Өскелең ұрпаққа берері мол, мағыналы басқосу өтті
Өскелең ұрпаққа берері мол, мағыналы басқосу өтті
27.05.2024 13:31
35
0

Ұлттық салт-дәстүр, ұлттық идеология, ұлттық тәрбие. Бұлар ешқашан маңызын жоғалтпайтын мәңгілік дүниелер. Осы мәңгілік тақырыпқа қалам тербеп жүрген бірден-бір жазушы, насихаттаушы Зейнеп Ахметова. Салиқалы әңгімеге салт-дәстүрлерді қалай қолданып жүрміз. Қазақы ырымдар жайлы не білеміз деген сияқты дүниелерді келер ұрпақтың санасына сіңіруде Зейнеп апаның атқарып жүрген жұмыстары жетіп артылады.Төлеби аудандық Мәдениет үйінде елімізге белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ардақты ел анасы Зейнеп Ахметовамен «Бабалар аманаты» атты  кездесу кеші өтті. Шараның мақсаты – бабалар аманатын арқалаған тағдырлы тұлға Зейнеп Ахметованың шығармаларын жастар арасында насихаттау.

Жазушы анамыздың қазақтың қазіргі келіндері мен ата-енелеріне айтқан кеңестері, бала тәрбиесі жайлы негізгі қағидалары, жалпы айтып жүрген жөн-жоралғылары бүгінгі халыққа көп көмегін тигізуде. Зейнеп Ахметова қыз тәрбиесі, отбасылық құндылықтар және қазіргі заманғы әйелдердің образы жайлы біраз тұжырымды ой айтҚан.

 

Кездесуде Зейнеп Ахметова ұлттық тәрбие, рухани құндылық, салт-дәстүр, ене мен келін арасындағы қарым-қатынас, бабалар аманатын жеткізіп, бала тәрбиесі туралы өзінің өмірден түйген тәжірибесінен кеңінен әңгімеледі. Бір сағатқа созылған кездесуде дін мен дәстүр жалғастығын түсіндіріп, жастарды игі іске жұмылуға, тарихты құрметтеп, өткенге салауат, келешекке сенім артуды үйретуде. Зейнеп Ахметова қазақтың салт-дәстүрлері мен наным-сенімдері туралы сүбелі сөз қозғап, жас ұрпаққа тәрбиелік мәні зор, қазіргі қазақ қоғамындағы өзекті мәселелер туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Дін мен дәстүрдің, қазақы тәрбиенің ара-жігін ажыратып, өскелең ұрпақтың көкейінде жүрген көптеген сұрақтарға жауап берді.
⠀Зейнеп Ахметова тәрбиенің айтудан емес, көрсетуден даритынын бірнеше мәрте түсіндіріп кеткен болатын. Ұрпақ тәрбиесі де дәл мынадай болу керек деп, қалыпқа салғандай өлшеп, пішіп қойған дайын ереже де жоқ. Жазушы ата-ананың отбасындағы қарым-қатынасы, өмірге көзқарасы, рухани өресі, күнделікті іс-әрекеті, ынтымақ-бірлік, татулығы немесе ит пен мысықтай аңдысқан алауыздығы балаға тікелей әсер ететінін және осының бәрі тәрбиенің іргетасы екенін түсіндірді.

Ол тәрбиені ананың ақ сүтімен, әкенің адал күшімен бойға кіретін қасиет деп, әр ата-ана білуі керек кеңестер айтты. Батырдың келіні ұрпағымыз осы ата-бабаларымыздың бізге аманат етіп қалдырған жеріне ие болып қалса екен дейді. Ел анасы жастарымыз үлгілі, өнегелі, білімді, өнерлі болса екен деп тілейді. Ергеңгі күні еліне ес болатын, халқына қайыстай қызмет ететін, мынау кім десе қазақтың ұлы-қызы дейтіндей азамат болып, ата-анасының, ел-жұртының көз нұры, көңіл қуанышы болсын деп тілейді.

Айта кету керек, Зейнеп апамыздың «Шуақты күндер», «Бауыржан батыр», «Бабалар аманаты», «Әзіліңді сағындық» және бала тәрбиесіне арналған «Күретамыр» секілді кітаптары мен ұлттық тәрбие, салт-дәстүр мен жөн-жоралғылар туралы жазған туындылары бүкіл қазақ жұрты оқуы тиіс шығармалардың бірі.

Кезінде «Шуақты күндерімен» оқырман жүрегіне жол тапқан Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» атты жаңа кітабы да жарық көрді. Халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының келіні, батыр атамыздай тектінің тұяғы, асылдың сынығы – жазушы Бақытжан Момышұлының жан жары Зейнеп апа бұл кітапты ұзақ жылдар жүргізген күнделігінің негізінде жазған. Мұндағы басты әңгіме арқауы Батыр атамыздың баяндауында ұсынылады. Автор осыдан отыз-қырық жыл бұрынғы оқиғаларды күні кеше ғана өткендей, тап қазір ғана болғандай көз алдыңызға келтіріп, сондағы Момышұлы шаңырағында айтылған әңгіме, шертілген сырды шешен тілмен баяндайды.


Аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары ұлттық әндерден шашу шашып, керемет әсерлі кештің көркін ашты.

0 пікір