Президент Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есепті тыңдады
Президент Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есепті тыңдады
19.08.2025 16:19
18
0

Президент Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековпен кездесіп, мегаполистің 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне назар аударды.

Әкімнің айтуынша, биыл инвестиция көлемі 31%-ға өсіп, 360 млрд теңгеге жеткен. Өнеркәсіп өндірісінің құны 680 млрд теңгеден асты.

Қала құрылыс саласында да алға ілгерілеп, 517 мың шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Жұлдыз» және «Бозарық» индустриялық аймақтары іске қосылып, өндірістік әлеуетті арттыруға мүмкіндік жасалды.

Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 139 мыңнан асқан, ал осы салада 245 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Инфрақұрылымдық жобалардың қатарында жаңа әуежай терминалының құрылысы аяқталып, теміржол вокзалы қайта жаңғыртылды.

Әлеуметтік бағытта 12 жаңа мектеп пен Оқушылар сарайы ашылып, спорт инфрақұрылымы кеңейді: шағын футбол орталығы мен спорт кешені қолданысқа берілді.

Көлік жүйесінде оңтүстік айналма жолы мен екі ірі жолайрық пайдалануға тапсырылды. Қоғамдық қауіпсіздік үшін 2024 жылы 2 270 көше, ал 2025 жылы қосымша 2 743 көше жарықтандырылды.

Мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары нәтижесінде бірқатар маңызды нысандар қала игілігіне өтті. Оның ішінде Мұз сарайы, Орталық су спорты кешені, №2 қалалық емхана, «Қиял әлемі» технопаркі және «Кең баба» саябағы бар.

Президент кездесу соңында Шымкенттің экономикасын әртараптандыру, жаңа инвестициялар тарту, кәсіпкерлікті қолдау, әуежайға қосымша ұшу-қону жолағын салу, мектеп тапшылығын жою, тұрғын үймен қамту және жол инфрақұрылымын дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді.

0 пікір