осы ретте мерейтойға арналған алғашқы іс-шара Нұр-Сұлтан қаласында басталып, еліміздің барлық өңірінде және шет елдерде жаппай өткізілетін болады. Бүгін біз Президенттің тапсырмасымен Алматы облысына арнайы келіп, Жамбыл атамыздың басына тәу етіп, іс-шаралардың алғашқы қадамын бастап отырмыз. Өткен жылы хакім Абайдың 175 жылдығын атап өтсек, биыл Жамбыл бабамыздың мерейлі жылы. Екеуі де бір дәуірде, бір заманда өмір сүрген – алып. Жамбыл ақынды айтыс өнерінің шыңында тұр десек, оның сондай биікке өрлеуіне ықпал еткен, өзі «пірім» дейтін - Сүйінбай Аронұлы. Сондықтан XXI ғасырдың түрлі үн қатуларына лайықты жауап беру үшін біз осындай үлкен рухани сабақтастық пен игі дәстүрді жалғастыра отырып, өзіміздің рухани бастауларымызды, ұлы тұлғаларымызды танып, білуіміз керек», - деді Қырымбек Көшербаев.

Биыл Алматы облысында Жамбыл Жабаевтың мерейтойына арналған іс-шаралар жоспары әзірленді. Онда ақын туралы биографиялық фильмнің түсірілімі, өмірі мен шығармашылығына қатысты кітаптар шығару, ақындар айтысын өткізу, мәдени ескерткіштер орнату, суретшілердің халықаралық плэнерін өткізу және т.б. іс-шаралар қарастырылған.

Дереккөз: ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайты

0 пікір