МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ: ЖАҢА КЕЗЕҢДЕГІ МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ: ЖАҢА КЕЗЕҢДЕГІ МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ
25.05.2024 04:28
25
0

Мемлекеттік қызметші мемлекеттің айнасы, мемлекеттің табысты жұмыс істеуінің кепілі болғандықтан, бүгінде мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән берілуде. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру мен мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 22 ақпандағы №814 Жарлығымен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің жаңа редакциясы бекітілді. Жаңа Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттарын белгілейді және қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін және парасаттылық атмосферасын қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайының алдын алуға бағытталған. Жаңа редакцияда кодекстің құрылымы өзгеріп, «Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» деп аталатын тарау енгізіліп отыр. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі алты қағидатқа негізделген. Олар – адал ниет, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарлану. Әсіресе, ашықтық және клиентке бағдарлану қағидаттарын сақтау талаптарына басымдық берілген. Өз кезегінде халықпен өзара қарым-қатынас мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің негізгі сапасы болғандықтан, мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша тұрақты түрде шаралар қабылдау, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тұтынушысы ретінде халықтың сұранысына бағдар ұстану және өз жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс. Әдеп кодексінің басты міндеті – сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шараларды әзірлеу, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік әдепті сақтаудағы жауапкершілік деңгейін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдау, әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін үйлестіру және мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларымен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу болып табылады. Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің бір өкілі.

Халық пен биліктің арасын жақындату жолында атқарған жұмысымыздың жемісін көреміз десек, алдымен мемлекеттік қызметшілердің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдірудің маңызы жоғары. Осы тұрғыда мемлекеттiк қызметшiлердiң моральдық-адамгершiлік бейнесiне және iскерлiк қасиеттеріне қойылатын талаптардың жоғары болатыны анық.

Иә, кез келген елде мемлекеттік қызмет ерекше маңызға ие. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер өз жұмысында мемлекеттік саясатты ұстануға және оны іс жүзінде жүзеге асыруға, қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекет пен оның институттарына деген сенімін сақтауға және нығайтуға ден қойғаны абзал.

«Қоғамда мемлекеттік қызметшілер өз міндеттері мен функцияларын заңға сәйкес тиімді түрде орындайды» деген түсінік қалыптасу үшін қайтпек керек? Бұл сауалдың түйінін тарқатуға ден қойған кез келген адам алдымен мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінде қамтылған талаптарға лайық болуы тиіс. Себебі бұл кодекс мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттарын белгілейді, қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін, парасаттылық атмосферасын қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға негізделген. Ал бұл қызметтік әдеп стандарттары барлық мемлекеттік қызметшілер үшін міндетті.

Мемлекеттік қызметкер алдымен қоғам игілігі үшін мемлекетке кәсіби һәм жауапты қызмет етуді мақсат етуі тиіс. Сонда ғана өз міндеттеріне шынайы көзқарас қалыптасады. Қоғамда жеке және заңды тұлғалардың, қоғамдық топтар мен ұйымдардың ықпалына қарамастан заңды шешім қабылдау және кез келген мән-жайлар бойынша біржақтылық пен субъективтілік себебінен адамдарды кемсітуге жол берілмейді.

Мемлекеттік қызметкерге біріншіден ашықтық қажет. Осы арқылы ол өзінің халықпен жұмыс істеуге дайын екенін көрсетеді. мемлекеттік қызметті жүзеге асыратын адам бір жағынан азаматтар мен әріптестеріне дұрыс және құрметпен қарауы тиіс.

Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттары қандай? Бағана бұл тұрғыда оларға қойылатын талаптың едәуір жоғарылағанын атап өттік. Енді солардың бірқатарына тоқталсақ…

Біріншіден, мемлекеттік қызметкерге қарапайым болудың маңызы жоғары. Сондай-ақ ол жұмыс барысында, қоғамда жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептік нормаларды сақтау, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауы тиіс. Ал мұндай олқылыққа мемлекеттік қызметші тарапынан жол берілсе, әлбетте халықтың билікке деген сенімі жойылады.

Мемлекеттік қызметші бір жағынан мемлекет мүдделеріне және азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттерге қарсы тұруы тиіс. Оның заңда белгіленген шектеулерді сақтау, мүдделер қақтығысын болдырмау бағытында қабылдаған шешімі де маңызды.

Ол халықпен тығыз жұмыс жасайтын болғандықтан азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік танытуы керек, дөрекілік, адамдардың қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол беу, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болу сынды жағымсыз әрекеттерден ада болуы тиіс.

 Осы ретте, Түркістан қаласы әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілімемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш рет кірген Түркістан қаласы әкімдігінің Экономика және қаржы бөлімінің бюджетті жоспарлау секторының бас маманы Ақжан Анарқұлұлы Зұлфұхаровқа сыбайлас жемқорлыққа қарсы және мемлекеттiк қызметте болуға байланысты шектеулерді сақтау,  мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттарын сақтау,  мүлікті сенімгерлік басқаруға беру мәселелері бойынша  2024 жылдың 25 сәуірі күні оқыту жұмыстарын  ұйымдастырды.

Жалпы қазақ әдепті болуды отбасында баласының бойына тәрбие арқылы сіңірді. Себебі отбасында айтылған әдептің ертең ел болашағында маңызды рөл атқаратынын түйсігімен түсінді. Әдеп арқылы мемлекеттік қызметкердің мінез-құлқында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасады. Мемлекеттік қызметшінің білімі мен білігін жетілдіруге даңғыл жол ашылады. Ұжымдық моралдық әдептілік нормаларына сай өзара қатынастар мәдениет те әдеп арқылы қалыптасары сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, кез келген мемлекеттік қызметші Әдеп кодексінде қамтылған нормаларды сақтай отырып, жұмыс жасағаны абзал. Сонда ғана халық пен билік арасы жақындап, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан «Ашық мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға жол ашылады.

0 пікір