ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ КӘСІПТІҢ КӨЗІН АШУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ
ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ КӘСІПТІҢ КӨЗІН АШУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ
02.07.2024 16:20
33
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында түрлі бағытта жобалар кешені әзірленген болатын. Бұрын ірі кәсіпкерліктің дамып, ал шағындар оның шаңына ілесе алмай қалғаны жиі айтылатын. Қазір олай деп шағынатын жөн де, жоба да жоқ. Өйткені кейінгі уақытта мемлекет шағын кәсіпкерліктің дамуына ден қойып отыр. Әсіресе қайтарымсыз гранттар біраз адамның кәсіп бастауына баспал­дақ болып келеді. Елімізде мемлекеттік қолдау аясында кәсібін дөңгелетіп отырған жандар қатары көбеюде. Биыл қайтарымсыз грант жобасы аясында әр кәсіпкерге бөлінген сома көлемі 1 млн 380 мың теңгені құрап отыр. Атаулы жоба жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттар аясында өтеді. Алайда биыл қайтарымсыз грантқа үміткерлер тізімінде жастар мен қатар 50 жасқа толған азаматтарда да қатысуға мүмкіндік алды.

Нарықтық заманда кәсіппен шұғыл­данудың ұтымды тұсы көп. Күнкөріс деңгейін жақсартудың бірден-бір жолы – қолынан келген істі табыс көзіне айналдыру. Бұл ретте, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттың кәсіп иесіне тигі­зер пайдасы зор. Мәселен, Төлеби ауданындағы Ақбастау елді мекенінің тұрғыны Ақмарал Есқұлова мемлекеттен 1 млн 380 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін ашқан. Ол қаржысына кәдесыйлар мен ойыншықтарды дайындайтын арнайы қалыптар, гипс, бояу және дайын өнімді орайтын қораптар сатып алған. Бүгінде кәсіпкер туған күн, тойбастар, тұсаукесер, бесікке салу, құдалық секілді қуанышты күндерге тапсырыс қабылдайды. Сонымен қатар, ол үйінің бір бөлмесін шағын шеберханаға айналдырған. Оған ұл-қыздары ойыншықтарды арнайы қалыпқа салып, бояуға көмектеседі. Алдағы уақытта тапсырыс саны артса, кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Айта кетсек, Төлеби ауданында былтыр ісін жаңадан бастаған жекелеген азаматтарға өз кәсібін ашуға 90 адам қайтарымсыз грант алған. Биылғы жылы да «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз гранттар берілуде. Айта кетейік, биыл Түркістан облысында жаңа бизнес жобаларды дамыту үшін 1 793 тұрғынға қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Ол үшін бюджеттен 2,3 млрд теңге қаралып отыр. Мемлекеттен қолдау тапқандар 400 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1 млн 400 мың теңгеге жуық қаржы алады. Биылдан бастап тұрғындар қайтарымсыз грантқа “Қазақстанның еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы” аясында ие болады. Бұл жобаға сәйкес, алдағы 6 жылда елде жұмыс орындарының санын 3,6 млн-ға дейін ұлғайту жоспарланған.
Сондай-ақ, былтыр облыста 1 688 азамат қайтарымсыз грант алса, олардың көбісі Түркістан қаласы мен Сарыағаш ауданының тұрғындары. Қайтарымсыз грант беру жобасы 2018 жылдан бері жалғасып келеді. Осы уақыт аралығында 26 мыңға жуық өңір тұрғынына қолдау көрсетілген.

0 пікір