Отбасы және мектеп: Ұлттық тәрбиенің негіздері
Отбасы және мектеп: Ұлттық тәрбиенің негіздері
27.05.2024 16:17
81
0

 

Адам тағдырын шешетін ұлы істің бірі – тәрбие. Егеменді еліміздің болашағы бүгінгі мектеп шәкірті болса, сол болашақта жақсы адамның көп болуын отбасындағы тәрбиеден бастау қажет. Ұлы тәрбиенің басты ошағы – отбасы тәрбиесі. Бүгінгі таңда отбасы адамға ең жылы орта, түсінушілік пен сүйіспеншілік сыйлайтын жылы ұя. Бала бойына саналы тәрбие мен сапалы білім беру жолында Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Көксәйек ауылы, Жеңіс жалпы білім беретін мектебінде жүйелі жолға қойылған. Аталмыш мектептің бастауыш сынып мұғалімі Қабылбекова Перизат Әлібекқызының да бұл мәселеге қатысты айтары бар. 

Қабылбекова Перизат Әлібекқызы:

Әр отбасының тәрбие қағидаттары да алуан түрлі. Осы негізде ұлтымыздың ұлттық тәрбиесінен сусындағанымыз абзал. Ұлттық тәрбие көзі – халықтық педагогикада. Халқымыз сонау заманнан осы тәрбие жайында педагогикалық еңбектер, үлкен том кітаптар жазып қалдырмаса да, өзіндік берік тәрбие құралы болған. Қазақ отбасында дене, еңбек, ақыл-ой, адамгершілік, экологиялық, экономикалық, құқықтық тәрбие берілген. Міне осы тәрбие түрлері бүгінде мектеп қабырғасында да тәрбие жұмысында маңызды орын алуда. Ортақ мақсат – жан-жақты жетілген азамат тәрбиелеу.

Халқымыз еңбекті бүкіл тәрбие жүйесінің күре тамыры деп қарастырған. Оған дәлел болған ұлы Абай мен дала қоңырауы атанған Ыбырай еңбектерін де мысалға келтіруге болады. Бүгінгі таңда кәсіптік бағдар беру баланың қоғамда болашақта алар орнын анықтаса, осы тәрбие көзі ұлт тәрбиесінде де ерекше орын алған. Қазақ халқы ежелден ұл бала мен қыз баланың тәрбиесін бөліп қараған. Ұлды батылдыққа, ер жүректікке, қолөнер шеберлігіне, мал табуға, мал бағуға, отбасын асырауға басымдылық жасаса, ал қыз баланы ас пісіруге, кесте тігуге, үй жұмысына үйретуге, экономикалық тәрбиеге, яғни, үнемшілдікке кішкентай кезінен бастап тәрбиелеген.

Бұл жұмыс бүгінде жалғасын тауып отыр. Қыз балаларға арналған түрлі шеберлік сабақтарын атап айтсақ, ұлдар қатысатын «Жеті атаңды білесің бе?», «Жігіт сұлтаны» байқауларының негізі ұлттық тәрбиеден бастау алып отырғаны дәлел. Бүгінде мектепте тоғызқұмалақ, домбыра үйірмелері, дебаттық клубтар жұмыстары кеңінен ұйымдастырылып отыр. Көп жағдайларда әке отбасының басшысы болып саналады. Ол балаға үлкен әсер етеді. Осы ретте бүгінде мектебіміздегі «Әкелер» клубының орны ерекше.

Ертеде әке қабағына қарап тоқтамға келген бала, бүгінде әкеге қарап ұлылықты түсінгені жөн. Себебі, әке ерлік, адамгершілік, батылдық, қайсарлық символы болып келуі керек. Тәрбиедегі басты мақсат – өмір жолында кездескен қиындықтар мен кедергілерді жеткілікті түрде жеңуге үйрету. Ақыл мен шығармашылықты дамыту. Эстетикалық- құқықтық тәрбиені игеру, салауатты өмір салтын насихаттау. Тәрбие барысындағы әдіс – тәсілдер қаншалықты дұрыс болса, бала соғұрлым жақсы болады, үлкен нәтижеге қол жеткізеді.

0 пікір