Парламент депутаты Шымкентке іс-сапармен келді
Парламент депутаты Шымкентке іс-сапармен келді
27.08.2022 17:08
77
0

 Парламент мәжілісінің депутаты Азат Перуашев Шымкентке арнайы іс сапармен келді. Мәжілісмен әуелі педагог қауыммен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады.

Парламент құрамына «Ақ жол» партиясынан сайланған Азат Тұрлыбекұлы ұстаздармен емен жарқын әңгімелесті. Педагог қауымның бас ауыртар басты проблемасы – жалақының аздығы, техникалық мамандықтарға білім грандының аздығы жайында.Соның салдарынан білікті мамандар жұмыстан кетіп, ал қоғамға қажетті мамандықтар жабылудың аз-ақ алдында тұр
Еткен еңбек орасан. Университеттің оқытушы-профессор құрамы 100 мың теңге айлықты місе тұтып, кәсібіне адалдық танытып келеді. Тіпті, 50 мың теңгеге жұмыс істеп жүрген жас мамандар да бар. Бұл мәселе елдегі барлық жоғары оқу орындарының оқытушыларының ортақ проблемасы. Мәжілісмен шара барысында ұстаздардың айлығын көтеруді жоғарыға жеткізуге уәде берді.
Қазақстан байлығының тең жартысы бар-жоғы 162 адамның қолында. Мұны қаңтар оқиғасынан кейін Президент Тоқаевтың өзі мәлімдеген еді. Халық қалаулысымен болған кездесуде ұстаздар сол азаматтардан заңды түрде қайтарылған қаржыға елдің әлеуетін арттыратын жобаларды жүзеге асыруды ұсынды.
Мұнан соң Азат Перуашев пен «Ақ жол» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Әлімхан Әбжанов, партия атынан сайланған Шымкент қалалық мәслихат депутаттары Назипа Дарханбайқызы, Ноян Назарұлы, Жамалбек Асанұлы бастаған халық қалаулылары «Әлем-БТ» шұлық шығаратын зауытын аралап, өндіріс орнының жай-күйін өз көзімен көрді. Кәсіпорын қуаттылығы жылына 20 миллион жұп өнімді құрайды. Ерлер, әйелдер мен балаларға арналған 200-ден астам шұлық өнімдерінің ассортиментін шығарады. Іске қосылған сәттен бастап «Әлем БТ» отандық фабрика өнімдері қазақстандық тұтынушылардың сеніміне ие болды. Халық қалаулысы жалпы инвестиция құны 1 миллиард 800 миллион теңгені құрайтын «Әлем БТ» ЖШС қазақстандық шұлық-тоқыма зауытына оң бағасын берді.
Іс-сапар барысында «Алаш» базарындағы кәсіпкерлердің мұң-мұқтажын тыңдады. Олардың бірі жалға алу орнын қымбатсынса, енді бірі тауар бағасының шарықтап кеткеніне шағымданды. Базар сөрелерін аралау барысында тұрғындар билік өкілін танып, АзатТұрлыбекұлының сессияда көтеретін мәселелерін қолдап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Халық күнделікті сауда жасайтын осындай сауда орталықтарына жиі келіп, бағаларды өз бақылауына алуын ұсынды.
Жоспарлы кездесу бұдан соң ескі көліктерді элетромобильге айналдырумен айналысатын шымкенттік жігіттердің жұмысымен танысты. Құрылғанына бір жылдан асқан компания осы уақытқа дейін 7 көліктің моторын ауыстырған. Оның бірі бүгінде компанияның бет-бейнесі болып жүрген, яғни Beren customs бренді BMW z3 маркалы жеңіл көлік. Түннен таңға дейін қуатталған аккумулятор 200 шақырымға дейін жүреді екен. Ал пайдаланған электр энергиясына ай сайын 2-3 мың көлемінде төлейді. «Бір қуатталған аккумлятормен 3 күнге дейін жүруге болды. Мұнымен басқа көліктердегідей қозғалтқышты міндетті түр¬де төменгі айналымнан бастамай, бірден 5-ші жылдамдықтан бастап жүруге де болады. Бұл оған ешқандай күш түсірмейді. Мотор майының шығыны да өте аз. Жүргенде мүлде дыбысы білінбейді. Өте жеңіл, жайлы, көлікте отырғаның байқалмайды да. Сонымен бірге, барлық қауіпсіздік ережелері сақталған. Адам өміріне ешқандай қауіп жоқ», – дейді мамандар. Мемлекеттен қолдау болса, халыққа қолайлы әрі экологиялық таза көліктер шығару ісін жеделдетпек ниетті екендерін халық қалаулысына құлақ қағыс етті.
Халық қалаулысы бұдан кейінгі бағытын жұрттың жырына айналған бұрынғы «фосфоршылар мәдениет үйіне» бұрды. Тұрғындардың айтуынша, мұнда бір емес, бірнеше рет өрт оқиғасы тіркелген. Фосфоршылар сарайының 1983 жылы негізі қаланған. Сол уақыттарда маңызды мерекелер өтіп түрлі концерттер қойылатын. Жергілікті тұрғындар үшін мәдениет үйінің маңызы зор еді... Ал, қазіргі жағдайы... көңіл көтшітпейді.. Қабырғасы қақырап, іргесі сөгіліп тұр..Тұрғындардың тілеуі күрделі жөндеуден өтсе, ел игілігіне қайта берілсе – дейді. Кешқұрым бұл жер бүгінде нағыз жын-ойнақтың орталығына айналған. Есірткіге әуестер де, араққұмарлар да, қаңғыбастар да осы жерді паналауды әдетке айналдырған.Кезінде нағыз мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, халықтың қуанышына куә болған есіл ғимаратта бұзақылар білгенін істейді, дейді тұрғындар. Ең сорақысы, қызық қуған ойынбалаларының бәрі осы төңірекке әуес. Нысанның шатырына шығып, өз-өзіне қол жұмсамақ болғандардың да талайына куә болған.Ал, тәртіп сақшылары бұл жағдайлардың барлығына қанық болғанымен тек ескертуден әрі аса алмайтынын жеткізген тұрғындар перзенттерінің болашағына алаңдайды. Азат Тұрлыбекұлына ұзақ жылдар бойы жергілікті тұрғындарды мезі еткен осы мәселені шешіп беруін өтініп, үлкен сенім білдірді.
Азат Перуашев күн ұзақ талай жерді аралап, қордалаған мәселелерді жоғары билікке жеткізетінін айтты. Қала шеңберінде шешуге болатын жағдайларды Шымкенттегі сенімді өкілдеріне тапсырып, мәселелерді өз қадағалауына ұстайтынын жеткізді.

 

 

0 пікір