Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы «Бадам» индустриалды аймағында автоклавталған газоблок өнімдерін шығаратын «AERO» зауытының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аталған өндіріс орны өңірде өңдеу өнеркәсібін дамытуға, құрылыс саласын сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге және аудан экономикасының тұрақты өсуін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды инвестициялық жобалардың бірі саналады.
Жаңа зауыттың іске қосылуы Ордабасы ауданының индустриялық әлеуетін арттырып қана қоймай, экономиканы әртараптандыруға, жеке инвестицияларды тартуға және өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Индустриалды аймақта жүзеге асырылып жатқан бұл жоба мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі – отандық өндірісті қолдау және импортты алмастыру бағытымен толық үндеседі.
Салтанатты іс-шараға Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудандық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, инвесторлар мен кәсіпорын қызметкерлері қатысты. Қонақтар өндіріс орнының ашылуын ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды кезең ретінде бағалады.
Іс-шара барысында аудан әкімі жаңа кәсіпорынның ашылуымен құттықтап, оның өңір үшін маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірлерде өндіріс саласын дамытуға, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық беріліп отырғаны айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар аудан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.
Жобаның жалпы инвестициялық құны 2,5 миллиард теңгені құрайды. Зауыт 3 гектар аумақта орналасқан және жылына 85 мың текше метр автоклавталған газоблок өндіру қуатына ие. Өндіріс орны алғашқы кезеңде 40 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта өндірістік желілерді кеңейту арқылы жұмыс орындарының санын арттыру жоспарланған. Бұл жергілікті тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына және ауданның әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді.
Кәсіпорында заманауи технологиялар қолданылып, өнім табиғи компоненттерден өндіріледі. Газоблоктар беріктігі жоғары, жылу сақтау қасиеті жақсы және халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. Мұндай өнімдер тұрғын үй, әлеуметтік және өндірістік нысандар құрылысына кеңінен қолданылып, құрылыс саласындағы шығындарды азайтуға және сапаны арттыруға мүмкіндік береді.
Салтанатты жиын барысында құрметті қонақтар зауыттың лентасын қиып, өндірістік үдерістермен танысты. Инвесторлар алдағы уақытта өнім түрлерін көбейту, ішкі нарықтағы үлесті арттыру және өңірдің құрылыс секторын тұрақты отандық өніммен қамтамасыз ету жоспарлары бар екенін жеткізді.
«AERO» газоблок зауытының іске қосылуы аудан әкімдігі мен жеке кәсіпкер арасындағы тиімді әріптестіктің нақты нәтижесі болып табылады. Бұл жоба Ордабасы ауданының инвестициялық тартымдылығын арттырып, салық түсімдерінің ұлғаюына, шағын және орта бизнестің дамуына, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің жақсаруына оң әсер етеді.
Айта кетейік, Ордабасы ауданында соңғы екі жылда 9 жаңа өндіріс орны іске қосылып, 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл ауданның өндірістік бағытының жүйелі түрде дамып келе жатқанын және өңір экономикасының орнықты өсімге бет алғанын көрсетеді.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru