«ПАРАСАТ» САЯБАҒЫ ЖАҢҒЫРТУДАН ӨТТІ
«ПАРАСАТ» САЯБАҒЫ ЖАҢҒЫРТУДАН ӨТТІ
23.10.2025 15:18
13
0

Бүгін Түркістан қаласында толық жаңғыртудан өткен «Парасат» саябағы жұртшылыққа есігін ашты. Салтанатты шараға арнайы қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров көпшілікті құттықтап, жылы лебізін білдірді. 

 

– Алдымен, баршаңызды келе жатқан Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздегі ең ұлық мереке қарсаңында Түркістанда тағы бір қуанышты сәтте жолығып тұрмыз. Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заң қабылданды. Осы Заң аясында Түркістанға қолдау күшейтіліп, шаһардың туристік әлеуеті артуда. Соның айқын көрінісі – жаңарған «Парасат» саябағы. Аталған саябақты қайта реконструкциялау жұмыстары 2023 жылы басталып, бүгінде толық жаңартылып, ел игілігіне беріліп отыр. Жаңарған саябақ қала тұрғындары мен қонақтарына сапалы қызмет көрсете берсін! – деген облыс басшысы халыққа қолайлы орта жасау бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табатынын жеткізді. 

 

Нұралхан Оралбайұлы саябақтағы футбол алаңшасында жасөспірімдермен кездесіп, жас спортшыларға доптар табыстады. Саябақ аумағын аралап көрді. 

 

«Парасат» саябағын реконструкциялау жұмыстарын Түркістан қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің тапсырысымен «Өнім» ЖШС атқарды. Жалпы аумағы 14 гектарды қамтитын саябақта тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы демалысы үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда 2 мыңнан астам ағаш отырғызылып, заманауи жарықшамдар мен 100-ден астам орындық орнатылды. 7 мың шаршы метр аумаққа асфальт төселіп, балаларға арналған ойын алаңшалары, футбол, баскетбол және теннис алаңдары, веложолақтар мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдар, сондай-ақ, жазғы сахна мен демалыс аймақтары қарастырылған.  Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласып, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. 

 

#түркістан #туркестан #turkestan

0 пікір