ПРОБАЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ МАҢЫЗЫ МОЛ
ПРОБАЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ МАҢЫЗЫ МОЛ
15.05.2024 14:49
13
0

Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдерінің ішінде алғашқы болып пробацияның толық жүйесін қабылдаған - ел. Елімізде түзету мекемелерінен шыққандарға әлеуметтік-құқықтық көмек беру ісі жолға қойылған.Пробация – адамдардың қайта қылмыстық құқық бұзушылыққа бармауы үшін мінез-құлқын түзеуге бағытталған қызмет түрі мен бақылау және әлеуметтік-құқықтық сипаттағы шаралардың заңмен белгіленген жүйесі. Жалпы, біздің елімізде ең алғаш рет «пробация» ұғымы 2012 жылдың 15 ақпанындағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне пробация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында қолданылған. 

         Жалпылай айтсақ, бұл қызметтің мақсаты – шартты түрде бас бостанды­ғынан айырылған азаматтарға әлеу­меттік-құқықтық қызмет көрсету. Еліміздегі қылмыстық саясат тұжы­­рымда­ма­сының негізгі бағыттары­­ның бірі – істі болған жандарды бас бос­тандығынан айырмай жазаға тарту болса, пробация осы бағытқа дәл келеді. Жалпы, пробация сөзі, қазақшаға аударғанда «сынау, байқау» дегенді білдіреді екен. Яғни сынаудың негізі – адамның қылмыс жасағанына қара­мастан, оның түрмеге отырмауына мүмкіндік беру. Ол үшін қылмысқа барған адам сот міндеттеген шарттардың бәрін орындауы керек. Осылайша, байқаусызда сүрінген жандар болса, оларды түрмеге тықпай, қоғамға бейім­делуіне мүмкіндік беру. Ал пробация қызметі ондай жандарды бақылап қана қоймай, әлеуметтік мәселелері болса, шешуге ықпал жасайды.

         Елімізде түрмеден шыққандарға әлеуметтік-құқықтық көмек беру ісі жолға қойылған. Осы орайда айта кетейік, әлеуметтік-құқықтық көмек, ол – пробацияның есебінде тұрған адамдарды әлеуметтендіруге бағытталған жеке бағдарламалар негізінде іске асырылатын шаралар кешені. Осы жылдың басынан бері еліміздің барлық өңірінде пробация қызметінің есебінде тұрған елу мыңнан аса сотталған адам әлеуеметтік-құқықтық көмектер алған көрінеді.

         Әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудегі негізгі бағыттарға пробацияның есебінде тұрғандарды жұмысқа орналастыру, емдеу, білім алуына жәрдемдесу, құжаттарын қайта қалпына келтіру, психологиялық көмек беру және өзге де әлеуметтік-құқықтар жатады. Айта кетейік, пробация – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, есепте тұрғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бойынша мемлекеттік органдармен, азаматтармен, қоғамдық ұйымдармен және өзге де заңды тұлғалармен өзара әрекеттесе отырып атқарылатын қызмет түрі.

Азаматтардың қылмыстық сот төрелігіне түсуін азайту, қылмыстық жазалау шараларын азайту мақсатында қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес қылмыстық-құқықтық шараларды кеңінен қолдану үшін жағдайлар жасалған, жаңа Қылмыстық кодексте бірқатар санкциялар жеңілдетіліп, сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату уақыттары азайтылды. Пробация, ол – есепте тұрған адамдарға пробациялық бақылау және әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету түрінде жүзеге асырылады.

Осы орайда, Түркістан қаласында, пробациялық есепке алынған тұлғаларға кезекті жеке қабылдау жүргізілді. Түркістан қаласының прокуроры К.Нәрікбаев пробация қызметі есебінде тұратын сотталғандарды жеке қабылдады.
Прокурор есепке алынған тұлғалардың әлеуметтік жағдайларымен танысып, тұрақты жұмысқа орналастыру, әлеуметтік қамсыздандыру жағдайына аса көңіл бөлу қажеттігін және қайта қылмысқа барудың салдарын түсіндірді.
Жеке қабылдауда Түркістан қаласы әкімінің орынбасары, Түркістан қалалық мансап орталығы, қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі,  пробация қызметінің жауапты өкілдері қатысты.
Пробация, Мансап орталығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне және жауапты прокуратура қызметкерлеріне нақты тапсырмалар берілді.
         Айта кету керек, қалалық пробация қызметі жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, сотталғандардың қайта жаза басуына жол бермеу үшін нәтижелі жұмыс атқаруда.

0 пікір