Өңірлерде тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру үшін жедел топтар құрылды
Өңірлерде тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру үшін жедел топтар құрылды
15.04.2024 14:29
22
0

Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 12 - сәуірдегі су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штаб отырысында берген тапсырмасын орындау шеңберінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тұрғын үйді, әлеуметтік инфрақұрылымды, коммуналдық шаруашылық объектілерін қалпына келтіру жөніндегі барлық жұмыстарды жергілікті жерлерде үйлестіру үшін 3 жедел топ құрды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бастаған бірінші жедел топ кеше Ақтөбе облысына барды, одан әрі Ақмола және Қостанай облыстарына баратын болады. Бұл жайлы ҚР ӨҚМ ресми өкілі Меруерт Ибраева ОКҚ алаңында мәлімдеді.

Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Жүнісбеков бастаған 2-ші жедел топ кеше Павлодар облысында болды, бүгін Абай облысында, одан әрі Шығыс Қазақстан облысына барады.

«Мемсараптама» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директоры Қуандық Қажкенов бастаған 3-ші жедел топ кеше Батыс Қазақстан облысына барды, одан әрі Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарына барады.

Жедел топтың құрамына Ауыл шаруашылығы, Көлік, Денсаулық сақтау, Су ресурстары, Төтенше жағдайлар, Экология, Ғылым және жоғары білім вице-министрлері, сондай-ақ Үкімет аппаратының аймақтық инспекторлары кірді.

Кеше Ақтөбе облысына барған жұмыс тобы су тасқынынан зардап шеккендерге жаңа тұрғын үй салу үшін әкімдік бөлген жер учаскелерінің жай-күйін тексерді. Әкімдіктің ақпараты бойынша өңірде 436 дайын жер учаскесі бар, оның ішінде Ойыл ауданында - 321, Қобда ауданында - 77, Әйтеке би ауданында - 22, Темір ауданында 10 және Ақтөбе қаласында 6 жер учаскесі бар.

«Министр жергілікті кәсіпкерлермен және құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында алдағы қалпына келтіру жұмыстары аясында бірлескен жұмыс жоспарлары мен стратегиясы талқыланды»,-деп хабарлады М.Ибраева.

0 пікір