ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫН САҚТАУ МАҢЫЗДЫ
ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫН САҚТАУ МАҢЫЗДЫ
06.10.2022 17:37
28
0
Шымкент қаласындағы «Park Hotel al Buston» қонақ үйінде Шымкент қалалық ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен «Бақытты отбасы-бақытты жан» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Семинар-тренингке психолог Айсұлу Тұрсынбаева, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің қылмыстық құқық және қылмыстық процесс кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Ботабек Имашов, «Шаңырақ» жастар мен жас отбасыларды қолдау орталығы қоғамдық бірлестігінің басшысы Сабира Байзақова және әлеуметтанушы, психолог мамандар және жастар қатысты.
– Отбасындағы құндылықтарды, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген құрметін сақтап қалу маңызды. Осы аталған мәселелерді отбасында қалай сақтап, бақытты жанұя атануға болады деген сұраққа жауап бере отырып, отбасындағы қиындықтарды шешуге болады. Отбасындағы әр адамның рөлі бар. Қазіргі таңда көп отбасылардан байқалатыны - әр адамның жанұядағы рөлінің өз деңгейінде атқарылмауы кикілжіндердің туындауына себеп болады. Сондықтан әркім өз рөлін сақтап, балаға бала сияқты дамуына мүмкіндік беру қажет. Отбасында болатын қарама-қайшылықтарды, кикілжіңдерді шешуге осындай семинар-тренингтер арқылы барынша өз үлесімізді қосамыз,-деді психолог А. Тұрсынбаева.
Отбасы - жеке адамның ар-ұятын сақтауға, ақыл-ойын дамытуға, адамгершілікке тәрбиелеуге жол бастайтын алғашқы қадам. «Отан - отбасынан басталады» демекші отбасылық мәселелерге бей-жай қарамастан ұлттық құндылықтарды арттыру мәселесі төңірегінде С. Байзақова біраз мәліметтер келтірді.
– Қазіргі таңда Шымкент қаласы өз-өзіне қол жұмсау, зорлық-зомбылық бойынша алдыңғы қатардағы үштікке кіреміз. Ал Қазақстан бойынша 5 орында тұрамыз. Бұл статистиканы азайту мақсатында қоғамдық ұйымдардың қосқан үлесі көп. Семинар-тренингтер арқылы қоғамда орын алатын түрлі жағдайлармен жұмыс жасайтын мамандарды оқытып, тәжірбиесін дамытамыз. Жоспар бойынша Шымкент қаласынан 300 адамды оқытуымыз қажет. «Бақытты отбасы-бақытты жан» семинар-тренинг болғанымен оның астарында жатқан ата-ананың қарым-қатынасының балаға деген әсері, отбасында болатын зорлық-зомбылық тағы басқа да мәселелерді шешеміз,-деді «Шаңырақ» жастар мен жас отбасыларды қолдау орталығы қоғамдық бірлестігінің басшысы С. Байзақова.
Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта, кішкентай Отан. Отбасы – өте қажетті, басқадай еш нәрсемен өзгертуге болмайтын баспалдақ. Отбасының әрбір мүшесі өзара сөйлесіп, не болмаса ата-ананың, баланың міндетін атқаруға ғана емес, береке, бірлік, сүйіспеншілікпен араласса босағасы берік, шаңырағы биік отбасына айналары сөзсіз.
0 пікір